Шекара маңында шаруасы өрге басып тұрған ауыл көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шекара маңында шаруасы өрге басып тұрған ауыл көп

07.02.2016
Шекара маңында шаруасы өрге басып тұрған ауыл көп
Шекараның іргесінде орналасқан елді мекендерде жаңадан мектептер мен бақшалар ашылып, гүлденіп келе жатыр.

Мал жатқанға емес, баққанға бітеді. Бір кездері малда құн қалмай, бір пар аяқ киімді тайынша-танаға айырбас қылған кезді көрдік. Қазір баптай білгеннің малы да пұлды болып отыр. Шаһар атаулыдан шалғай отырса да, тірлігін дөңгелетіп, мал өсіріп бейнетіне көніп, зейнетін көріп отырған ағайын аз емес.

Берік Көшербай, тілші:
Бұл «Шароле» тұқымы. Шығыс Қазақстанға сонау Франциядан әкелінген. Сол кезде 2 жаста ғана болған торпақтар қазір жерінің ауа райына, жер-жағдайына тез бейімделіп, жақсы өсіп жатыр. Мысалы, бүгінде бұл бұқаның тірідей салмағы 1 тоннадан астам.

«Алғабас» шаруа қожалығы «Шароле» тұқымын әкелу үшін «ҚазАгродан» несие алған. Мемлекет берген қаржы 226 тайынша сатып алуға жұмсалды. Асыл тұқымды ірі қара төл бере бастағаннан бері, ауданда «Шароле» өсіретін шаруашылықтар да көбейді.

Мәулітбек Қалиев, шаруа қожалығының басшысы:
Шаруашылықтарға төлін сатып жатырмыз. Жергілікті жерге бейімделді. Келгенде біраз қиыншылықтар болған, тауға, жайылысқа шыққанда. Қазір 700-800 келі салмақпен тауға да шығады, бұзаулары да үйренді. Бүгінде өзіміздің, Қазақстанның Шаролесі болды деп айтуға келеді.

Алыстан арбаламай, асыл тұқымды малды ауданнан шықпай-ақ, сатып алған шаруашылықтардың бірі Ақшоқы ауылында орналасқан. Бұл елдегі ең шалғайда жатқан елді мекеннің бірі. Ту сыртынан қытай-қазақ шекарасы өтеді. Шағын ауылда отарлы қой мен табынды сиыр айдап, үйірлі жылқы бағып отырған отбасылар көп.

Ғалым Қабдолдин, «Бәкей» шаруа қожалығының зоотехнигі:
Мемлекеттің қолдауымен мал шаруашылығына бет бұрып отырмыз. Қазіргі таңда асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысып отырмыз. «Әулиекөл», «Шароле», барлығы 700 бас.

Кеңес заманында осы ауыл мыңғыртып мал айдап, шұбыртып 4 түлікті өсіруден көп ауылдың ішінде көш бастап тұрған. Қазір де жағдай солай. Үржар ауданы бойынша ең көп сиыр еті осы Ақшоқыда өндіріледі.

Берік Көшербай, тілші:
Ақшоқыдағы шаруалар негізінен ет бағытындағы мал өсіреді. Бүгінде ауылда 4 бордақылау алаңы бар. Дәл қазір бұр жерлерде барлығы 500-ден астам тайынша, торпақ жемделуде.

Ақшоқылықтар шетінен еңбекқор. Солардың бірі – Ерлан Есбаев. Өмір бойы мал шаруашылығында жұмыс істеген әулеттен шыққан. «Бәкей» шаруашылығындағы асыл тұқымды шароле сиырларын осы кісі бағады.

Былтыр қожалық иелері оның отбасына жаңа үй салып беріпті. Еңбектің бағаланғаны деген осы. Еңбектің көзін тапқан – бақыттың өзін табады, дейді ол.

Ерлан Есбаев, Ақшоқы ауылының тұрғыны:

Қазір жұмыс істеген адамға бәрі бар ғой. Жер деген толып жатыр, су деген ағып жатыр. Бақша салсаң да күн көруге болады. Мал бақпай-ақ қой енді жарайды, малдан қашсаң. Бізде алманың 12 түрі өседі. Сал, өсір, бақ, сат, ақша тап.

Ақшоқының шөбі шүйгін, шабындық жерлері мол, жері кең. Мал өсіріп, егіншілікпен айналысуға өте қолайлы. Ауыл тұрғындары, «шетте жатырмыз, жұмыс жоқ» деп жоғары жаққа жалтақтай бергеннен гөрі, төрт түлікті өрістетіп, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартып, жақсы өмір үшін аянбай еңбек етуді жөн санайды.

Ырысбек Саржанов, Ақшоқы ауылдық округінің әкімі:

Осы үлкен шаруашылықтардың әрқайсысында 10 шақты жаңа трактордан бар. Аудан көлемінде біледі, «ҚазАгроҚаржыдан» бір біздің ауылдың өзінде 50-ге тарта жаңа трактор бар. Жаңа комбайндар әкеліп жатыр.

Бұрынғыдай ауылда сенаж басып, малға беріп, семіртіп жатырмыз. Совхоз кезінде егін шаруашылығымен айналысты ғой, сол барлық 9 мың гектарды, іріленген 30 шаруа қожалығы бар, солар осы жерді толықтай игеріп отыр. Бізде бос жатқан жер жоқ.

Тоқырау жылдары осындай талай ауылда Мәдениет үйлерінің жұмысы тоқтады. Көп жерде ғимараттары жекеменшікке сатылып кетті. Алайда, айрандай ұйып отырған Ақшоқы ауылының халқы қандай қиын заман болса да, мұндайға жол берген жоқ.

Мәдениет үйі 15 жыл бойы жабық тұрыпты. Осыдан 2-3 жыл бұрын бюджеттен қаржы бөлініп, мұнда жөндеу жұмыстары жасалған. Қазір міне, сахна төрінде әжелеріміз кезекті концертке әзірленіп жатыр.

Ғалия Манбекова, Ақшоқы ауылының тұрғыны:

Шеткей жатқан ауыл. Жаман емес ауылымыз. Құдайға тәубә, осы мәдениет үйіміз тоқырау жылдары жабылып еді, 2013 жылдан бері ашылып, әжелер ансамблі құрылды.

Ауылдағы ардагерлер кеңесі де осы мәдениет үйінде орналасқан. Көпті көрген көнекөз қариялар, қай салада болсын ақыл қосатын ауылдың үлкендері мұнда жиі жиналады.

Мұратбек Балғабаев, Ақшоқы ауылының тұрғыны:

Ақшоқы ауылының тыныс-тіршілігі бірқалыпты жақсарып келе жатыр күннен күнге. Мемлекетіміздің қамқорлығы, Елбасымыздың барлық бастамаларына, іс-шараларын бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып дегендей халық береке-бірлікте жұмыс істеп отыр.

Мереке күндері Ақшоқыдағы мәдениет үйінің сахнасында көрші ауылдың өнерпаздары да ән шырқап, өнерлерін көрсетеді. Спорттық жарыстар да жиі ұйымдастырылады.

Тәлім-тәрбие мен ілім-білімнің негізі саналатын әдеби құндылықтарға қызығушылығы көп адамдар да іздегенін осы жердегі ауылдың кітапханасынан табады. Өйткені, мұнда кітап қоры мол. Бүгінде кітапхананың 500-ден астам тұрақты оқырманы бар.

Гүлнәр Ыдырышева, кітапханашы:
200-ге тарта осы мектеп оқушылары осында өздеріне көптеген керекті мағлұматтарын алып жатыр. Ауыл тұрғындарының барлығы осы кітапханаға келеді. Әсіресе, мына әдеми кітаптарға құмартушылық көп.

Үржар шалғай ауданы болса да, Шығыс Қазақстандағы жаңа мектептердің ең көбі осында салынған. Былтыр Барқытбел, Қызыл ту, Сегізбай ауылдарындағы оқушылар жаңа мектепке көшкен. Ал осыдан бір ай бұрын мұндай қуанышқа Бақты ауылындағы балалар да кенелді.

Серік Зайнулдин, Үржар ауданының әкімі:

Қазақстан Республикасы бойынша 1700 мектеп салынатын болса, соның 21 мектебі тәуелсіздік алғаннан бері Үржар ауданында салынды. Бұл Елбасының үлкен қамқорлығы деп есептейміз.

2013 жылы мен ауданға әкім болып келгенде 9 проблемалық мектеп болған. Осы күнге дейін 6 мектептің мәселесі шешіліп, 21 мектептің қазір 18-і балаларды оқытып, халыққа қызмет атқаруда.


Бақты ауылы, дәл шекарада тұрса да, Үржар ауданындағы ең ірі елді мекендердің бірі. Мәдениет үйі мен емхана күрделі жөндеуден өтіп, халыққа қызмет етуде. Енді міне, заманға сай 320 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді.

Ләззат Жағалбаева, мектеп директоры:
Осыған дейінгі ескі мектебіміздің ғимаратында, апаттық жағдайда болғандықтан, асхана болған жоқ. Қазіргі таңда үлкен, 150 орынға арналған жаңа мектебімізде асханамыз бар, үлкен спорттық кешеніміз бар.

Сая Мұқышева, оқушы:
Елбасымыз, «Ел ертеңі, болашақ – жастардың қолында» деп бізге сенім артып отырғандықтан, біз ол кісінің сенімін ақтап, орындауға, Қазақстанның көркеюіне атсалысуға барынша тырысамыз.

Қытайға шығатын үлкен тасжолдың бойында орналасқан Бақты ауылында 2500-ден астам адам тұрады. Халықтың негізгі кәсібі мал шаруашылығы мен егіншілік. Бизнес те жақсы дамыған. Бір ауылдың өзінде 22 дүкен бар. Қиырда жатса да, шағын елді мекеннің тұрмыс-тіршілігі түзу, келешегі кемел.

Алмас Шөшеков, Бақты ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы:

Болашағы бар ауыл деп айтамыз. Өйткені, қазір ауылдан көшіп кетіп жатқан адамдар жоқ, көп көшіп келіп жатқандар бар. Балтырғы жылмен салыстырғанда, сәбилер саны да артып отыр қазір.

Ауыл – әр қазақтың алтын бесігі, тарихымыз бен мәдениетіміздің қайнар бұлағы. Шалғайда жатса да, Үржардағы елді мекендердің бүгінгі тірлігі осындай. Мұндағы тұрғындар еліміздің дәулетін еселеп, экономиканың әлеуетін арттыру үшін аянбай еңбек етуде. Өйткені, ауыл гүлденсе – бүкіл Қазақстан гүлденетінін жақсы беледі.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу