Украина мәселесі Елбасының Францияның «Ле Фигаро» газетіне берген сұхбатында да сөз болды (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украина мәселесі Елбасының Францияның «Ле Фигаро» газетіне берген сұхбатында да сөз болды (ВИДЕО)

11.10.2015
Украина мәселесі Елбасының Францияның «Ле Фигаро» газетіне берген сұхбатында да сөз болды (ВИДЕО)

Украина мәселесі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияның «Ле Фигаро» газетіне берген сұхбатында да сөз болды.  Президент  еліміздің ядролық қаруды таратпау саласындағы іс-қимылы туралы әңгімелеп, Украинадағы қазіргі ахуал туралы және соның төңірегіндегі оқиғаларға қатысты, сондай-ақ, Сирия түйткілін шешу жолдары жөнінде пікірін білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарудан бас тарту - біздің елге шетелден көлемді инвестициялар тартуға және экономиканы жаңалауға септігін тигізгенін атап өтті. Сондай-ақ,  аз байытылған уран қорын  Қазақстанда құру - түрлі елдердің атом электр станциялары үшін сенімді отын көзін қамтамасыз ететінін, осылайша аса байытылған уран алу мүмкіндігін және оның әскери мақсатқа қолдану қаупін азайтатынын айтты.

Ал, бұл жобаның коммерциялық мүддесі жоқ. Ең бастысы,  бұл – Қазақстанның ядролық қаруды таратпау ісіне қосқан кезекті үлесі, деді Мемлекет басшысы.

Минск келіссөздері аясындағы түрлі тараптардың әрекеттерін түсіндіре отырып,  Нұрсұлтан Назарбаев Франция Президенті Франсуа Олландпен кездесуінде Украина дағдарысы да талқыланғанын айтты.

Дәл сол шақта Украинадағы қақтығыс өрши түскен,  бірақ оны реттеу үшін нақты дипломатиялық қадамдар жасалмағанын еске салды.

Нұрсұлтан Назарбаев Минскі кездесуін ұйымдастыру мүмкіндігін талқылау үшін Германия, Украина және Ресей көшбасшыларымен кезек-кезек кездесті. Қазақстан Президенті бұл түйткілдің әлі шешілмегенін, бірақ «Минскдегі 2-келісімінде Ресей мен Украина тарапының барлық іс-қимылдары айқын жазылғанын айтты. Сұхбатта Нұрсұлтан Назарбаев Ресейге қатысты санкциялар айтарлықтай нәтиже бермегенін де атап өткен.

Бұл санкциялардан Украина дағдарысына еш қатысы жоқ адамдар – ресейлік шағын және орта бизнес өкілдері, француз фермерлері жапа шегуде. Саясатты экономикадан бөлектеген жөн.

Франция қақтығыс аумағындағы шиеленістің ушығуына жол бермеу және санкциялар қатаймауы үшін бәрін жасауға тиіс. Осы дағдарысты шешу үшін дипломатиялық қадамдарды жалғастыру қажет,  деді Қазақстан Президенті.

Енді Сирияға қатысты:  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі дағдарыс сол елдің ісіне өзге мемлекеттердің орынсыз араласуы себеп, деді. Және ол ықпалдардың  барлық халықаралық уәделерге қайшы екенін де еске салды.

Нұрсұлтан Назарбаев осындай әрекеттерді доғару - бұл мәселелерді шешуге мүмкіндік береді деген пікір білдірді. Бұл ретте Елбасы Астана біздің өңірде дипломатиялық хаб болу үшін барлық мүмкіндікке ие болып отырғанына назар аударды.

«Иә, біз осы Батыс пен Шығыстың арасындағы шекарада, мазасыз өңірде дипломатиялық хабқа айналғымыз келеді», – деді Мемлекет басшысы.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу