Айдын Айымбетов Елбасына дүниені 150 мәрте айналып шыққан көк байрақты сыйға тартты (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Айдын Айымбетов Елбасына дүниені 150 мәрте айналып шыққан көк байрақты сыйға тартты (ВИДЕО)

18.10.2015
Айдын Айымбетов Елбасына дүниені 150 мәрте айналып шыққан көк байрақты сыйға тартты (ВИДЕО)

Қазақтан ғарышқа ұшқан үшінші азамат та – «Халық қаһарманы». Ғарышкерге «Отан ордені» мен «Алтын жұлдыз» қабат табысталып, Айдын Айымбетов – «Халық қаһарманы» атанды.

Айдын Айымбетов  космоста салмақсыздық жағдайында «кулонды кристалл» алуды зерттеді. Сондай-ақ,  елдің экологиялық проблемалары бар өңірлерін зерделеген.

Мысалы, Аралдың ахуалын мониторингтен өткізіп, ғарыштан суретке түсірген. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласына қатысты маңызды сынақтар жасаған.

Адамзат баласы жаралғалы ғарышқа көз тігумен келеді. Қазақтың көне ертегілеріндегі ұшатын кілем, құлағын бұрасаң, көкке самғайтын ағаш ат тағысын-тағы мысалдар біздің жұрттың ғарыш тұрғысындағы қиялына қанат болып байланды.

 Алғашқы адамның да  алысқа қазақ жерінен ұшқанының символдық мәні зор. Қазақтың  Байқоңыры - ғарыштың алғашқы қақпасына айналды.

Міне, сол Байқоңырдан ғаламдың кеңістікке барып оралған Айдын Айымбетов лайықты атақ алып отыр. Сол атақты Президент өз қолымен тапсырғанда қаһарман да ептеп қобалжыған.

Жұмыр жерді жайлаған Адам ата ұрпағы ғарышқа о бастан ғашық.  Көкті қақ жарып, кеңістікке сапар шергу - кез келген пендеге, тіпті кез келген мемлекетке бұйырмайтын бақ. Сол бақыт соңғы 60 жылда 38 елдің  545 ғарышкеріне ғана бұйырыпты.

 

Олардың ішінде біздің жерлесіміз, қазақтың қаһарман перзенті Айдын да бар.  Мемлекет басшысының Жарлығымен батырымызға «Отан ордені», «Алтын Жұлдыз» белгісі және «Ұшқыш ғарышкер» атағы табысталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз бүгін халқымыздың батыр ұлы, Қазақстанның үшінші ғарышкері Айдын  Айымбетовті марапаттауға жиналдық.  Өткен айда ол Қазақстанның ғарыштық бағдарламасы аясында Халықаралық ғарыш станциясында 10 күндік сапарға барып қайтты. Осы күндердегі 17 миллион Қазақстан халқының барлығы бұл шараға қарап, Айдынға  тілектес болып отырды. Ел тілегі қабыл болып, ол алыс сапардан абыроймен оралды. Бұл сапар еліміздің биік мәртебесі мен ең асқақ белестердің өзін бағындыра алатын мақсаткерлігін көрсетті.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан марапат алар тұста Айдын Айымбетов  сәл қобалжығаны рас. Әркез сезімтал Нұрсұлтан Назарбаев батыр ұлдың ішкі толқынысын аңғарып, ағалық ақылын айтып, дем берді.

Айдын Айымбетов, «Халық Қаһарманы»:

Мен, шынымен де, қобалжыдым. Президенттің қолынан  марапат алып тұрып, өз ішімнен ойландым. Әскери-инженер ретінде алға қойылған мақсатты орындау - оңай. Ал, ресми шараларда сөз алу - мен үшін әзірге ауыр түсіп тұр. Әрине, Елбасына алғысым шексіз. Ол кісі бізді әрдайым қолдайды,  тіпті жаңағы секілді сәттерде де қолдағаны қуантады.

Жалпы, жер бетіндегі 9 мемлекеттің ғана астронавтары үш және одан көп мәрте ғарышты бағындырған. Айымбетовтің сәтті сапарынан соң Қазақстан да сол тоғыздықтан ойып тұрып орын алды. Бұл, әрине, Елбасының сара да, сарабдал саясатының жемісі, деді Айдын Айымбетов.

Жалпы, ғарыш кеңістігін бағындыру - Қазақстан үшін игі істердің бастауы. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» кітабында ғарыш пен Қазақстан арасындағы сабақтас сәйкестікті 2012 жылы жазған еді. 

«Қазақстан егемендігінің орнауы - ғарыштың өзінен басталды. Кеңес одағының ыдырауы қарсаңында,1991 жылы тамызда «Байқоңыр» ғарыш айлағы республиканың меншігі деп жарияланды.

Осы жылдың қазанында ғарышқа бірінші қазақ ғарышкері ұшты, ал Қазақстанның тәуелсіздігі туралы Декларацияны біз желтоқсанда қабылдадық. Яғни, ұлттық мемлекет болғымыз келген ниетімізді  біз жерден гөрі, ғарышта бұрынырақ мәлімдеген сияқтымыз. Мен бұл жөнінде қазір көп жылдар өткеннен кейін, жоғарыдан берілген ишараны көремін»

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Президенттің қолынан ең жоғары мемлекеттік марапаттарды алған  Айдын Айымбетов Елбасына көк байрақты сыйға тартты. Бұл байрақ 10 күн ішінде дөңгеленген дүниені 150 мәрте айналып шыққан.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің Мәңгілік еліміз - ғарыштың шексіз мәңгілік кеңістігіндегі ең жарық жұлдызы. Ол жыл өткен сайын жарқырап, жайнай береді деп сенеміз.

Салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қазақстанда ғарыш кемелерін құрастырып, сынақтан өткізетін кешен ашылатынын айтты. ТМД-да теңдесі жоқ кәсіпорын Астанада бой көтереді.

Сондай-ақ, өткен жылы жоғары дәлдіктегі жерді бақылау жүйесі іске қосылды. Бұл да - «Қазғарыш» бағындырған белестің біреуі.

Маман даярлау мәселесі де бірізделген. «Болашақ»  стипендиясының иегерлері әлемнің үздік оқу орындарында ғарыш саласы  бойынша тәлім алып жүр.

Ал, саналы ғұмырын Отан үшін сарп еткен Тоқтар Әубәкіров осыдан 24 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан марапат алған сәтін сағына еске алды.

Тоқтар Әубәкіров, қазақтың тұңғыш ғарышкері:

Қазір қарасам,  Айдын өзін-өзі ұстай біледі. Мен медаль алғанда жүрегім шығып кете жаздаған. Осы ғарыш саласын ашқан Президент болды. Сол Президент менің ұшуыма көп үлес қосып еді. Айдынның да ұшуына тікелей Президенттің үлесі бар. Ғарышкерлер бәрімізде Президенттің арқасында ғарышқа ұштық.

2011 жылдан бері «Қазғарыштың» қатысуымен 37 ғылыми зерттеу жұмысы жүзеге асты. Нәтижесінде 5 патент алынды. Талғат Мұсабаев өзі басқаратын мамандардың алар асулары әлі алда деп отыр. 

Талғат Мұсабаев, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитетінің төрағасы:

Біз жұмыс істейміз. Көп сөйлей алмаймыз.

Ақордада ардақталған Айдын Айымбетов ел үшін аянбай еңбек ететінін айтып, Жетісуға жол тартты. 

Айға ұшқан Айдын Айымбетов - Талдықорғанның тумасы. Осы жерде Айдын аспанды армандап, көкке көз тікті.

Тек Талдықорған ғана емес, алты алаштың аманатын арқалаған қаһарманды жерлестері тік тұрып қарсы алды. «Жастар» спорт сарайына жиналған жұртта есеп жоқ.

Иә, рас, біздің Айдын қандай сый-сыяпатқа да лайық. Жұлдыздарға жол ашқан Айдынды жерлестері жерге қаратпады.

Атқа мінген арда ұлына әкімшілік қара жердің «қайығы» - «Toyota»  кілтін табыстады. Нөмірі де иесіне лайық. Қазақтың үшінші ғарышкері мінетін темір тұлпардың нөмірі - 003.

Тоқтарбай Қанапиянов,  қала тұрғыны:

Бұл  - біз үшін үлкен мақтаныш. Өйткені біздің ауылдың азаматы. Біздің қаланың мектебінде оқыған. Сондықтан біз оның аман-сау болуын, еңбекте алда болуын тілейміз. 

Болашақ ғарышкердің қанаты осы №14 мектеп-гимназиясының қабырғасында қатайды. Осыннан түлеп ұшты. Жас буын батыр ағаларына арнап мерекелік шара ұйымдастарды. Өздері секілді қарапайым қара сирақ баланың ғарышты бағындыруы  өрендерге қанат бітірді.

Айбын Сәбитұлы,  оқушы:

Мен Айдын аға оқыған мектепте білім алып жатырмын. Жақсы білім алуға тырысамын. Айдын ағам сияқты ғарышкер болу үшін жақсы оқу керек. 

«Халық қаһарманы»  «Иман» мешітінде арнайы ат басын бұрып, бабалар рухына құран бағыштады. 

Ғабит БӨКЕНБАЙ

 

Хабарламаларға жазылу