Астанада Шоқан Уәлихановтың бейнесі сахналанбақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Шоқан Уәлихановтың бейнесі сахналанбақ

16.06.2015
Астанада Шоқан Уәлихановтың бейнесі сахналанбақ

Биыл ғалымның туғанына 180 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай,  Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры маусым айының 19-20 аралығында «Шоқан» драмасының  премьерасын өткізеді,  деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.

Аталмыш туынды қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері Сәбит Мұқанов пен бірқатар драмалық туындылардың авторы Шота Уәлиханов шығармаларының негізінде сахналанбақ. Қоюшы режиссері – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов.

Қазақ халқының біртуар перзенті, ағартушы, ғалым, саяхатшы Шоқан Уәлихановтың кадет корпусындағы өмір көріністері мен ғұмырының соңғы сәттері қойылымның мазмұнына арқау болып отыр. Басты кейіпкердің ішкі жан дүниесімен сырласуы, айналасындағы жақындарының, достарының бейнелерімен сұхбаттасуы спектакльде кеңінен суреттелмек.  

Қойылымдағы басты кейіпкер кадет Шоқанды театрдың жас актерлері Жанат Оспанов пен Бауыржан Сұрапбаев сахналаса, ересек Шоқанды  Қуандық Қыстықбаев пен Ержан Нұрымбетов бейнелейді. 

Сондай-ақ, қойылымда Қазақстанның Халық әртісі Т.Мейрамов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері - Б.Ыбраев, Ж.Төленбаев, Л.Бекназар-Ханинго, А.Нөгербек, Н.Өтеуілов, ҚР «Дарын» Жастар сыйлығының иегері С.Қашқабаев өнер көрсетеді.   

Хабарламаларға жазылу