Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына орай Ұлттық арна жаңа жобаның тұсауын кесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына орай Ұлттық арна жаңа жобаның тұсауын кесті

28.02.2016
Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына орай Ұлттық арна жаңа жобаның тұсауын кесті
Алматыда және аймақтарда ақын шығармашылығына арналған конференциялар мен өзге де мәдени шаралар өтті.

Осы күндері қазақ даласын жыр алыбының рухы кернеп тұрды десек артық болмас. Жамбыл ақынның 170 жылдығын тұтас ел ерекше салтанатпен атап өтіп жатыр. Дәл бүгін де жыр жампозының туған ауылында ақынның құрметіне ас беріліп, рухына Құран бағышталды.

Ал, апта бойында Алматыда арнайы халықаралық симпозиум ұйымдастырылып, Жабаев шығармасы мен оның өмір жолы туралы келелі пікір, келісті ойлар ортаға салынды. Қазақтың Ұлттық арнасы жыр алыбы туралы жаңа туындының тұсауын кесті. Басқа да облыс орталықтарында ақынның 170 жылдығына орай түрлі әдеби-мәдени шаралар ұйымдастырылды.

Шетелден келген ғалымдар мен отандық зерттеушілер әуелі Алматыдағы жыр алыбы Жамбылдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Бұдан кейін Мемлекеттік хатшының қатысуымен «Ұлы дала жыршысы» атты халықаралық ғылыми симпозиум өтті. Жиында сөз алған Гүлшара Әбдіқалықова Жамбыл поэзиясы қазақ халқының өмірі және тарихымен өзара тығыз байланысты екенін атап өтті. Себебі, оның шығармаларындағы негізгі ой өрімдері Елбасы ұсынған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясымен үндесіп жатыр.

Симпозиум мінберінде зерттеушілер «Тарихтың мәңгілік тұлғасы», «Ерлік поэзиясы: Ресейден көзқарас», «Шота Руставели Жамбыл поэзиясында» сияқты бірнеше ғылыми баяндама жасады. Ғалымдар жыр дүлділі туралы ойларын ортаға салды.

Рафис Абазов, Колумбия университетінің профессоры:
Жамбыл – патриоттық поэзияның жарқын өкілі. Ақынның құндылығы да осында. Тарих үшін аумалы-төкпелі кезеңде Жамбыл Жабаев қазақ халқының атынан үн қосты. Әлем тарихындағы оқиғаларға қазақ халқының көзқарасын жеткізді.

Тағы айта кететін жайт, туындылары ағылшын тіліне аударылған тұңғыш қазақ ақыны да Жамбыл болатын. Жамбыл арқылы батыс жұртшылығы қазақтың поэзиясын, мәдениетін таныды. Егер XX ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі үздік 20 ақынды анықтасақ, оның ішіне міндетті түрде Жамбыл кіреді.


Даңқты ақынның есімі тек елімізге емес, өзге мемлекеттерге де кең танымал. Қазақтың халық ауыз әдебиетінің жауһары саналған Жамбыл шығармалары Түркі жұртының түгесілмес мұрасы. Сондықтан, «Жамбылдың 170 жылдығы - әлем мәдениеті мен әдебиетінің тойы», дейді зертеушілер.

Сабри Хизметли, шет тілдер, іскерлік карьера университетінің ректоры:

Түркия мен Қазақстан арасындағы ортақ мәдени мұраларды талқылағанда Жамбыл Жабаевқа арнайы орын беріледі. Яғни, түркі дүниесінде қазақтың ұлы тұлғаларының есімі аталғанда Жамбыл алдыңғы орынға шығатынына күмән жоқ.

Симпозиумда үлкен сый жасалды. Бұл «ақыл-ойдың алғыры» Жамбылдың 1937 жылы Грузияға барған сапарында таспаға тартылған жарқын бейнесі тарту етілді. Бір минуттық бейнежазба болғанымен, қазақ халқы үшін аса қымбат қазынаны әкелген грузиялық ғалым Ирма Ратиани.

Ирма Ратиани, Ш.Руставели атындағы әдебиет институтының директоры:

1937 жылы грузин халқының ұлы ақыны Шота Руставелидің туғанына 750 жылдығы Одақ көлемінде тойланды. Сонда Қазақстан делегациясын бастап келген Жамбыл Жабаев болды.

Қарт ақын бұл сапарында көп жерлерді көріп, туысқан Грузия халқының ақыны Шота Руставели туралы, Отан туралы, «Кавказға», «Ақынға», «Кавказға сәлем», «Өмір жыры» деген өлеңдерін шығарды. Сондықтан, біз үшін ақынның орны ерекше.

Көзінің тірісінде-ақ, XXI ғасырдың Гомері атанған ақынның әдеби мұрасына жаңаша көзқарас танытып, тереңінен зерттеуде бұл халықаралық симпозиумның берері көп. Себебі, суырып-салма ақындықтың хас шебері Жамбылдың сөз өнеріндегі орны ерек.

Ақынның тұлғасын тек елімізде емес, көршілес Ресейде де жұрт қадір тұтады. Себебі, соғыс жылдарында қоршауда қалған бұрынғы Ленинград, бүгінгі Санкт-Петербург халқына, «Ленинградтық өренім» деп өлең жазған ақын әлі ұмытылған жоқ. Ресейдің мәдени астанасында Жамбыл Жабаев атындағы көше, оның бойында ақынға арналған ескерткіш те бар.

Сергей Курносов, қорғаныс мемлекеттік мемориалды музейінің директоры:

Қоршау басталған кезде, ленинградтықтар үшін қаланың қаншалықты қиын халде екенін, бүкіл Кеңес одағындағы халықтардың білулі маңызды болды. Дәл осы тұста сонау алыстағы Қазақ жерінен Жамбылдың жыры келіп жетті.

Ол халық үшін бір вагон астықпен тең болды. Бұл өлең арқылы тұрғындар қаланың қоршаудан аман шығатынына деген сенімдерін ғана күшейтіп қойған жоқ, олар өздерінің жалғыз емес екендерін де сезді, бүкіл елдің қолдау көрсетіп отырғанын білді.


Жамбылдың мұраларын ұлықтаған шаралар легі апта бойы жалғасты. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Жамбыл атындағы Қазақ фольклоры мен әдебиетін зерттеу орталығы ашылды. Оның қабырғасында Жамбылтануға арналған халықаралық конференция өтті.

Өмірхан Әбдіманұлы, филология ғылымдарының докторы:

Біздің ұлы ақынымыз Жамбылды Қазақ Ұлттық университеті өзі құрылғаннан бергі кезеңде әдебиеттің тарихы бойынша, жалпы тарихы бойынша сонан соң жеке пән ретінде Жамбылды оқытып келе жатыр. Жамбыл шығармашылығымен біздің ұрпақ қашанда таныс болу керек. Бүгінде енді Жамбылтанудың жаңа белесі басталды деп ойлаймыз.

Мұндай ғылыми шара Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде де өтті. Шарада тарих ғылымдарының докторы Ерлан Сыдықовтың «Жамбыл» атты кітабының тұсауы кесілді.

Тұрдығұл Шаңбай, Алаштану ғылыми-зерттеу институтының директоры:

Бұл кітапқа Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі алғы сөз жазған. Бұл енді тарихшы ғалымның көзқарасы. Бұл жаңа интерпретация деп айтуға болады. Тәуелсіз Қазақ елінің Еуразия кеңістігіне жаңа пайымда Жамбыл бабамызды таныту деп түсінуге болады.

Алматыда «Жыр алыбы Жамбыл» атты көрме ашылды. Көрмеге мұражай қорында сақталған атақты мүсінші Исаак Иткиндтің «Бала Жамбыл» мүсіндік портреті, қылқалам шебері Әбілхан Қастеевтің «Жамбыл» картинасы мен ақынның 141 түпнұсқалық фотосуреті қойылды.

Шырын Тойынбаева, мемлекеттік орталық музейдің қызметкері:

Көрмеде сонымен қатар, Жамбыл Жабаевтың 75 жылдық мерейтойына арнап шығарылған сырты күміс қалыппен қапталған жаңағы Жамбыл шығармалары қолжазба түрінде жазылған.

Ал, ғылым ордасының кинозалында алматылық зиялы қауым өкілдері мен жастардың назарына «Жамбыл» көркемсуретті тарихи драмасы ұсынылды. Әуелі Астанада, кейін Алматыда көрсетілген толықметражды фильм «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының төл туындысы.

Байғали Есенәлиев, театр және кино актері:

Ақын дегеннің өзі елдің туы, елдің байрағы. Ал, ақын адамның өз мүддесімен елдің мүддесін бөлек ұстауы мүмкін емес. Әсіресе, ел таныған, ел мойындаған ақын үшін. Жамбыл сондай тұлғаның бірі, бірі емес бірегейі.

Көркем фильм ұлы жыраудың туған топырағы Алматы облысы, Жамбыл ауданында көпшілік назарына ұсынылды. Сөз зергері өскен елдің ұрпағы айтулы бабасының жарқын тұлғасын экран арқылы тамашалап, көңіл-күйлері босады. Терең тебіренді.

Жамбыл есімімен аталатын аймақ жұртшылығы да фильмінің тұсаукесерін көрді. Облыс тұрғындары үшін кинокартинадаға ақынның махаббаты мен күллі адамзатқа деген адал достығы үлкен әсер етті.

Жамбыл тойы, елдің тойы. Ақынның мерейтойы бүгін Алматы облысы, Жамбыл ауданында жалғасты. Қонақтар алдымен Қарасай батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Жамбыл ауылына бет бұрды. Шайыр өмірінің соңына дейін тұрған әдеби ескерткіш музейінде болды.

Суықтөбе тауының баурайында орналасқан, қарасаң көзің сүйсінетін шағын ғана елді мекенде ақынның 170 жылдығына орай атқарылған іс аз емес. Мәселен, Жамбыл әдеби ескерткіш музейіне 175 миллион теңге, орталық көшелерді толық жөндеуге 111 миллион теңге және көшені жарықтандыруға 175 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыс істелген. Алдағы уақытта осы ауылда «Өнер» мектебі мен 140 орындық балабақша ашу жоспарланып отыр.

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:

Жамбыл бабамызға деген құрмет мұнымен шектелмесі анық. Ақын мерейтойына орай мамыр айында Сербия мемлекетінің астанасы Белград қаласында Жамбыл Жабаевтың ескерткішін тұрғызу жоспарлануда. Бұл шет елдің қазақ халқына, қазақ өнеріне деген үлкен ықыласы.

Мәдениет үйінде өткен ауқымды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен қоғам, мәдениет пен әдебиет қайраткерлері арнайы келді. Жамбыл ауылындағы мәдениет сарайында шайырдың өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Белгілі ақындар арнауларын арнады.

Нұрлан Оразалин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Жамбыл жырына ден қойған сайын қазақтың өлең әлемі, өлең дүниесі деген кезде Абайды, Махамбетті, осы Жамбылды, Сүйінбайды өзге де ұлы тұлғаларымызды жадымызда жаңғырту арқылы халықтың санасын, халықтың бойындағы ұлттық рухты тәрбиелеудің үлгісін қалыптастырамыз.

Осылайша, жыр жампозы Жамбылдың 170 жылдығы ерекше аталып өтті. Ұлы даланың мұрагерлері ұлтының асыл перзенті, ақын Жамбылмен мақтанады. Биік парасатты өнерпаз, халық поэзиясының атасы атанған ақынның есімі елінің жүрегінде мәңгі сақталады. Оның өнегелі өмірі мен мұратқа толы мұраларын ұлықтау шаралары жыл соңына дейін елдің барлық өңірінде жалғасады.

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу