Президент қабылдауында болған арулар туралы үзік сырлар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент қабылдауында болған арулар туралы үзік сырлар

06.03.2016
Президент қабылдауында болған арулар туралы үзік сырлар
Ақ жаулықты аналарға, ақ некелі жарларымыз бен қарлығаш пейіл қарындастарға құрметіміз алабөтен. Тереңдеп қарасаңыз қазақ тарихында ақыл-парасатымен ел басқарып, қайсарлығымен жау тойтарған, ақындығымен дүйім жұртты аузына қаратқан аналарымыз аз болмаған. Қазақ елінің бүгінгі дамуын да өмірде нәзік, көңілде биік, істе мығым қыз-келіншектерсіз елестету мүмкін емес.

Перизат Оралбаева - Шығыс Қазақстан облысындағы Жарма ауданы, Үшбиік ауылдық округінің әкімі. Еліміздегі ең жас басшылардың бірі. 1985 жылы Аягөз ауданында туған. Мамандығы жер ресурстарын басқару және жерді үйлестіру инженері. Жас әкім бүгінде іскерлік қабілеті мен ерік-жігерін туған өлкесін көркейтуге арнаған. Үш елді-мекеннен тұратын Үшбиікте мал басын асылдандырып, өсіретін 56 шаруа қожалығы, 12 шағын кәсіпкерлік, наубайхана, аурухана мен мектеп, мешіт пен монша жұмыс істеп тұр.

Төлеубек Жұмабекұлы – «Үшбиік» ауылдық округінің тұрғыны:
Перизат Оралбаеваның арқасында көп шаруа басталып, тындырылды. Үлкен кітапханамыз бар еді. Кітаптар әр жерде шашылып жатқан. Сол іске асты. Көзін тапты. Орнын тапты.

Перизат Оралбаева әлі де «Үшбиікті» республикамыздың алдыңғы қатарлы ауылдары қатарынан көргісі келеді. Округтің өзекті мәселелерін ақсақалдар, жастар және аналар кеңесімен ақылдаса отырып, шешуді құп көреді. Тұрғындар Перизат әкім болғалы ауылдың ажары кірді дейді.
Бүгінде Жазира Жаппарқұлды білмейтін жан кемде-кем. Ол – ауыр атлетикадан Әлем чемпионатында күміс алған тұңғыш Қазақ қызы. Жазира Жаппарқұл 2011 жылы Гватемаланың Антигуа қаласында өткен жұмыр жердің кіл мықтылары бас қосқан дүниежүзілік додада 69 келі салмақта Әлем чемпиона атанды. Жастар арасындағы Әлем чемпионатындағы бұл алтын жүлде – Қазақ спортының теңдессіз жетістігі деп бағаланған.

Жазира Жаппарқұл, зілтемірші Әлем чемпионатының күміс жүлдегері:
Жеңіске жеткеннен кейін ерекше сезімде боламыз. Ондай сезімдерді айтып жеткізу қиын. Қазақстанның әр азаматы Қазақстан туын көтеруге күш салысу керек.

Бүгінде Жазира Қазақстанның халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Жарыс сайын өзінің жеке рекордтарына түзету енгізгісі келетін батыр қыздың басты көзірі - серпе көтеру.

Жазира Жаппарқұл, зілтемірші, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері:
Осы жылы Рио Олимпиадасы бар. Дайындығымыз жақсы жүріп жатыр.

Терең де тұнық жыр иесі – Әлия Дәулетбаева поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың ізбасары. Ол Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты. Әлия Дәулетбаеваның «Сол бір сәуле» атты жыр жинағы - Қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленетін туындылардың бірі.

Қазір ақын Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында сектор меңгерушісі болып қызмет атқарады. Төрт баланың анасы. Асыл жар, аяулы ана, ақберен ақын Әлия Дәулетбаева өмірде өз орнын тапқан жан.

Отбасының ұйытқысы болуымен қатар, түрлі салада қажырлы еңбек етіп жүрген қыз-келіншектердің бүгінгі келбеті осындай. Оларға деген қоғамның құрметі қашанда ерекше.

Гауһар ТӨЛЕКБАЙ

Хабарламаларға жазылу