Наурыз – ақ пейіл мен татулықтың мейрамы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Наурыз – ақ пейіл мен татулықтың мейрамы

13.03.2016
Наурыз – ақ пейіл мен татулықтың мейрамы
Наурыз мейрамы мемлекеттік мереке ретінде үш күн тойланады.

Енді тура тоғыз тәуліктен кейін Күн мен Түн теңеліп, елімізге Наурыз келеді. Тарихы тереңге бойлаған әз-Наурыз – ежелден бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі.

Наурыз - жаңарудың, махаббаттың, ақ пейіл мен татулықтың мерекесі. Ол - өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең. Наурыз мейрамы мемлекеттік мереке ретінде үш күн тойланады.

Бұл Тәуелсіздіктің жемісі әрі дәл осы Тәуелсіздікті алғаннан бері әр көктем өзінің жаңалығымен, ұмыт қалған дәстүрді жаңғыртуымен ерекшеленіп келеді.

Сөйтіп, Наурыз жалпыхалықтық мерекелік сипатқа ие бола бастады. Наурыз - кеше, бүгін, ертең.

Егеухан Мұхамәдиқызы, ақын:

Жыл басы теңелгені күн мен түннің,
Мұсылман қадыр тұтқан ұлылығын.
Парсыда Омар Хайям ақын, ғалым,
Жасаған күнтізбесін жыл, ай, күннің.

Жібіген Самарқанның көк тасы да,
Ашылған Пәйтолланың қақпасы да.
Ұлыстың ұлы күні құт мереке,
Халқымыз қастерлеумен күтті асыға.


Ақеділ Тойшанұлы, Халықаралық түркі академиясының сарапшысы:

Наурыз өте бір ежелден келе жатқан мейрам, күн мен түн теңескен, табиғат ана толғатқан, яғни ғалам жаралған күн. Түркі халықтары тойлау үшін осы наурыз ұлыстың ұлы күнін өткізетін болған. Табиғат-Анамыз туған күн, яғни бүкіл әлем туған күн. Табиғаттың өмірге келген күні Жыл басы деп тойлаған.

Ақан Оңғарұлы, ҚР Ұлттық музейі, «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты басшысы:

Наурызды жалпыхалықтық, қазақтың төл мерекесі деп айтуға толық негіз бар. Ол парсылық та, еш сырттан келген мереке емес. Оған дәлел ретінде мен сізге наурыз кезіндегі от жағу мысалы, Батыс Қазақстандағы Отпан таудың басында от жағу Амал мерекесін бастайды ғой, сосын қазан көтеру мерекесі барлығы қола дәуірінен басталды.

Серік Ерғали, мәдениеттанушы:

Қазақ күн мен түннің теңелуін күтіп отырмаған 22-не. Шынтуайтына келгенде, 14 наурыз Күн өзінің орбитасымен айналып келе жатып, 12 шоқжұлдыздың тоқты шоқжұлдызына келгенде, соның Амал деген жұлдызына жақындап беттесетін болған. Былай айтқанда көріседі, қауышады екеуі. Міне, осы күннен көрісу басталады.

Ақан Оңғарұлы, ҚР Ұлттық музейі, «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты басшысы:

Қазақтың салтында наурыздың бірінші күні хандар шүлен таратып, үлкен ас берсе, одан кейін халық әр ауыл-ауыл болып үлкен қазан көтерген. Қазанның өзі тайқазан, нар қазан деп бөлінген. Бұл қазан көтеру деген бірліктің, тұтастықтың белгісі.

Соған қосымша бұл қоғамдағы әлеуметтік қатынастарды реттеу мерекесі. Ауыл мен ауыл арасы жыл көрмеген жылдан есен шыққан халықтың барлығы келіп, бір-бірімен көрісіп, бірлікке, татулыққа шақырған. Халықты ұйыстыратын да мереке болып саналады.


Егеухан Мұхамәдиқызы, ақын:

Наурыз айының 21-і күні ұзақ келеді. Құстың ішінен алдымен ұзақ келеді. Ал сол 21-і күні түнде Қызыр аралайды екен. Ол мына таза жерге, таза көңілге, таза жүрекке осыған жақын болады деп есептейді. Сондықтан, адам біткен өкпе-реніштің бәрін кешеді. Кешу керек кекті, кешеді кекті текті дейді.

Ақеділ Тойшанұлы, Халықаралық түркі академиясының сарапшысы:

Наурызды қалай қалыптастырамыз қазір? Бұл наурыз халықтық мереке, әрине. Халықтың өзі Кеңес одағы жылдарында да ұмытпай тойлап келген. Тәуелсіздіктен кейін жаңғырды.

Тәуелсіздіктің жаршысы сияқты болып тұр бұл - Наурыз. Біз наурыздың нар палуанын неге сынатпаймыз? Неге Наурызға арналған халықаралық айтыс өткізбейміз? Көкпар, ұлттық ойындар осы наурыз кезінде наурыз құрметіне ойналуы керек.

Ұлттық өнімдер осы наурызда сыннан өткендей болып, жүлде тағайындау керек. Ұлттық өнімнен табыс шығарғандарға марапат жасап мысалы. Сөйтіп, мерекенің мәнін қыздырып, сәнін келтіре беру керек.


Егеухан Мұхамәдиқызы, ақын:
Мына жастарға үлгі болу керек. Қазір міне, жаһандану келе жатыр. Жаһандану заманында ана ұлт бар, мына ұлт бар, біріккен, араласқан, сапырылысқан дүние ғой, қазіргі өміріміз.

Бұрынғыдай тұнық қазақ жеке отырған жоқ, әр қазақтың жүрегінде салт-дәстүр болуы керек. Мәңгілік еліміздің салт-дәстүрі сақталуы керек.


Серік Ерғали, мәдениеттанушы:
Кез келген мерекенің үш ұстанымы бар. Ол - дәм, бояу, үн. Наурызда бәрі бар. Бояу - құрақ көрпе, дәміміз - наурыз көже, үніміз - жетіген. Осы үшеуін атрибут ретінде қалпына келтіріп, таңды қарсы алып, жетігенмен күй тартып, көшелерді безендіріп, наурыз көжені көшеде ішпей әркім өз үйінде ішсе нұр үстіне нұр. Киіз үй наурыздың атрибуты болмауы керек. Ол қазақтың қасиетті шаңырағы.

Егеухан Мұхамәдиқызы, ақын:
Жайылып Наурыз тойы дастарханы,
Жал-жая асып, қартқа бас тартады.
Әз әже тайқазанмен көже жасап,
Тәмсіл қып көпке жеткен асты айтады.

Балалар әумин деп бата тілеп,
Айтылып қасиетті бата-тілек.
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Ел мәйегі арылмасын, Құдайым жарылқасын!
Ел бірлігі нығайсын, ырыс үдеп!


Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу