Ұлт жоспарына сай жақында үлкен корпорация құрылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлт жоспарына сай жақында үлкен корпорация құрылады

03.04.2016
Ұлт жоспарына сай жақында үлкен корпорация құрылады
Ол мемлекет көрсететін 730 қызметтің 520-ын халыққа жалғыз терезе қағидасымен ұсынады.

Ұлт жоспарына сай жақында үлкен корпорация құрылады. Ол мемлекет көрсететін 730 қызметтің 520-ын халыққа жалғыз терезе қағидасымен ұсынады. Ұлт жоспарының бірінші және бесінші саласы билік пен бұқараның арасында ашық әрі жариялы қарым-қатынас орнатып, азаматтық қоғамды нығайтуды көздейді.

Биыл жыл басынан іске аса бастаған бес институционалдық реформаның ең бірінші бағыты - мемлекеттік қызметті жаңа деңгейге көтеру, яғни кәсіби мемлекеттік аппарат құру.

15 қадамнан тұратын бұл реформа арқылы қызметке қабылдаудағы кемшіліктер жойылып, қызмет сатысымен мансаптық өсу міндеттеледі, жалақы төлеу жүйесі реттеледі. Сыбайластықпен, парақорлық, жемқорлықпен күрес ширайды.

Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру үшін былтыр «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң қабылданды. Заң талабына сай Ұлт жоспарындағы 15 қадамның 10-ы жүзеге асырылды.

Соның бірі - командалық басқару жүйесі жойылды. Яғни, басшы ауысса, бұрынғыдай қосшылары да түгел ауыспайды. Жаңа реформа бойынша қызметте өсу тек төменгі лауазымнан басталады.

Талғат Донақов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрі:
Мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталады. Еңбек жолының төмен сатылардан басталуы лауазымды тұлғаның қандай қиындықта да оңтайлы шешім қабылдап, тығырықтан шыға алуына, ұжымды ұйыта білуіне негіз қалайды.

Жыл басынан бері, елімізде 123 төменгі лауазымдарға конкурс жарияланған. Оның 39-ы аймақтарда. Конкурстар нәтижелері бойынша 27 лауазым иесі орталықта, ал 10 қызметкер – аймақтық деңгейде тағайындалған. Мемлекеттік қызметке тұру үшін міндетті түрде сынақ мерзімі белгіленеді. Қазір Қазақстанда 518 мемлекеттік қызметкерлер сынақ мерзімінен өтіп жүр.

Келер жылдан бастап мемлекеттік қызметтегілерге еңбекақы төлеудің жаңа тәсілі енеді. Шенеунік жалақыны санатына, беделіне қарай алмайды, атқарған жұмысының нәтижесіне қарай алады. Сонымен бірге қызметкер білімі мен біліктілігін жетілдіріп, үш жылда бір арнайы курстардан өтуі тиіс.

Талғат Донақов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрі:

2016 жылы елімізде 13512 мемлекеттік қызметкер біліктілігін арттыруы тиіс, олардың ішінде 2381 қазірдің өзінде оқытудан өтіп үлгерді. Аймақтарда 1191 мемлекеттік қызметкер оқытудан өткен болса, тағы 6648 адам жыл аяғына дейін оқытылуы тиіс.

Оқыту үдерісін әрі қарай жүйелендіру мақсатында аймақтық оқыту орталықтары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалдарына айналатын болады.


Шетелдік қызметкерлерді мемлекеттік органдарға тартудың ережесі бар. Оған сай шетелдік қызметкерлердің лауазымдарын кадрлық саясат жөніндегі өкілетті комиссия бекітеді.

Дариға Назарбаева, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Мемлекеттік аппаратта қажетті маман болмаған жағдайда, жалпы конкурс арқылы шетелдік маманды жұмысқа қабылдай алады. Жыл басынан бері республика бойынша жергілікті атқарушы органдар квазимемлекеттік және жекеменшік сектордан 7 маманды жұмысқа қабылдаған.


Есеп беретін мемлекет - елмен етене араласуды мақсат еткен. Ол үшін ең алдымен, мемлекеттік қызметтің барлық түрі нақты нәтижеге бағытталады. Нәтиже жоқ па, төккен терің зая кетті дей бер.

Осыған орай мемлекеттік жоспарлау жүйесі толығымен ықшамдалады. Саны бар, сапасы жоқ стратегиялық жоспарлардың жобасы өзгереді. Мемлекеттік қызметтің бірін-бірі қайталайтын функциялары түгел жойылады. Ал, азаматтардың мемлекеттік органдар мен монополиялық нысандарын қажетті ақпарат алуы - мейлінше жедел жүзеге асуы тиіс.

Асқар Бейсенбаев, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары:

Қазір мемлекеттік аппараттың жұмысын ашық көресетін 4 портал бар. Олар «Ашық мәліметтер», «Ашық үкіметтік емес ұйымдар», «Ашық бюджет» және «Ашық диалог» деп аталады. Кешікпей тағы бір портал іске қосылады. Бұл халықтың мемлекеттік органдардың басшыларына онлайн режимінде тікелей жүгінуге мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызмет қашанда ашық болуы шарт. Қазір барлық деңгейдегі әкімдер халыққа есеп береді. Парламенттің жиналыстары онлайн тәртіппен таратылады. Әрі Ұлттық университеттердің ректорлары да халық алдында есеп беруге міндеттеледі. Және мемлекеттік органдарда жүргізілетін аудитқа тың тәсілдер енгізіледі.

Жергілікті өзін өзі басқаруды дамытуда Үкімет мемлекетке тән емес кейбір қызмет түрлерін бәсекелес ортаға береді. Оған азаматтардың белсенді түрде қатысып, қабылданатын шешімдерге халықтың тікелей ықпал етуін қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, келешекте селолық округ, ауыл, кент, аудандық маңыздағы қалалардың өз бюджеттері жасақталады. Ол үшін аталған елді мекендердегі халықтан жиналатын 6 түрлі салықтың түсімдері түгел сол ауылға беріледі.

Әрі осы қаржының қайда, қалай жұмсалғанын ауылдық жерлерде жасақталатын арнайы жиналыс халыққа ашық жеткізіп есеп береді.

Асқар Бейсенбаев, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары:
Ауыл әкімдіктері өздеріне қарасты коммуналдық мекемелерді жалға беруден түсетін қаржыны және түрлі айыппұлдар мен жарнамадан түсетін қаржыны да өздерінің бюджетін жасақтауға жұмсайды. Оның игеріліуін аудандық әкімдіктермен бірге жергілікті жерлерде жасақталатын жиналыстар бақылайды.

Дариға Назарбаева, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Жергілікті өзін-өзі басқару үшін маман даярлауға жіті көңіл бөлінеді. Себебі олардың өз бюджеті жасақталатындықтан, есеп-қисапқа жүйрік мамандар керек. Біз ауылдық әкімдіктерге мұндай мамандарды дайындаудың үш сатысын түзіп, Мемлекеттік қызмет академиясымен тығыз жұмыс істейміз.

Жер қатынастарын реттеу, жылжымайтын мүлікті тіркеу, зейнетақы төлеу және халыққа қызмет көрсету орталықтары қосылып, бір корпорацияға айналады. Мемлекет қазір халыққа көрсетіп отырған 730 қызметтің 520-сын осы корпорацияға береді.

Демек, қарапайым халық осыншама қызметті бір терезе қағидасы бойынша бір жерден алады. Ол үшін елдегі халыққа қызмет көрсететін 230 мекеменің саны екі есе артып, 496-ға жетеді.

Сонымен бірге, орталықтағы мекемелер мен жергілікті әкімшіліктердің жанынан қоғамдық кеңестер құрылады. Олар мемлекеттік мекемелердің жұмысын бағалап қана қоймай, қызмет сапасын арттыруға тікелей атсалысады.

Асқар Бейсенбаев, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары:
Қоғамдық кеңестер мемлекет қабылдайтын шешімдердің жариялылығын, ашықтығын арттыратын кеңесші, бақылаушы органға айналады. Ол мемлекеттік қызметкерлер мен қарапайым азаматтардан жасалады. Осылайша, қарапайым азаматтар елде жүріп жатқан істерге өз ықпалын тигізіп, өзекті мәселелерді көтеруге мүмкіндік алады.

Халық үшін құрылатын корпорация аптасына алты күн, түскі үзіліссіз жұмыс істейді. Оның сапасы халықаралық ИСО-9000 сертификатына сай болмақ. Ұлт жоспары – «100 нақты қадамда» көрсетілген ел алдында есеп беретін мекмлекетті құрудың тоқетері міне осылай 10 қадамға топтастырылған. Қазір осы бағыттардың барлығын жүзеге асырудың дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әрі оның заңнамалық негізі түгел түзілген.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу