Биыл Шоқан Уәлихановтың туғанына - 180 жыл (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Шоқан Уәлихановтың туғанына - 180 жыл (ВИДЕО)

18.10.2015
Биыл Шоқан Уәлихановтың туғанына - 180 жыл (ВИДЕО)

Қазақтың кең сахарасы тума таланттарға кенде емес. Ықылым заманнан жұрттың ықыласына бөленіп, ел ертеңі үшін ерен еңбек еткен хандар, батырлар мен би-шешендер туралы хандық құрылымның 550 жылдығына орай біздің арна аз айтып, кем жазған жоқ.

«Apta.kz» ұжымы да былтырдан бері тарих ақтаңдақтарын аз ақтармады. Теріскей барып, Абылайдың ақ үйі туралы, оның қорғаушылары жүрген қара жол туралы арнайы зерттеу жасап, қазақтың соңғы ханы Кенесары жайында жұрт көп біле бермейтін талай дүниені көрерменге ұсынғанымыз естеріңізде болар.

Бүгін де сондай репортажымыздың бірін ерте жанып, мерзімінен бұрын сөнген, жүз жылда бір туатын шоқтығы биік Шоқан Уәлихановқа арнамақпыз. Себеп - қара күздің қараша айында қазақ ұлтының мақтанышы болған Шоқандай ұлының 180 жылдық торқалы тойын атап өтеді.

Иә, Шоқан - географ, Шоқан - этнограф, Шоқан - тарихшы, ол -фольклоршы, ағартушы, шығыстанушы, демократ, жеті жұрттың тілін білген полиглот.

Қысқасы, сегіз қырлы, бір сырлы. Оның суретшілік өнерін де оқыған жұрт жақсы біледі. Тіпті оның сот саласына қатысты қалдырған еңбегі әлі күнге дейінгі өзінің өміршеңдігін жоймай келеді.

Шоқан балалық шағын әжесінің қолында  өткізген. Орта жүздің соңғы ханы Уәли дүниеден озған соң, оның бар билігін қолға алған Айғаным ханымның яғни Шоқанның әжесінің Сырымбеттің етегіндегі қонысы - осы. Мұхаммед-Ханафия есімді баланың Шоқан аталып кететін жері де осы өлке.

Уәлихан Кулбаев, Ш.Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музейінің директоры:

Айғаным ханшаның ордасына үлкен азаматтар келіп жатты. Сонда Айғанымның алдында барлық әңгімелерді тыңдап Шоқан шоқиып отырады екен. Содан Айғаным айтып кеткен «шоқиған, Шоқаным» деп.

Айғаным - ақылына көркі сай, парасатты жан. Заманында орыс билігімен біте араласып, білікті дипломат болған.

Бір бойына ұлттық руханияттан бөлек, батыс мәдениеті мен өнерін сіңірген ханшайым бала Шоқанның зерек болып өсуіне тікелей ықпал етеді. Айғанымның осы қонысында көзін ашып, көкжиегін кеңіткен Шоқан дәл осы жерден Омбыға оқуға аттанған.

Уәлихан Кулбаев, Ш.Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музейінің директоры:

Көкшетау округі 23 жылы ашылған. Содан казактар келіп, мына үйлерді бәрін салып берген. Мынау - үлкен үй, мұнда Шоқанның балалық шағы өткен. Мынау мектеп, медресе дейміз ғой.

Шоқанның жұлдызын жаққан еңбегі - Қашқария сапары. Сырымбеттегі мұражайда осы сапар бейнеленген макетпен бірге күні бүгінге дейін жеткен мұралар өте көп.

Саясатшылық құрған кездегі қарулары, Петербордан әкелген сыйлығы, атасының шапаны - бәрі осында. Ал, мұражайдағы жәдігердің көбісі ғалымның өзі салған суреттер.

Нұргүл Қабдырәшитқызы, Ш.Уәлиханов атындағы мұражайдың маманы:

Жаңа айтып өткендей, жүрген жолдарында қарындашпен сурет салып отырған. Аңды көрсе аңдарды, өсімдікті көрсе, солардың бәрін суретке түсіріп отырған. Негізі, 150-дей суреті бар дейді. Бұлар мұражай ашыларда архивтерден әкелінген көшірмелері.

Шоқан еңбектерінің біз біле бермейтін бір қыры - сот саласына қатысты. Оның «Сот реформасы жайындағы хат» деген еңбегі 1864 жылы жарық көрген.

Дәл сол жылы Ресейде сот жүйесіне реформа жүргізіліп, «мировой судья» деген түсінік енгізіледі. Шоқан патшалы империя жаңадан меңгеріп жатқан соттың бұл жүйесі қазақта бұрыннан бар екенін зерттеп, әлгі еңбегінде билер сотының қыр-сырына терең тоқталады.

Берік Сәтбаев, Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың судьясы:

Шоқан Уәлиханов мынадай тұжырымдамаға келген: қазақта сот билігі ешқашан да қазақ халқының сайлауымен немесе халыққа билік ететін үкіметтің билігімен емес, тек қана сот рәсімін терең білетін және шешендік өнерді меңгерген тек қана судья болады деп көрсетілген. 

Шоқан әлгі еңбегінде қазақтың мың жылдық тарихы бар, саяси-экономикалық прогресивтік дамушы ел екенін айтып, оған ешбір бөтен елдің заңы жүрмейтінін сол кезде-ақ тайға таңба басқандай етіп жазады.

Әрі қазақ үшін сол кезде билер сотынан басқа соттың керек еместігін сұрап, орыс билігіне хат та жазады. Патша билігі Шоқанның бұл ұсынысын қолдап мойынсұнса, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін алқа билер институтын қайта жаңғыртты.

Берік Сәтбаев, Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың судьясы:

Басқа мемлекеттің қазақ еліне келуге болмайтынын, мүмкін емес екенін ол ауызша айтпай, жазып кеткені - ол да бір ерлік деп санауға болады. Қазақты орыстың заңымен соттауға болмайды деп, Шоқан Уәлиханов тиісті саяси және құқықтық дәлелдемелерді көрсетіп, тастап кеткен.

Теріскейдегі Айғанымның қонысы 90 жылдардың басында қайта жөнделген. Қазір облыс әкімдігінің қамқорлығында.

Әкімшілік кешікпей осы қоныстың етегіндегі Айғанымның басын қайта көтеріп, үлкен кесене салмақ. Қоныстағы үйде Шоқан қолданған дүниенің біразы сақтаулы тұр.

Уәлихан Кулбаев, Ш.Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музейдің директоры:

Мынау - қол сандық. Бұл - Шота Уәлихановтің сыйлығы. Шоқанның қолсандығы.

Ғалымның ғұмыры заманында Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романына арқау болса, қаламгер-журналист Жарылқап Бейсенбаев Шоқан салған соқпақпен жүріп, үлкен экспедициялық еңбек жазды.

Рас, Шоқан - құйрықты жұлдыздай жарқ еткен тұлға. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында ол туа біткен таланты мен табиғаты тарту еткен сананы сан қырынан жаңғыртты.

Ұлтын сүйген ұлдың ұлық болатынын, адалдық пен алғырлықтың, қайрат пен қайсарлықтың ешкімде жоқ ерен үлгісін жан-тәнімен, артына қалдырған мол мұрасымен дәлелдеді. Қазір сол мұраның рухы Сырымбеттегі сары белдерге барсаңыз, әлі сарнап жатқандай әсер қалдырады.

Айбек ҚОБДАБАЙ 

Хабарламаларға жазылу