Жері шөлейт, топырағы тұз татитын Сыр жерінде орман өсірген бағбандарға ризашылығын білдірді. Президент «мақтасақ, дәл осындай адамдарды мақтауымыз керек», деді. Бұл бақ Сыр бойында сексеуілден басқа түк өспейді деген тәмсілді жоқ етті. Жайқалған жасыл желек осы өңірдің брэндіне айналмақ.
Қызылорданың тағы брэнді - ақ күріші. Биыл мұнда күріш бітік шықты. Әр гектардан 50 центнерден астам өнім алынды. Бұл бұрын-соңды болмаған байлық. Нұрсұлтан Назарбаев «кеңес кезінде де мұндай өнім алынбағанын», тілге тиек етті. Шаруалар марқайды, массатанды. Мұндай жетістікке тың технология мен ерен еңбектің арқасында жеткенін айтты. Араға екі жыл салып, Қызылордаға бет бұрған Мемлекет басшысы аймақта екі күн аялдап, өңірдегі өзгерген өмірді көрді.
Cыр елі инвестиция тартуға өте қолайлы аймақ. Дарияны өзектей қоныс тепкен өңірде су да, газ да, өндіріске қажетті шикізат та жетеді. Сол мүмкіндіктің негізінде облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып отыр. Аймақ әлеуметтік салаға қаржы бөлуден республикада көш бастап тұр. Облыс орталығында «Өңірлерді дамыту -2020» бағдарламасы бойынша «Арай-2» мөлтек ауданы жаңадан бой түзеді. Бір жылда 10 тұрғын үй салынды. Сөйтіп, пәтер кезегінде тұрған 520 отбасы баспаналы болды. Мемлекеттік бағдарламаның негізінде жаңа қонысқа көшкен үй иелерінің қуанышында шек жоқ.
Демесовтер отбасы 5 жыл үй кезегінде тұрған. Сол уақыт ішінде олар пәтерден-пәтерге көшіп, біраз тауқымет тартты. Енді міне, баспаналы болды. Оның үстіне, бүлдіршіндердің күлкісіне бөленген шаңырақтың табалдырығын Елбасы аттап, ақ дастарханнан дәм татты. Жалпы, тұрғынүй құрылысы өткен жылмен салыстырғанда биыл 3 жарым есе, ал, қала бойынша 8 есе өскен. Былтыр 346 пәтер пайдалануға берілсе, биыл жыл аяғына дейін 2409 отбасы қоныс тойын тойлайды.
Өңірде тек тұрғынүй құрылысы ғана қарқынды дамып жатқан жоқ. Өзге салаларда да өзгеріс көп. Әсіресе, білім саласында. Биыл, бас-аяғы 19 жаңа мектеп пен 3 балабақша ел игілігіне берілмек. Бұл – болашаққа салынған маңызды инвестиция.
Үш ауысымды мектептер мәселесі шешілді. Апатты жағдайдағы 36 мектептің 19-ы жаңаланды. Алдағы екі жылда қалғанын қайта салып, бұл проблеманы да түбегейлі шешілмек. Ал, бүлдіршіндерді балабақшамен қамту көрсеткіші биыл 100 пайызға жетпек.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз алып ғимараттар, сарайлар салып жатырмыз. Көпқабатты тұрғын үйлердің де бірінші қабатын босатып, шағын балабақшалар ашса. Ата-аналар сонда балаларын тастап, жұмысына бара берер еді. Ал, кешке алып кетеді. Мемлекет жеке әріптестер үшін қаражат бөліп отыр, соны пайдалану керек.
Бүкіл елді күрішке қарық қылып отырған аймақтың ауыл шаруашылығы саласы да толағай табыстан кенде емес. Биыл, Сыр диқандары қамбаға 423 мың тонна астық құйды. Өнімділіктің артуына агроөнеркәсіп кешеніне салынған инвестицияның жеті есе артуы сеп болған. Ал, биыл өңірде алып агрокешен ашылды.
Бақдәулет Мақашов, серіктестік құрылтайшысы:
Осы қыркүйек айынан бастап, 150 тонналық күріш өңдеу зауыты іске қосылды, онан әрі қарай 200 тонналық ұн шығаратын зауыт, онан әрі қарай күріш ұнынан шығаратын лапша, макарон өнімдерін шығарамыз.
Елбасы өндіріс орнының жұмысын көрді. Облыс көлемінде төрт түлік саны көбейген сайын мал азығы мәселесі өткір. Жем зауытында тәулігіне 80 тонна өнім шығарылады.
Ақерке Берікбекқызы, тілші:
Мынау – түйіршіктелген құрама жем. Кәсіпорын құрама жемнің бір емес, бірнеше түрін шығарады. Сыртқы пішіндері бірдей болғанымен, олардың әрқайсысының құрамы әртүрлі. Мамандар төрт түліктің барлығына, тіпті тауық пен балыққа да жем дайындайды.
Кешенде 60 адам еңбек етеді. Бірі шикізатты жеткізеді, бірі дайын өнімді қаптайды, енді бірі оны қоймаға тасиды. Ал, мұнда жем жасалатын шикізат сақталады. Өнім дайындауға тапшылық болмас үшін кәсіпорын шаруалармен келісім-шарт жасаған. Құнарлы жемге қажет күріш, бидай, күнбағыс басқа да майлы дақылдарды солар жеткізеді. Ал, кешен өндіретін өнім қалдықсыз. Барлығын кәдеге жаратылады.
Қырымбек Көшербаев, облыс әкімі:
Қызылорда облысында өндірістің көлемі негізінен мұнай, газ, уранға байланысты еді, қазір осы мұнай-газды есептемегенде, өңдеу өнеркәсібі облыс бойынша 82 пайызға өсті. Бұл – үлкен комплекс. Бұл жерде мал шаруашылығына да, егін шаруашылығына да, азық-түлікті, тұрақтандыру қорын да кәсіпорын қамтамасыз етеді. Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасында агроөнеркәсіпті дамытуға жоспарланған іс-шаралардың тиімділігін көрсетіп отыр.
Төрт түлікті кәсіп еткендер бұдан былай жем іздеп, жер шарлап, шапқыламайды. Кешен шығаратын жем – бәріне жетеді. Кәсіпорындағы күріш өңдеу зауытының жұмысы да ауқымды. Бұл жерде айына мың жарым тонна күріш ақталады. Ал, өндірісті қажетті шикізатпен жергілікті шаруашылықтар қамтамасыз етеді.
«Бүгінгідей қысылтаяң кезде ауыл шаруашылығы – ел дамуының локомотивіне айналуы тиіс», - деді Елбасы. Әсіресе, өңдеу саласына жіті ден қою керек. Президент сондай-ақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы қиындықтардың алдын-алуға бағытталған маңызды құжат екеніне тоқталды.
Өңірдің гүлденуі, халықтың әл-ауқатының артуы, жалпы аймақтың әрбір жетістігі - еңбекпен тікелей байланысты. Өз сөзінде үнемі осыны қадап айтатын Елбасы, бұл жолы да солай, деді. Аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатындығын жеткізді, өңірдегі ілкімді істерді оң бағалады.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Балабақша, мектеп, ауруханалар рет-ретімен салынып жатыр. Сондықтан, жалпы халықтың жағдайы жақсы, деп санаймын. Күріш - Қызылорданың ең негізгі дақылы болып саналады. Биылғы жылы рекорд - 50 центнерден артық алған. Мұндай кеңес одағының кезінде болған емес. Сондықтан, қызылордалықтарды табыстарымен құттықтауға әдейі келдім. Күрпіш өңдеу деген бұл жерде бұрын болмаған. Ал, енді индустриялды бағдарламамен үлкен-үлкен мекемелер іске қосылатын болады. Оның ішінде, ең үлкені -әйнек жасайтын зауыт, бүкіл Қазақстанға құрылыс әйнегін жасауға болады.
Ал, мына алқапта арша, шырша, емен, қылқан жапырақты өсімдіктердің түр-түрі бар. Жері сортаң Қызылордада - мұндай бақ өсіру екінің бірінің қолынан келмейді. Мұны жергілікті кәсіпкер Рая Үдербаева көпшілікке дәлелдеді. Әрине, аз тер төккен жоқ. Ізденді, зерттеді, сынақтан өткізді, нәтижесінде аумағы ат шаптырым жерді 15 жылдың ішінде көгертіп, көркейтті. Айналаны тамылжыған тамаша саябаққа айналдырды.
Рая Үдербаева, шаруашылық жетекшісі:
Мұның барлығы тек менің емес, осында жұмыс істейтін азаматтардың еңбегінің жемісі. Айта кетейін, олар - зейнеткерлер, зиянды өндірістен жеңіл жұмысқа ауысқандар және жастар. Ең бастысы - қызығушылық болса болғаны. Бізде бәрі өседі. Әрбір егілген жасыл-желекті тек күтіп-баптау керек. Бұл жерде 150 мың түп ағаш бар.
«Көксу» қосалқы шаруашылығына қарасты жылыжайда цитрусты жемістер өсіріледі. Бұл да үлкен жетістік. Сыр жұрт былығы кешікпей жергілікті өнімді тұтынады.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Бір адам ойыменен, жігеріменен ағаш өспейтін, ылғи тоз, соры шығып жатқан жерге мынадай орман өсіру деген қандай керемет! Егер де «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша барлық жастарымыз ағаш отырғызуға ынталанып, сол ағашты өсіруге дейін күтіп - бағатын болса, оның өзі де өңірде із қалдырды, деп санауға болады бір жағынан, екінші жағынан елімізді көркейтеді.
Сыр өңірінің әлеуметтік экономикалық өміріндегі оң өзгерістердің бір парасы осы. Бұл сөз, береке бірлігі артқан аймақтағы халықтың жұмыла атқарған жұмысы.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ