Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Мохаммад Ғанимен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Мохаммад Ғанимен кездесті

22.11.2015
Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Мохаммад Ғанимен кездесті

Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Қазақстанға ресми сапарымен келген.


Осы аптада Ақордада Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапарымен келген Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мохаммад Ғанимен кездесті. Екі ел басшылары сауда-экономикалық, көлік, ауыл шаруашылығы және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері төңірегінде әңгімелесті.

Кездесуде халықаралық әрі өңірлік қауіпсіздік тақырыбына қатысты өзекті мәселе де талқыланды. Ауғанстан 30 жылдан артық от пен оқтан көз ашпай келеді. Елді тұрақсыздық жайлаған.

Қазір әлемдік қауымдастық Ауғанстанды қалпына келтіру үшін көп күш салып жатыр. Қазақстан да бұл процестің белсенді мүшесі. Біздің ел оларға азықпен де, астықпен де көмек көрсетіп келеді. Экономиканы бірлесіп жандандырамыз деген Елбасы, екі ел арасындағы сауда-саттықты еселеу керектігін ескертті.

Арадағы алыс-беріс биыл 210 миллион. долларға жеткен. Айта кетейік, бұл былтыр осы елде өткен алғашқы демократиялық сайлауда жеңіске жеткен Ауған басшысының Қазақстанға алғашқы сапары.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ауғанстан жеріндегі геологиялық жұмыстар, жер қойнауындағы байлықтың барлығы Қазақстанмен бірдей. Бізде ондай мамандар бар. Осы жөнінде сөйлестік.

Екінші мәселе, қазіргі болып жатқан ахуал. Ауғанстанның ішіндегі жағдай. Біздің Орталық Азия мемлекеттеріне қандай қауіп бар, бірлесіп не істеуіміз керек, құқық қорғау органдары бірлесіп қандай жұмыс істеуі керек, терроризмге қарсы, соның бәріне келістік.

Мынау есірткіні алып келу, сату, араластыру жағынан көп әңгіме айттық. Соның Қазақстанға келуін тоқтатуға Сіздің ел жақтан бізге көмек болады, деп сенеміз.


Мохаммад Ғани, Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті:

Күн ызғарлы болғанымен, сіздердің жылы қабылдауларыңызды сезіндік. Қазақстанның Ауғанстанға көмегi үшiн алғысым шексіз! Ауған халқы елге жеткізіліп жатқан көмектің Қазақстаннан екенін жақсы біледі.

Бәрінің айтары - тек алғыс. Сiздердің қонақжайлылықтарыңызға да рахмет. Енді Сізді Ауғанстанда күтеміз. Өзіңізді Ауған жерiнде қарсы алу - бiз үшiн үлкен бақыт.


Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу