Н.Назарбаев Стамбулда өткен XIII ИЫҰ елдері басшыларының Саммитіне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Н.Назарбаев Стамбулда өткен XIII ИЫҰ елдері басшыларының Саммитіне қатысты

17.04.2016
Н.Назарбаев Стамбулда өткен XIII ИЫҰ елдері басшыларының Саммитіне қатысты
Анадолыға сапары кезінде Нұрсұлтан Назарбаев Түрік Президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен кездесті.

Өткен аптада Президенттің жұмыс кестесі өте тығыз болды. Иран Ислам Республикасы мен бауырлас Түркия және Өзбекстан елдеріне сапарлады. Екіжақты кездесулер өткізіп, халықаралық жиындарға қатысты. Мұсылман мемлекеттері терроризмге қарсы тізе қосады. Әйтпесе, жаһандық қасіретке айналған қауіптің алдын алу екіталай.

Стамбулда өткен Ислам ынтымақтастық ұйымы саммитінде Нұрсұлтан Назарбаев «Мұсылман елдері терроризммен күресте күш біріктіруі тиіс»,-деп бастама көтерді. 57 мемлекеттің басшысы қатысқан саммитте бұл ұсыныс қолдау тапты.

Бейбітшілікті мақсат еткен Қазақстан сонымен қатар, Таяу Шығыс, Африка һәм Азиядағы әскери-саяси қақтығыстардың бейбіт жолмен шешілуін қалайды. Жаңа технологиялар мен озық ғылымсыз күніміз қараң екенін еске салған Мемлекет басшысы келер жылғы саммитті «ғылым мен технология» тақырыбына арнауды да ұсынды. Саммиттің 2025 жылға дейінгі стратегиялық қорытынды құжатына Қазақ көшбасшысының ұсыныстары толық енді.

Анадолыға сапары кезінде Нұрсұлтан Назарбаев Түрік Президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен де кездесті. Бауырлас ел басшылары арадағы байланыстың бүгінгі ахуалын сөз етіп, жаһандық қауіпсіздік мәселелері бойынша да пікір алмасты.

Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына енуі көлік-логистикалық әлеуетімізді арттыратынын атап өткен Президент Анадолы холдингтерін Арқа төсіне кәсіп жасауға шақырып, қолдау көрсететінін айтты.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түрік еліне сапары ресми шарадан басталды. Президенттер екіжақты кездесу өткізіп, бауырлас мемлекеттер арасындағы байланыстың бүгінгі ахуалын талқылады.

Қазақ лидері Астана мен Анкара арасын жақындата түсу үшін жаңа бастамалар көтеру керектігін айтты. Тараптар күн тәртібіндегі өзекті мәселе терроризмге қарсы күрес тақырыбы аясында пікір алмасты.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Реджеп Тайып Ердоғанның мұсылман әлеміне жариялаған декларациясы осы сөзді қуаттай түскені хақ. 8 тараудан тұратын құжаттың мазмұны бейбіт өмір мен бақуатты тірлік деген ұғымдарға келіп саяды.

Ал, кез келген шиеленістер тек диалог, келіссөз арқылы шешілуі тиіс. Бұл орайда, Реджеп Тайып Ердоған «бейбіт өмірдің бесігінде тербелген Қазақ елінің бірлігін күллі адамзатқа үлгі етті».

Бұдан кейін, Елбасы Босфор бұғазының жағасында Ислам ынтымақтастық ұйымының бас хатшысымен кездесті. Ияд Мадани Нұрсұлтан Назарбаевтың ислам өркениетіне қосқан үлесін ерекше бағалады. Ол бұл жолы да Қазақ Көшбасшысынан ислам әлеміне рухани серпіліс беретін ұтымды ұсыныстар күтіп отырғанын жеткізді.

Әңгімеге исламофобия, терроризммен күрес тақырыбы арқау болды. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Тегеранға сапары кезінде, Иран мен Сауд Арабиясын жақындатуға шақырғанын айтты. Ал, Ияд Мадани Қазақ Президентінің «Бірліксіз, тірлік те болмайды», деген ойын қуаттады.

Осы жерде Президент Түркияның бизнес көшбасшыларымен кездесті. Елбасы елдегі инвестициялық климаттың жай-жапсарын баяндады. Қазір Қазақстанда екі елдің қаржысына салынған 1600-ден астам компания бар. Олар, негізінен, құрылыс, ауыл шаруашылығы, металлургия, білім беру мен сауда-саттық салаларында қызмет етеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Түрік капиталының қатысуымен көп кәсіп жұмыс істейді. 15 мың адам Қазақстанда тұрып жатыр. Сауда айналымы 2 миллиард доллардан асып отыр. Ердоған мырзамен келісім бойынша бұл көрсеткішті 10 миллиардқа жеткізуіміз керек.

Түбі бір түрік бауырларды Қазақ Үкіметі қашан да қолдайды. Бүгінгі Қазақстанның бағытын айқындайтын 5 реформа шетелдік инвесторлардың алаңсыз жұмыс істеуіне кепіл.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ел ішінде 7 мың шақырым жоғары санатты жол салынады. Ғасыр жобасына Ататүрік елінің құрылысшылары да атсалысуы тиіс, деді Президент.

Жалпы, Түрік экономикасы екпіні жағынан әлемде алғашқы 20-қа енсе, Еуропада алдыңғы ондықтан ойып тұрып орын алған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан өзіне қажетті дәрі-дәрмектің 70-80 пайызын сырттан әкеледі. Сондықтан, фармацевтикалық өнімдер елімізде шығарылатын болса, бұл үлкен пайда.

Халықтың жағдайының көтерілуіне, медициналық жұмыстың жақсаруына байланысты қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 10 жыл ішінде 64 жастан 72 жасқа дейін ұзарды. Бұл өте үлкен көрсеткіш біз үшін.


Мемлекет басшысы басқосуда көтерілген барлық мәселелерді қағазға түртіп алды. Демек, бұл жазбаның әрбір әрпі Президенттің қатаң қадағалауында. Елбасы соңғы сөзінде, «дәл қазір Қазақстанда бизнес бастауға ең қолайлы кез»,-деді.

Президент бастап, Қазақстан Үкіметі қостап, түбі бір Түрік бауырларға барлық жағдайды жасаған, жасайды, жасай да бермек.

Ахмет Будан, «SINE MIDAS STROY JV» ЖШС бас директоры:

Қазақстанда 15 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Жыл өткен сайын, Қазақстандағы инвестициялық климат жақсарып келеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында біз шетелдік инвесторлар сіздің елге көптеп тартыла бастадық. Өйткені, біз қаражатымыздың сенімді жерге кетіп жатқанын білеміз. Мен үшін салықтың жеңілдегені өте үлкен көмек болды.

Зеки Пилге, «Turkuaz» компаниясының құрметті президенті:
«Иылдырым молдинг» компаниясы дүниенің ең үлкен компаниясы. Қазір Қазақстанда 400 миллион доллардан артық инвестициясы бар. Соны екі есе көтеруге дайын деп Елбасына сөз бердік.

Хали Улуер, «Uluer Group» корпорациясының құрылтайшысы:
Қазақстанда кез келген салаға инвестиция құюға болады. Ол жаққа барған кәсіпкер қаржысын жоғалтып аламын, деп уайымдамайды. Нұрсұлтан Назарбаевтың түрік бауырларға деген көмегінің арқасында, бұл елде табысты бизнес жасауға мүмкіндік мол.

«Ендігісі елге келем, қаржы құям» деп тұрған инвестордың игі ойына қолдау көрсету. Бұл біздің шенеуніктерге сын.

Абылай Мырзахметов, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы:
Кеше бизнес форум өтті. Нәтижесінде 500 миллионнан артық келісімшартқа қол қойылды.


Жансейіт Түймебаев, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі:

Жалпы жобасы 60 келісім дайындалды. 2 миллиард доллардың шамасында. Іргетасы деп айтуға болады.


Ерлан Қайыров, Инвестициялар және даму министрлігінің комитет төрағасы:
Түрік компаниялары жаңа өндіріс ашуға ниетті. Бұдан бұрын да жұмыс істеп келе жатқан компаниялар елдегі қолайлы инвестициялық климатты атап өтті. Азық-түлік, фармацевтика, ауыл шаруашылығы салалары түркиялық кәсіпкерлерге өте қызықты.

Бұдан соң Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ елінің досы, Түркияның экс-президенті Абдулла Гүлмен кездесті. Елбасы ескі досын ыстық ықыласпен қарсы алып, емен-жарқын әңгімелесті.

Сапардың екінші күні саммитпен жалғасты. Былайғы жұрт ислам ынтымақтастық ұйымының бұл жиналысын мұсылман елдерінің «Давосы» атап кеткен. Саммит қонақтарының арасында президенттер мен премьер-министрлер, бұрынғы мемлекет басшылары, министрлер мен салмақты сарапшылар бар.

Ғабит Бөкенбай, тілші:

Қазіргі әлем халқының 22 пайызы ислам елдерінде тұрады. Яғни, жер-жаһанда 1,5 миллиард мұсылман бар. Ал, олардың басын қосатын осы Ислам ынтымақтастық ұйымына 57 мемлекет мүше.

Бірақ, бәрінің жағдайы біркелкі деуге келмейді. Себебі, ислам елдерінің даму барысы ала-құла. Олардың арасында үлкен ондыққа кіретін бір де елдің болмауы да ислам елдерінің әлеуетінен хабар берсе керек. Дей тұрғанмен, бұл ислам елдерінің экономикалық ынтымақтастығында ырыс жоқ деген сөз емес.


Басқосудың басты мақсаты – ислам елдерінің экономикалық және геосаяси ахуалы төңірегінде пікір алмасу. Барша мұсылманның игілігіне қызмет ететін тың идеялар түзу. Жаһандық қауіп-қатерге бірлесе қарсы тұру.

Бұдан кейінгі жиын жабық есік жағдайында өтті. Әлемдік аренда әлеуеті мықты, сарабдал саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев терроризмге қарсы жаһандық желі құру туралы идеясын мұсылман елдері қолдады. Өйткені, ұйымға мүше 15 мемлекет террордан теперіш көріп отыр.

Осыны айтқан Елбасы тек террорға қарсы іс-қимыл тақырыбын талғажау ететін жеке форум өткізуді ұсынды. Ал, Астанада азық-түлік қауіпсіздігі жөнінде ислам ұйымын құру туралы бастама аяқсыз қалмайды. Ислам әлемі Қазақстанның Сирия дағдарысын реттеуге қосқан үлесін жоғары бағалады.

Бакер Абдулла «Alarabiya News» арнасының тілшісі:
БАҚ өкілі ретінде бұл саммиттің біз үшін маңызы зор. Жиын күрделі кезеңде өтіп жатыр. Мұсылман мемлекеттері түрлі қауіп-қатерлерге тап болды. Мемлекеттер көшбасшылары ислам әлемін бірлік пен ынтымаққа үндеп, бұл мәселелердің бейбіт жолмен шешу жолдарын табады деп сенемін. Әсіресе, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы мұсылман елдері арасындағы қарым-қатынасты арттыруға сүбелі үлес қосары сөзсіз.

Жалпы, делегаттарды айтпағанда, шараны шартарапқа тарату үшін келген тілшілер санының өзі 700-ден асады. Түрі мен тілі бөлек болғанымен бәрінің тілегі, ниеті бір. Ол мұсылман елдеріндегі бейбіт өмір, бақуатты тірлік.

Ғабит БӨКЕНБАЙ
Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу