Н.Назарбаевтың төрағалығымен СІМ-нің алқа мәжілісі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Н.Назарбаевтың төрағалығымен СІМ-нің алқа мәжілісі өтті

07.02.2016
Н.Назарбаевтың төрағалығымен СІМ-нің алқа мәжілісі өтті
Елбасы сыртқы саясатқа жауапты мекемеге бірқатар міндеттер жүктеді.

Дипломатия, консенсус, келісім, ынтымақ. Тұтас жер-әлемді қан бөктірген екінші жаһан соғысынан кейінгі әлемнің дамуына тек осы ұғымдар тірек болуы тиіс көрінген. Бірақ болмады.

Технология, индустрия, музыка, дәстүрлер, адам құқығы, демократия, тіпті кейбір діни, тұрмыс-салттық құндылықтар жаһанға тарап, бірден-бірге сіңгенімен - мүддені қарумен, күшпен, әскермен қорғау әдетінен арыла алмадық. Шамасы жуандық жасау Адам ата ұрпағының қанына сіңіп, сүйегіне біткен кеп болса керек.

Дәл қазір жаһандағы ахуал күрделі. Сирия, миграция, аштық, Украина, Ресей, НАТО деп апта сайын дәлел іздеп, езу көпіртпей-ақ қоялық. Белгілісі - әлемнің өзгерген келбеті, экономиканы әрі-сәрі қылды. Осындай кезеңде, біз секілді жұрттар тек дипломатияға сүйенеді. Басқа амал да жоқ.

Осы аптада Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі кең ауқымда алқа мәжілісін өткізді. Жиынға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі төрағалық етті. Бұл да болса кезеңнің күрделі екенін меңзесе керек.

Дипломаттар бір мекемеде жұмыс істесе де, жылына бір-ақ рет кездеседі. Осы аптада елден жырақ жүрген елшілер Елордаға жиналды. Міне, бұрынғы Президент Кеңесшісі Ермұхамбет Ертісбаев, Президент Әкімшілігіне жетекшілік еткен Аслан Мусин, Мемлекеттік хатшы болған Марат Тәжин. Қазір олар – елшілер.

Дипломатиялық корпус өкілдері алқалы жиын алдында Қазақстанның дамуына қатысты арнайы әзірленген фильм көрді. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында біздің сыртқы әлеммен байланысымыз бүгінгідей емес болатын.

Сыртқы саясаттың үрдісі біртіндеп қалыптасты. Қиын кезеңде қыруар шаруа атқарылды. 25 жылда елдігіміз нығайып, Қазақ елін әлем таныды. Бұл – елшілердің ерен еңбегі,- деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Биыл Қазақстанның Тәуелсіздігіне ширек ғасыр толайын деп отыр. Осы жылдардың ішінде сіздер мен біздер ең алғашқы буын ретінде Қазақстанның Тәуелсіздігін орнатуға атсалыстық.

Қазақстан деген мемлекет дүниежүзінің картасында жоқ еді, оны біз дүниежүзінің картасына қойдық. Жаңадан еш уақытта болмаған институттарды құрдық, мемлекетті құрдық.

Оның болмаған министрліктерін құрып, ішкі-сыртқы саясат, шекараны шегендедік. Сыртқы саясаттың жаңа үрдісін Қазақстанға әкелдік. Сыртқы саясатты іске асыруда Сіздердің қосқан үлестеріңіз зор. Мен оны білемін. Сол үшін де ризашылығымды айтамын.


Қазақстан қазір халықаралық қауымдастықтың белсенді мүшесі, ШЫҰ мен Еуразиялық Экономикалық Одақтың құрылуына ұйытқы болды. Астана төрінде алғаш рет Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақ Ұйымының алқалы жиыны өтті. Ешқашан жиналмаған түрлі дін өкілдерінің басын қосқан да – Қазақстан. Бұл – біздің дипломатиядағы жетістіктеріміз,-деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл біздің мемлекетіміздің атының әлемдік қауымдастық арасында аталуына ықпал етті. Ал, алдағы міндеттер бұдан да маңызды. Сондықтан, бізді қазір әрі қарай не істейміз деген мәселе толғандыруы тиіс.

Жабық есіктің арғы жағында жалғасқан жиында Президент әлемдегі күрделі жағдайлардан бөлек, елшіліктің жұмысына қатысты мәселелерді де талқы таразысына салғаны сөзсіз. Бұлай деуіміздің себебі бар. Бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев, сырт мемлекеттердегі елшіліктердің жұмысын сынаған болатын.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз ондай әлемдік алпауыт ел емеспіз, біз әлемдік саясатты дипломатиямен реттейміз. Бізде қайда барсаң да елшілер не істерлерін білмей жүреді. Олар өздерінің міндеттерін жақсы білмейді, экономикаға тіптен де нашар.

Сол себепті біз бағыт-бағдарымызды министрлер кездесуінде талқылаймыз. Елшілердің сапасы, елшіліктер қажет болса да болмаса да шектен тыс кеңейтіліп кеткен. Дәл қазіргі жағдайда бізге осының керегі бар ма? Бізге қазір Қазақстан қай елге қызығушылық танытып отыр. Сол елде ғана өкілдігінің болғаны жөн.

Қазір Қазақ елі әлемнің 169 мемлекетімен дипломатиялық байланыс орнатты. 94 мемлекетте елшілік бар. Ал, Қазақстанда өзге елдер мен халықаралық ұйымдардың 50-ден астам дипломатиялық өкілдері жұмыс істейді. Олардың бәрі жат елде жүрсе де өз елінің өркендеп, дамуына жауапты.

Ерлан Ыдырысов, ҚР Сыртқы істер министрі:

Соңғы жылдардағы тенденциясы және бүгінгі шынайы кезең, көпвекторлы сыртқы саясаттың стратегиялық маңыздылығын растады. Сіздің сындарлы саясатыңыздың арқасында, біз әлемнің көптеген мемлекеттерімен тығыз байланыс орнаттық.

Қазақстанның әлем алдындағы беделі артты. Қазіргі әлемде қалыптасқан экономикалық қиын жағдай, экономикалық дипломатияны дамытуды талап етеді.

Осы бағытта біз «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы» және «Нұрлы жолдың» жүзеге асуына атсалысатын шетелдік инвестицияларды көптеп тартуға басымдық бермекпіз. Сыртқы саясатты экономикаландыру бағытында жұмыс істейміз.


Дипмиссия өкілдерінің алдында тұрған тағы бір міндет – геосаясатпен қатар, қалтасы қалың инвесторларды Қазақстанға тарту. Бұл мәселеге қатысты Мемлекеттің басшысы елшілерге ерекше тапсырма жүктеді.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу