Үкімет бюджетке қатысты қатаң шешімдер қабылдауды жоспарлап отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет бюджетке қатысты қатаң шешімдер қабылдауды жоспарлап отыр

17.01.2016
Үкімет бюджетке қатысты қатаң шешімдер қабылдауды жоспарлап отыр
Келер жылдан бастап еліміздегі барлық жоғары оқу орындары мен колледждер халықаралық аккредитациядан өтеді.

Әлемдегі экономикалық ахуал күн санап шиеленісіп барады. Қытайдың дамуы тежеліп, халықаралық резерві күрт қысқарды. Ал, тағы бір стратегиялық әріптесіміз Ресей әлі күнге рецессиядан шыға алмай отыр.

Көрші елдің дамуына қатысты биылғы болжам да көңілге сенім ұялатпайды. Қос қапталымыздағы алып көршілеріміздің дамуы тежеліп жатқанда, оның Қазақстан экономикасына да кері әсер етпей қоймайтыны заңды.

Алайда, Қазақ Үкіметі де қарап отырған жоқ. Дер кезінде дағдарысқа қарсы шараларды қолға алудың арқасында өткен жылы сыртқы ықпалдың салдары азайды. Тіпті, тұрақты даму сақталып, еліміз 2015 жылды өсiммен аяқтады.

Негiзгi капиталға бағытталған инвестициялар көбейді. Шикізат секторына тәуелділіктен арылу үшін кезең-кезеңмен индустриялық-инновациялық бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Бірінші бесжылдықта 770 нысан салынды. Қазір әлемдік нарықтағы мұнай бағасы күн санап құлдырап барады.

Ал, еліміздің үш жылдық республикалық бюджетінде «қара алтын» баррелі 40 доллар деп бекітілген болатын. Осы орайда, Үкімет мүшелері басты қаржылық құжаттың қайта қаралатынын мәлімдеді. Үкімет бюджетке қатысты қатаң шешімдер қабылдауды жоспарлап отыр.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

Мұнай бағасының қарқынды құлдырауы мен әлемдік нарықтағы келеңсіздіктерді ескере келе, Мемлекет басшысы Үкіметке мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 20 долларға құлдыраған жағдайда да Қазақстан экономикасын дамытудың мүмкін сценарийін әзірлеуді тапсырды.

Сценарийлік болжамдар сейсенбі, 19 қаңтар күні Үкімет жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысында қаралады. Бюджет бойынша қатаң шешімдер қабылдауға тура келуі де мүмкін. Шығыстарға тексеру жүргізіліп, қаржыландырудың тиімсіз бағыттары айқындалады.


Дегенмен, экономикалық ахуал қанша күрделі болса да, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы қысқармайды. Сондай-ақ, білім беру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар да жалғасады.

Еліміздегі жоғары оқу орындары ғана емес, кәсіптік-техникалық колледждер де халықаралық талапқа сай білім беру стандарттарымен жұмыс істеу керек. Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары Дариға Назарбаева Алматыдағы бірқатар мемлекеттік және жеке меншік колледж басшыларымен өткен кездесуінде мәлімдеді.

Алқалы жиында «2016-2019 жылдарға арналған Білім және ғылымды дамыту бағдарламасының жобасы» талқыланды. Оқыту жүйесіне жаңа модель енгізу мәселесіне маңыз берді.

Қазір елімізде кәсіби білім беру жүйесінде модернизация жүріп жатыр. Себебі, ел экономикасының индустриялық-инновациялық даму бағытына сай, заманауи технологиялардың тілін білетін, техникалық мамандықты жете меңгерген мамандар ауадай қажет.

Келер жылдан бастап еліміздегі барлық жоғары оқу орындары мен колледждер халықаралық аккредитациядан өтеді.

Дариға Назарбаева, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Ең бастысы, сіздер 2020 жылы кадр даярлауда халықаралық стандартқа көшулеріңіз керек. Бұл тек кәсіби-техникалық білім беретін колледждер емес, барлық жоғары оқу орындарына қатысты.

Бұдан шығатын қорытынды, яғни, кәсіби кадрлар мен оқыту бағдарламалары әлемдік талаптарға сай болуы қажет. Сондай-ақ, оқытушылардың да біліктілігін арттыруымыз тиіс.


Жаһандық тенденция мен халықаралық тәжірибелерге сүйеніп, колледждердің беделін көтеру керек. Білімді жастардың қабілетін ашып, жол нұсқаған дұрыс. Себебі, көбісі бір мамандықты игергенімен, әрі қарай жоғары білім алып, өсіп-өнгісі келеді. Міне, осыны анықтап, оларға бағыт-бағдар бергеніміз жөн.

Айдос ӘШІМҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу