Астанаға Мысыр Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сиси келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанаға Мысыр Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сиси келді

28.02.2016
Астанаға Мысыр Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сиси келді
Әбдел Фаттах Ас-Сиси мешін жылы Астанаға сапарлаған тұңғыш президент.

Осы аптада Астанаға Мысыр Араб Республикасының Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сиси келді. Бұл - ресми сапар. Біз Мысыр елінің ішкі тұрақтылығы берік, экономикасы қуатты мемлекет болуына тілектеспіз, – деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев бір сөздің реті келгенде.
Бұдан нені аңғаруға болады? Бұдан соңғы бірнеше жыл бірнеше төңкерісті өткерген, бірнеше қақтығысты өткерген жұрттың әлі де толық оңалып кетпегенін аңғаруға болады.

Дегенмен, Мысыр жұрты секілді ежелгі жұрттың, тарихта талай талқыны өткерген жұрттың бір демде қалжырап, қожырап қалмасы анық. Тарихты парақтай отырып, парықтасаң, аңғаратын ақиқат кейбір жұрт көп бола тұра озбайды, кейбір жұрт аз бола тұра тозбайды. Бұл ретте көбіне көп география факторы негізгі мәнге ие.

Мысыр – Азия, Африка һәм Еуропа түйіскен жер. Жаһандағы жеті кереметтің бірі – пирамидалар мекені. Уақыт озса да пирамидалар тозбайды деген нақыл бар. Бұл өзі - қаланған ба, құйылған ба, қашалған ба деп әлем ғалымдары әлі бас қатырып жүрген кереметті бірнеше жыл бұрын өз көзімізбен көрген де болатынбыз.

Бірақ, бізге пирамидадан көрі туристерден түйесіне бір мінуді өтініп, түймесін, түйреуішін, тас моншағын тықпалап жел қағып, күн қақтаған күрең жүздер молырақ әсер еткен. Бір кезеңде тұтас араб әлеміне аға есепті мемлекеттің ісі кері кетіп тұрғанын аңғару қиын емес еді. Кейін сол жұрттың талабы күшейді, сол күшейген талап төңкеріске ұласты. Қош.

Мысыр мен Қазақстан сауда-экономика, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, инфрақұрылым және көлік-логистика салаларында ынтымаққа мүдделі. Каир мен Астана арасында тікелей әуе рейсі ашылып қалуы да ғажап емес.

«Қазақстан Мысыр халқын жақын бауыр санайды». Әбдель Фаттах Ас-Сисиді Ақ ордада қабылдаған Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Тараптардың халықаралық саяси аренадағы ұстанымдары ұқсас.

Ас-Сиси мешін жылы Астанаға сапарлаған тұңғыш президент. Құрметті мейман қантөгістер мен революция тұсында баяулап қалған Қазақ-Мысыр қатынасына қан жүгіртуге келген.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің Тәуелсіздігімізді 1991 жылы Араб елдерінің ішінен Мысыр бірінші болып мойындады. Жақын қатынас орнату үшін көп әрекет жасадым. Сіздің елге сапарлар жасадым.

Біздің елдердің арасы қашық болар, дегенмен мүмкіншіліктер мол. Сіз Мысырға аса қиын кезде келдіңіз. Соған қарамастан, саналы саясат жүргіздіңіз. Сол үшін біз қуанамыз.


Әбдель Фаттах Ас-Сиси, Мысыр Араб Республикасының Президенті:
Жоғары мәртебелі Президент мырза, мен Сізді көргеніме өте қуаныштымын. Маған жолдаған шақыруыңызды үлкен ризашылықпен қабыл алып, сапарлап келіп отырмын.

Өзіңіз білетіндей, Египет басшылығы және Египет халқы Қазақстанмен ынтымақтастықты өте жоғары бағалайды. Қиын-қыстау кезеңде Қазақстанның Мысырға көрсеткен қолдауын ұмытпаймыз.

Бүгінгі сапарымыздың мақсаты – барлық салалар бойынша екі ел арасындағы байланысты, ынтымақтастықты одан әрі дамыту. Мен соған үміттенемін.


Қос Президент шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесуден соң журналистер алдына шығып бірлескен мәлімдеме жасады. Қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мысырлық әріптесіне деген құрметін араб тілінде айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ең алдымен, Мысыр Араб елінің Президентіне шақыруымды қабыл алып келгеніне алғыс айтамын. Біз Мысырды жақын бауыр санаймыз. Сондықтан, Сіз өз еліме келдім деп есептеңіз.

Африка құрлығындағы Египет пен Қазақстан арасы шалғай болғанымен, экономикалық байланыс жақын. Екі ел – ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, фармацевтика, тоқыма, туризм салаларында сенімді серіктестік орнатқан. 90 миллион халқы бар Мысыр әлемде бидай экспорттаушы мемлекеттердің алды. Жылына 8 миллион тонна бидай тұтынады.

Қазақстан Египетке экспортынан импорты басым. Біз өткен жылы Мысыр мемлекетіне мыс, түрлі-түсті металл, газ экспорттағанбыз. Ал, Мысырдан Қазақ елі дәрі-дәрмектің жүзге жуық түрін алған. Сондай-ақ, киім-кешек, цитрусты жеміс, қиыршық тас пен сабын импорттаған.

Елдер арасындағы алыс-беріс көлемі 50 миллион долларға жетер-жетпес. Президенттер бұл көрсеткіш көлемін көбейте түсу керектігін бірауыздан құптады. Екі ел Қазақстанда препараттар шығаратын зауыт салуға уағдаласты.

Мысыр Каспий жағасындағы Кендірлі курорт кешенінің құрылысына инвестиция құюды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, қос басшы ғарыш, мәдени-ағарту саласындағы әріптестікті дамыта түсетін болып келісті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Каирдың Еуразиялық экономикалық одақпен еркін сауда аймағын құру ниетін біз қолдаймыз. Қытайдың «Жібек жолы» экономикалық белдеуінде Қазақстан мен Мысырдың маңызы зор. Екі елдің әлеуеті осы бағыттағы бірлесіп жұмыс істеуге жаңа мүмкіндік туғызады.

Әбдел Фаттах Ас-Сисидің ресми сапарының қорытындысы бойынша, екі құжат бекіді. Алғашқысы Мысыр Республикасы Астанада өтетін EXPO көрмесіне қатысу жөніндегі шарт болса, екіншісі азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының жарғысы.

Жат жерде жүріп, қатардағы жауынгерден қолбасшыға дейін жеткен Сұлтан Бейбарыс қос мемлекеттің ортақ мақтанышы. Қазақ Үкіметі әйгілі билеушінің өзі салдырған Каирдегі мешітті қалпына келтіру жұмыстарына атсалысты. Ал, Алматыдағы Ислам университеті екі ел достығының жарқын айғағы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақ даласынан 13 ғасырдағы Мысыр мен Сирия билеушісі екі ел достығының алтын жібі. Қазақ жерінде дүниеге келіп, әлемгі әйгілі ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби де екі елге ортақ.

Қазіргі уақытта Мысырдың түрлі жоғары оқу орындарында 250 қазақстандық студент білім алып жүр. Бұдан бөлек, осы уақыт ішінде Мысыр жеріне барып, тәлімдемеден өткен мамандар да көп.

Ал, көненің көзін өз көзімен көрем деп перғауындар еліне сапарлайтын саяхатшылар санында есеп жоқ.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу