Қытай төрағасы мен Германия канцлері БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында не айтты? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытай төрағасы мен Германия канцлері БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында не айтты?

04.10.2015
Қытай төрағасы мен Германия канцлері БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында не айтты?

Сирия мәселесі БҰҰ-ның саяси дебатында қызу әрі қатқыл талқыланған негізгі тақырыптың бірі еді. Сирия соғысы АҚШ пен Ресей секілді бес қаруы сай, күштілердің арасына сына қағып тұр.

Бұған дейін де оңып тұрғаны шамалы еді, енді Ресей әуе күштері киліккен соң саяси полимика асқынып кетті. Тіпті екі ел лидерлерінің бір-бірімен салқын амандасуы да сан-алуан ойға жетеледі.

Алқалы жиында Украинада бейбітшілік орнату,  терроризммен күрес, гуманитарлық көмек мәселелері де ірі-ірі елдердің  лидерлерінің мәлімдемесіне  арқау болды.

Мысалы, Қытай төрағасы мен Германия канцлері Ассамблеяның мінберінен не айтты?

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70-сессиясы аясындағы жалпысаяси дисскуссиялар Бас хатшы Пан Ги Мунның сөзімен ашылды. Әлемнің бас дипломаты өз мәлімдемесін жер тұрғындарының басына түскен тауқыметке арнады.

Тағы бір сөзінде ол  Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі Иранның ядролық проблемасын шешерде танытқан ауызбірлікті Сирия, Украина, Йемен мәселелерінде де көрсете алады деп үміт білдірді.

Пан Ги Мун  келтірген деректерге қарағанда, планетамызда қазір 60 миллиондай адам үйлерін тастап, босып жүр. Ал, 100 миллиондай тұрғынға гуманитарлық көмек қажет. 

Пан  Ги Мун, БҰҰ Бас хатшысы:

Біздің мақсатымыз айқын. Миссиямыздың орындалатын мүмкіндігі бар. 2030 жылға дейін кедейшілікті жою – негізгі міндетіміз. Бүкіл әлемде бейбітшілік орнату - әрдайым алда тұрған мақсат. Ал, 100 миллион адамға дәл қазір гуманитарлық көмек қажет. Бұл дағдарысты еңсеру үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық қауымдастықтан 20 миллиард АҚШ доллары көлемінде көмек сұрауға мәжбүр.

Әлем елдерінің құрылтайында қозғалған негізгі проблемалардың бірі – Сириядағы соғысты доғару.  Бұл өзекті мәселеге АҚШ президенті Барак Обама мен оның ресейлік әріптесі Владимир Путин арнайы тоқталды. 

Екі лидер бір мәселені шешуде екі түрлі ұстаным білдірген. Ақ үй басшысы мәлімдегендей, Вашингтон Араб Республикасындағы әскери жанжалға нүкте қою үшін тіпті Иранмен, Ресеймен жұмыс істеуге әзір.

Сириядағы соғыс 2011 жылы басталды. Содан бері президент Башар Асад армиясы мен қарулы оппозиция арасындағы қақтығыстардан кемінде 200 мың адам қаза тауып, миллиондаған тұрғын босып кетті. Обаманың ойынша, елді осындай жағдайға жеткізген Асад биліктен кетуі керек.

Барак Обама, АҚШ президенті:

Құрама Штаттар бұл жанжалды тоқтату үшін кез келген елмен, солардың ішінде Ресеймен, Иранмен жұмыс істеуге әзір. Бірақ, бір нәрсені мойындауымыз керек: көп қан төгілді, талай адам қырғынға ұшырады. Осыны біле тұра біз бұрынғы жағдайға қайтып орала алмаймыз.  Реализм соғысты доғару жолында ортақ мәмілені талап етіп отыр. Бірақ, сол реализм жаңа үкіметті Асадсыз құруды да қажет етеді.

Бас Ассамблеяның мінберінен Владимир Путин де сөз сөйлеп, Батыстың Асадпен ынтымақтасудан бас тартуын үлкен қателік деп ескертті. Себебі, Кремль басшысының пікірінше, Асад армиясы - ИЛИМ қарулы тобымен күресіп жатқан жалғыз ғана күш.

Бүгінде Ресей Сирия әскеріне қару-жарақ жеткізіп отыр. Ал, сәрсенбіде Су-24 ұшақтары Араб Республикасында Ислам атын жамылып, соғысып жатқан экстремистерге қарсы әуе шабуылын бастады.

Мәскеудің бұл операциясы жағдайды ушықтыра түсуі мүмкін, деген пікірлер жиі айтылып отыр. Асад әскерін қолдайтынын мойындай отырып, Путин мұсылман мемлекеттерін де экстермистерге бірлесіп тойтарыс беруге шақырды.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

Ресей әрдайым терроризмнің барлық формаларымен қатаң әрі жүйелі түрде күресіп келеді. Қазір Иракқа да, Сирияға да лаңкестікке қарсы тұру масқсатында әскери және техникалық көмек беріп отырмыз. Біздің ойымызша, террористермен бетпе-бет келген Сирия үкіметімен, оның армиясымен серіктестік орнатпау - үлкен қателік. Ал, содырлардың идеологиясы Ислам мен оның адами құндылықтарын қаралап отыр. Осы жерде мұсылмандардың рухани жетекшілеріне сіздердің беделдеріңіз бен ақылдарыңыз дәл қазір өте маңызды, дер едім.

Бас Ассамблеядан кейін Обама мен Путин  кездесіп, 90 минут бойы келіссөз жүргізді. Бұл  - екі лидердің 2 жылдағы алғашқы бетпе-бет кездесуі.

Олар Сирияда Ресей мен Батыстың әскері жанжалдасып қалмауы тиіс деген тоқтамға келді. Және де Америка президенті мәлімдегендей, Украинада бейбітшілік орнату үшін алдағы бірнеше айда Минск келісімін жүзеге асыруға мүмкіндік бар.

Ал, Қытай Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгер әскерінің қатарына 8 мың жауынгер беруге әзір. Мұны Бас Ассамблеяның жалпысаяси пікірталастары барысында  президент Си Цзиньпин мәлімдеді.

Сонымен қатар, Қытай  Африка одағына алдағы бес жылда 100 миллион АҚШ долларының әскери көмегін, ал дамушы мемлекеттерге  жәрдем ретінде 2 миллиард АҚШ долларын бөлмек.

Мұның алдында Халықтық  Республиканың төрағасы АҚШ президенті Барак Обамамен кездесті. Сол жүздесуде  Си Цзиньпин өз елінің атмосфераға тарайтын улы газдың мөлшерін кемітуге атсалысатынын атап өтті.

Ал, Бас Ассамблея мінберінен жасаған өзге бір мәлімдемесінде Қытай басшысы бай елдерді кедей мемлекеттерге қысастық жасамауға шақырды.

Си Цзиньпин, ҚХР төрағасы:

Егемендік теңдігі Біріккен Ұлттар Ұйымының хартиясында бекітілген. Яғни, әлемнің болашағы барлық елдердің теңдігіне негізделуі керек. Ірі, мықты, бай елдер әлсіз әрі кедей елдерге өктемдік етпегені абзал.  Әр мемлекеттің тәуелсіз әлеуметтік жүйе мен даму жолын таңдауға құқығы бар.

Қазір Еуропа елдері үлкен миграциялық дағдарысқа тап болғаны белгілі. Таяу Шығыс пен Африка елдеріндегі кедейшілік пен соғыстан,  қуғын-сүргін мен жұмыссыздықтан бас сауғалап, қарт құрлыққа үдере көшкен жүздеген мың мигрантты тоқтату мүмкін болмай отыр.

Мұқтаж жандарға пана беру мәселесі Еуропа елдерінің қарым-қатынасына сызат түсіріп, тіпті Шенген келісімінің күші жойылуы мүмкін деген қауіп туындап отыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының мінберінен сөйлеген сөзінде Германия канцлері Ангела Меркель әлем мемлекеттерінің лидерлеріне үндеу жолдады. Неміс үкіметі басшысының ойынша, дүниежүзі елдеріне босқындықтың себебімен күресетін уақыт жетті.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

Біз сәтті даму мен бейбітшілікті басты бағыт етіп ұстануымыз керек. Миллиондаған адам соғыстан, террордан, зорлық-зомбылықтан босып кетуге мәжбүр. Мұндай жағдайды II дүниежүзілік соғыстан бері алғаш рет көруіміз. Туған жерін тастап кеткендер қамқорлыққа мұқтаж. Олар өздерінің болашағының айқын болғанын қалайды. Ал, біздің міндет – мигранттарды мұндай жағдайға душар еткен себептерді қайтсек те жою.

Соңғы мәліметке қарағанда, Еуропа елдеріне биыл енген мигранттар саны 500 мыңға жуықтап қалды. Олардың дені – Сирия, Ирак, Ливия, Судан, Эритрея сияқты мемлекеттерден.

Дегенмен, Еуропа одағына мүше елдер босқындарды орналастыру мәселесі бойынша алуан түрлі ұстанымда. Жарты миллион тұрмақ, олар 120 мыңдай босқынға квота бойынша пана беруге келісе алмай отыр.

 

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,  Арыстан РЫСБЕК

 

Хабарламаларға жазылу