Владимир Путин Астана сапарында Сирия жанжалына қатысты пікір білдірді (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Владимир Путин Астана сапарында Сирия жанжалына қатысты пікір білдірді (ВИДЕО)

18.10.2015
Владимир Путин Астана сапарында Сирия жанжалына қатысты пікір білдірді  (ВИДЕО)

Бұл күндері кез келген әңгіменің Сириядағы ахуалсыз мәні кірмей тұр. Соғыс өрті шарпыған Сирия аумағынан Түркия әуе кеңістігіне пилотсыз ұшатын дрон кірді. Әрине, түрік авиациясы қарап қалған жоқ: аппаратты атып түсірді.

Америкалықтарға сенсек, пилотсыз техниканы Ресей жіберді. Алайда, Мәскеу мұны мойнына алмай отыр.

Қазір Сирия аспанында бір-бірімен жауласқан елдердің әскери ұшақтары қаптап кетті десе де болады. АҚШ бастаған коалицияның әуе күштері бұл мемлекетті былтырдан бері бомбалап жатыр.

Өткен айда Араб Республикасында Ресей де көтерілісшілерге авиациялық  соққы беруге кірісті. Бұған президент Башар Асад армиясы мен Израиль ұшақтарын қосыңыз.

Сонымен қатар, жұма күні жергілікті жаяу әскер Алеппо провинциясының оңтүстік аудандарын алу операциясын бастады. Сирия жауынгерлеріне Ресей ғана емес, шииттік Иран сарбаздары  мен ливандық «Хезболланың» содырлары да көмектесуде.

Иран, Ресей, Асад күштерінің бүгінгі мақсаты – Батысқа арқа сүйеген оппозицияны елдің батысынан ығыстырып, президент билігін, ең болмағанда, осы аймақта сақтап қалу.

Жұма күні АҚШ президенті Барак Обама Сирияда екі елдің ұшақтарын қақтығыстырмау мәселесінде Ресеймен келісімге қол жеткізгенін мәлімдеді. Алайда, Мәскеу мен Вашингтон бұл мемлекетте экстремизм, саяси тұрақтылық проблемаларында диалог орната алмай отыр.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

Мен америкалықтар неліктен Ресейдің Сириядағы халықаралық терроризммен күрестегі әрекеттерін сынап отырғанын түсінбеймін. Олар бұл дағдарысты саяси тұрғыдан реттеу тәрізді мәселе бойынша тікелей келіссөз жүргізуден бас тартып отыр. Өз басым, мұндай позицияны дұрыс емес деп есептеймін.

Сириядағы соғысқа әлемнің ірі елдері киліккендіктен, дүниежүзі тағы да 2008 жылғыдай қаржылық-экономикалық дағдарысқа ұшырай ма деген алаңдау  бар.

Араб Республикасында 4 жарым жылға созылған қанды жанжал қазір Еуропаны ауқымды миграциялық кризиске ұшыратқаны  күмән тудырмайды.

Арыстан РЫСБЕК

 

Хабарламаларға жазылу