Мәжіліс алты аптада алпысқа жуық заңды қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс алты аптада алпысқа жуық заңды қабылдады

27.12.2015
Мәжіліс алты аптада алпысқа жуық заңды қабылдады
Жаңа құжаттардың маңызы қандай?

Елдегі елеулі оқиғалардан ең басты заң шығарушы орган - Парламент жұмысын ескерусіз қалдыруға болмас. Президенттің саясаты мен Үкіметтің сан-түрлі жоспарын сараптап, салмақтайтын Парламент те қой жылы аз тер төккен жоқ. Қыруар іс тындырды. Заң шығарумен ғана емес, заман талабын, қоғам қалауын депутаттар дер кезінде әр деңгейде көтерді.

Әсіресе, Мемлекет басшысы жүктеген «Ұлт жоспары - 100 нақты қадамды» жүзеге асыруға қажет заңдарды қабылдау үшін Парламент күн-түн, сенбі-жексенбі демей, демалыссыз жұмыс істеді. Екі айдың ішінде 60-қа жуық заңды қабылдау бұрын соңды Парламент тарихында болмаған.

Қыркүйекте басталған сессия жұмысы ауыс-түйіспен басталды. Мәжіліс вице-спикері Дариға Назарбаева Премьер-Министрдің орынбасары қызметіне тағайындалды.

Соңынан Мәжілістегі бос орынға Абай Тасболатов лайық деп танылды. Осыдан кейін қос қанатын түгендеген төраға Қабиболла Жақыпов әдемі қалжыңмен бір қағытып өткен еді.

Құрамы түгенделген Парламент депутаттары бас алмастан жұмысқа кірісті. Ұлт жоспары 100 нақты қадамды заңмен қамтамасыз ету мақсатында Мәжіліс алты аптада алпысқа жуық заңды қабылдады.

Соның ішінде кеңінен талқыланған құжаттың бірі - «Халықтың көші-қоны және жұмыспен қамту» туралы заң. Жаңа талап бойынша сырттан келген қандастарымыз азаматтық алу үшін бұрынғыдай төрт жыл күтпейді. Азаматтық алу енді бір жыл ішінде рәсімделеді. Ал, талап етілетін құжаттар саны қысқарып көрсетілетін көмек пен демеу артады.

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

Оның біріншісі мына көлік шығындары. Әрбір отбасының басшысына 50 АЕК, әрбір отбасы мүшесіне 35 АЕК ретінде қосымша қаражат төленетін болады. Мәселен, отбасында 5 адам болатын болса әрбір отбасыға 351 мың теңге тек қана көлік шығындары үшін берілетін болады.

Биыл қабылданған заңдардың ішінде шоқтығы биік деп «Кәсіпкерлік кодексін» айтуға болады. Жаңа кодекстің басты мақсаты - елімізде шағын және орта бизнестің тұрақты дамуын қамтамасыз ету және бизнеске келген азаматтардың құқығын барынша қорғау.

Мысалы, бұрын кәсіпкерлер өз құқықтарын қорғау үшін әр түрлі саланы реттейтін 90-ға жуық заңға жүгініп келді. Осының салдарынан көп жағдайда ұтылды, жеңіліс тапты. Енді ол заңдардың күші жойылып олар үлкен бір құжатқа жинақталды.

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Кәсіпкерлік кодекстің ішінде жаңадан пайда болған ұғымдар бар. Бұл кәсіпкерлікті қолдау қорғау жөніндегі уәкіл. Мұны біз өткен жылы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы заңына енгізгенбіз.

Бірақ, оны тағайындайтын ҰКП басқарма төралқасы еді. Мұнда оның мәртебесі өсіп отыр. Енді уәкілді Президенттің өзі тағайындайды.


Биыл қабылданған ерекше заңның бірі «Бағалы металдар және асыл тастар туралы» құжат. Ерекше дейтініміз елімізде мұндай заң тіпті бұған ұқсас заң бұрын-соңды болған емес.

Енді осы құжатқа сәйкес құрамында бағалы металдары бар руданы шетелге шығару үшін ең әуелі алтын өңдейтін үш зауыттың келісімін алуға міндеттеледі. Олар: «ҚазақМыс», «ҚазЦинк» және «Астана аффинаж» зауыты.

Әсет Исекешев, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
Заң жобасы екі мақсатты ескере отырып дайындалды. Бірінші Елбасының тапсырмасына сәйкес алтынды толығымен өз елімізде өңдеу. Екіншісі, Еуразиялық экономикалық одақ аясында осы саланы реттеуге мүмкіндік беретін құқықтық жағдайымыз бар. Мұндай заң жобасы Беларусь пен Ресейде де бар. Енді жаңа құжатқа сәйкес бізде өз зауыттармызда алтын өңдеу көлемін арттыратын боламыз.

Келесі жылы қолданысқа енетін тағы бір маңызды құжат: «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заң. Мұның мақсаты - шағын шаруашылықтарды топтап біріктіру. Осыған сәйкес, субсидия бойынша өзара бірлескен қожалықтарға басымдық беріледі.

Бұл құжат қолданыста бұрын да болған. Бірақ, өндірісте ешқандай нәтиже берген жоқ. Сондағы кемшіліктердің барлығы ескеріліп, жаңа мазмұнда қайта дайындалды.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Осыған дейін егер біріксе, салықты көбірек төлейтін еді, қазір бірдей салық төлейді. Екіншіден, бұрын біріккендегі түскен пайданы бөле алмайтын, енді бөле алады, бірікпейтін аудитті алып тастадық.

Биыл «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң қайта қаралып жаңа нұсқада бекіді. Бұл құжатқа талай мәрте өзгерістер енгізіліп, осымен төртінші рет қабылданып отыр.

Өйткені, заң тетіктерін қанша күшейткенімен айласын асырып мемлекет қаржысын жымқырып қалуға әрекеттенетіндер азаяр емес. Осы жолы да бірнеше өзгерістер енгізіліп, біраз тетіктері қатайтылды.

Енді ірі көлемде сатып алу жұмыстары тек электронды форматта жүргізіледі. Сонымен қоса, сатып алудың жылдық жоспары бекітіледі. Бұған сәйкес бюджеттің қабылдануын күтпей мемлекеттік тапсырыстарды ұйымдастыру, келісу жұмыстарын жүргізе беруге болады.

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Осы жоспар бойынша мемлекеттік сатып алу процедураларын уақытты алмай өткізе беруге болады. Ал сол кезде жеңімпаз болған мердігермен бюджет бекітілгеннен кейін ғана шартқа отырады.

Яғни, алдын ала ұйымдастыру жұмыстарынан біз көп ұтамыз. Бұл да мемлекет бюджетінің тиімді жұмсалуына және нысандардың уақытылы салынуына оң әсерін тигізеді деп ойлаймыз.


Несие саясатына үлкен өзгеріс енгізілді. Тиісті заңға сәйкес несиені төлеу тәртібі өзгерді. Ипотекалық немесе тұтынушы несиесін алған азаматтар банкке ең әуелі негізгі борышты төлейтін болады.

Ал банк комиссиясы, сыйақы мөлшері және тұрақсыздық айыбы негізгі борыштан кейін өтеледі. Бұл тәртіп бұрын керісінше болатын. Ал ипотекалық несие бойынша кепілге қойылған пәтер құны туралы.

Бұрын банк өз шешімі арқылы азаматтардан кепілде тұрған пәтерін алып және оны өздері сатып оның ақшасын борышкердің қарызын жабуға жұмсайтын. Көп жағдайда ол ақшаның өзі қарызды жабуға жетпей, азаматтар қалған соманы төлеуге тағы міндеттелетін.

Енді жаңа заңға сәйкес шешімді, сот шығарады. Және кепілде тұрған пәтер қанша сомаға сатылса да борышкер қарызы өтелді, деп есептелінеді.
Қос палатаның бекіткен заңдарының түгеліне дерлік Елбасы қол қойды. Тек бір ғана заңды кері қайтарды. Ол «Мемлекеттік қызмет туралы» құжат. Заңға енген өзгерістердің барлығы құптарлық.

Енді жас маман қызметке тұру үшін 2 байқаудан, 3 ай сынақ мерзімінен өтеді. Ал басшылық қызметке тек сол салада жұмыс істеп келе жатқан маман ғана тағайындалады.

Ал Елбасының енгізген түзетуі бойынша зейнет жасынан асқандар енді жұмысын тоқтатып, демалысқа шығуға міндетті.

Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін зейнетке шығу керек. Ол өмірдің заңы. Елбасының айтып отырғаны дұрыс деп есептейміз. Себебі бізде өсіп келе жатқан жастарымыз өте көп.

Мемлекеттік қызмет жөніндегі заң жаңадан тиісті толықтырулармен қабылданып отырған заң. Ол заң солай қабылданды, енді оған ешкімнің өкпесі болмау керек деп ойлаймын.

Парламент депутаттарымен атқарылған биылғы жұмыстың тізбегі осындай. Келер жылы да ұлт мүддесі үшін атқарылуы тиіс әлі талай шаруа бар.

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу