Осы аптада Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада дипломатиялық миссия жетекшілерін қабылдады (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада дипломатиялық миссия жетекшілерін қабылдады (ВИДЕО)

01.11.2015
Осы аптада Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада  дипломатиялық миссия жетекшілерін қабылдады (ВИДЕО)
Жуырда Қазақстанға Еуропалық одақтың басшылығы келеді. Халықаралық ұйым мен Қазақстан арасында кеңейтілген серіктестік пен ынтымақ жөніндегі келісімге қол қойылуы қажет. Ақордада дипломатиялық миссия жетекшілерін қабылдаған Нұрсұлтан Назарбаев осылай деп мәлімдеді.

Қазақстандағы Еуропалық Одақ өкілдігіне жаңа елші келді. Траян Христеа Президентке сенім грамотасын тапсырды. Сегіз тілді еркін меңгерген дипломат қазір қазақ тілін үйреніп жүр.

Мемлекет басшысы, сондай- ақ, Венгрия , Польша, Вьетнам, Түрік Республикасының Қазақстандағы дипломатиялық қызметін енді бастаған елшілерін қабылдады.

Нұрсұлтан Назарбаев дипломаттардың алдында Қазақстан қолға алып жатқан ірі жобалар, жаңа стратегия жөнінде баяндады. Және бұл мемлекеттерді EXPO көрмесіне белсене қатысуға шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сіздерді еліміздегі дипломатиялық қызметтеріңіздің ресми түрде басталуымен құттықтаймын. Еларалық ынтымақтастықты дамыту жолындағы жұмыстарыңызға зор табыстар, өздеріңізге денсаулық тілеймін. Сіздер бізге мазмұнды әрі маңызды оқиғаларға толы кезіңде келіп отырсыздар. Қазақстан халқы жуырда Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтті. Ерте заманда бұл Ұлы Дала Шығыс пен Батысты жалғаған Ұлы Жібек жолының орталығы болған. Қазақстан Жібек жолы дәстүрін жаңғырта отырып, өз дамуының жаңа белесіне көтерілді.

Мачей Ланг, Польша Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

Аса жауапты міндеттеріме кірісе отырып, Польша Республикасының президенті артқан сенімді ақтап, елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықты және достық қатынастарын нығайтып, өркендете түсуге уәде беремін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып,барша Қазақстан халқына жеріңіз гүлденіп, еліңіз аман болсын, дегім келеді. .


Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу