Қазақтың тілі тариxта тұңғыш рет БҰҰ бас мінберінен естілді
Өткен жұманың соңы, осы жұманың басы әлемнің бұқаралық ақпарат құралдары түгел дерлік Нью-Йорктен хабар таратты. БҰҰ-ның саммиті өтіп, жаһан бір желпінді.
АҚШ пен Ресей, Батыс пен Ресей секілді алпауыттар арасы салқын тартып, ерегес, бақталас саясат басталғалы «кім не айтады?», «кім қандай қимыл жасайды?», деген сауал көптің көкейінде тұрды.
БҰҰ-ның мерейтойлық саммитіне қазақ делегациясын бастап, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Қазақ тілінде баяндама жасап, салмақты бастамалар көтерді.
БҰҰ жаһанды жайлаған кедейшілікпен, әділетсіздікпен күресті жалғастырады. Бұл мақсатқа xалықаралық ұйым екі жүздей елді жұмылдырды.
Құрылым алдағы 15 жылға дейінгі аралықты қамтитын даму құжатын түзді. Тиянақты бағдарлама үш жыл бойы толықтырылған.
Нью-Йоркте мемлекет басшылары тұрақты даму саммитіне қатысып, БҰҰ жаңа стратегиясын талқылады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан ғаламшардың дамуын көздейтін жаһандық маңызы бар құжатты қолдайды. Бұл - тұрақты даму мақсаттарының орындалуы үшін негізгі жауапкершілікті көтеретін ұлттық үкіметтер. БҰҰ-ның іргелі бағдарламасының мақсаты да, бағдары Қазақстанның басымдықтарымен сәйкес келеді.
Жаңа құжат 17 мақсат, 169 міндеттен тұрады. Он жеті мақсатын ірі үш топқа біріктіруге болады: экономика, экология және әлеуметтік түйткілдер.
Бүгінде жаһанда бір миллиард екі жүз миллион адам тұлдыр кедей, сан мыңдаған босқынды соғыс діңкелетті. Тыныш өмір үшін олар еуропалықтарға жалшы болуға дайын. Әлеуметтік әділетсіздікті тыюдың жолы - гуманитарлық көмек емес, дамушы елдердің экономикасын көтеру.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Еуразия құрлығындағы елдер үшін ең маңыздысы - Ұлы Жібек жолын жаңа мазмұнда жандандыру. Бұл жоба Азия-Тынық мұxиты аймағынан Еуропаға дейінгі жолды қысқартып, көптеген елдерге игілік әкеледі. Біз бүгінде инфрақұрылым қалыптастырып, Тынық мұxиты, Еуропа мен Таяу Шығысты жалғайтын теміржол, автокөлік жолын салып жатырмыз. Үлкен Еуразия идеясы төңірегіне ұйысатын уақыт жетті. Бұл бағыт Еуразиялық экономикалық одақ, Жібек жолы экономикалық белдеуі мен Еуропалық одақты біріктіреді.
Алайда, жаһандағы ең ықпалды ұйымның сөзі өтпейтін одағай елдер бар. Олар соғысты қолдан жасайды, ресурсқа таласта xалықаралық шарттарды белден басады. Оларда империалистік пиғыл бар.
Алыптарға Таяу Шығыстағы текетірес керек, Африкадағы аштық пайдалы, Азияны уысынан шығарғысы келмейді. Олар қуатты армия жасақтау жолында жарысуда.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
XXI ғасырда табысты мемлекеттерді қару арсеналы емес, озық идеяларды ілгерілету қабілеті ерекшелейді. Стокгольм университетінің зерттеулеріне қарағанда, өткен жылы әлем елдері 1,7 триллион АҚШ долларын әскери мақсатқа жаратқан. Бұл - жаһандық ішкі жалпы өнімнің 2,3 пайызы. Сондықтан, мен барлық мемлекеттерді қорғанысқа арналған бюджеттің бір пайызын БҰҰ арнайы қорына аударуға және тұрақты даму мақсаттарын орындауға жаратуға шақырамын.
Саммит кезінде БҰҰ екі жылдық бюджетті бекіді. Ұйым шығынды азайту үшін шенеуніктер санын ықшамдайды. Президенттердің ұсынысымен 219 қызмет түрін қысқартуға келісті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
БҰҰ ішінде қырық мың шенеунік бар. Олар қайда істейді, не істеп жатыр? Оны ешкім білмейді. Бес жарым миллиард АҚШ доллары тек жалақыға жұмсалады екен.
Ал, келесі күні өткен Бас Ассамблеяның жетпіс жылдық мерейтойына арналған сессияда ұйым жұмысын реформалауды көздейтін талай ұсыныс айтылды. Ең өткір мәлімдеме - Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйымның штаб-пәтерін Азияға көшіру туралы ойы.
Жетпіс жыл бұрын Женевада Ұлттар Лигасының орнына Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылған кезде оның штаб-пәтерін Нью-Йоркте орналастыру туралы тариxи шешім қабылданды. Сөйтіп, әлемнің даму орталығы Еуропадан жаһандық өрлеудің жаңа орны – АҚШ-қа ауысты.
Әлем бүгінде өзгеше қалыптасып келеді. Жаңа ғасырда жаңғыру кезегі Азияға ауысады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз елорданы Алматыдан Астанаға көшірген секілді бұларды да біраз сілкіп алу үшін Азияға көшіріңдер деп айттым. Азияда өсіп-өркендеп келе жатқан Шанxай бар, Сингапур бар, Сеул бар, Астана бар. Оны талқылау оңай жұмыс емес.
Біріккен Ұлттар Ұйымы жанында Экономикалық және Әлеуметтік кеңес бар. Президент сол құрылымды Жаһандық даму кеңесіне айналдыруды ұсынды.
Оның құрамына Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы сайлаған мүше мемлекеттер және Халықаралық валюта қорының басшылары ене алады. Сөйтіп, кеңес жаһандық экономикалық реттеуші рөлін атқара алады. Құрылым тіпті жаңа әлемдік валютаны ілгерілете алар еді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жаһандық дағдарыспен күресті қазіргі кезде заңдылық, демократиялылық, бәсекелестік, тиімділік және халықаралық бақылау ұстанымдарына сай келмей отырған эмиссия мен әлемнің резервтік валюталары айналымын реттеуден бастау қажет. ХХI ғасырда әлемге сапалық тұрғыдан жаңа қаржы құралдары керек. Жаһандық орнықты даму мен өсіп-өркендеудің мақсаттары мен міндеттеріне сай келетін ұлтүстілік әлемдік валюта әзірлеу бағытындағы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше елдердің күш-жігерін біріктіру қажет.
Қазақстан – ядролық полигонды жапқан және ауқымы жағынан төртінші жойқын қару-жарақтан бас тартқан ел. Сондай-ақ, Орталық Азияда ядросыз аймақ құрған тарихтағы тұңғыш мемлекет. Ендеше, бұл тәжірбе жалғасын табуы керек.
Президент Ядролық қарусыз аймақты әлемнің өзге өңірлерінде, соның ішінде Таяу Шығыста да құруға талпынайық, деді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазіргі таңда мемлекеттердің бейбіт мақсатта қолданылатын атомға және ядролық отынға кемсітусіз қол жеткізу құқығын кепілдендіру қажет. Дәл осы себепті біз Қазақстанда МАГАТЭ-нің Халықаралық аз байытылған уран банкін құру туралы келісімді қолдап, қол қойдық. Бұл – жаһандық ауқымдағы оқиға. Әлем оны атомды қауіпсіз әрі бейбіт мақсатта қолданудың маңызды қадамы ретінде бағалауға тиіс.
Енді жаһандағы екі алып ел арасындағы текетіреске келсек. Америка Құрама Штаттары санкциялық саясаттан бас тартпақ емес.
Анығында, санкциялар - Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына да Халықаралық құқық нормаларына да қайшы әрекет. Капитал айналымын қасақана шектеу - миллиондаған адамдарды қайыршы етеді, мемлекеттердің жарқын болашағына балта шабады.
Елбасы халықаралық санкциялар қолдану құқығы тек Қауіпсіздік Кеңесінің ерекше құзырында болуы тиіс, деді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл қағидаттарды сақтамау - қазіргі әлемдік тәртіптің негіздерін ыдыратады. Қырғи-қабақ соғыстың сарқыншағына айналады. Әмбебап ұйым ретінде БҰҰ ұйымын алмастыра алатын балама жоқ екенін атап айтқым келеді. Елдердің өздерінің халықаралық міндеттемелерін орындауы - қазіргі әлемдік тәртіптің ең басты мәселесі болып қала береді. Қазақстан Украина дағдарысын бейбіт жолмен реттеуді және Минск келісімін қақтығысушы тараптардың толық орындауын дәйекті түрде жақтап келеді.
Нью-Йоркте ел мәртебесін көтерген тағы бір қадам - қазақтың тілі тариxта тұңғыш рет БҰҰ бас мінберінен естілді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақтың тілі тұңғыш рет естіліп отыр. Бұл - жақсылықтың нышаны. Біздің тіліміз дүние жүзіне естілсін, құлақтарына сіңсін. Біз әрі қарай жылжимыз.
Енді бір жаһандық түйткіл - Таяу шығыста Даиш деп аталатын мойындалмаған мемлекет бар. Әлемдік қауымдастық бұл террорлық ұйыммен күресте күш біріктіру керек деп отыр.
БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында президенттер қатысқан үшінші жиын - экстремизмге қарсы саммит. Осы жиында Елбасы терроризмді жаһандық қатер деп тану керек, деді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
БҰҰ антитеррорлық коалициясын құрып, зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизмге және террористік қылмысқа қатысы бар адамдарды іздеу, ұстау және экстрадициялау бойынша бірыңғай іс-қимыл тетігін әзірлеген жөн. Оларға қолдау көрсеткендерге қатысты ең қатаң санкциялар қолданылатынын нақтылап бекіткен жөн.
Жайнагүл Төлеміс, тілші:
Кейде биік мінберден қызу ой айтқанмен, лаңкестің ұйымдарды астыртын қолдайтын елдер бар. Олар жанкештілерді саяси ойындардың қуыршағына айналдырғысы келеді. Олар әлемдік мәміледен ауылын алшақ салады. Оларды райынан қайтару ұзаққа созылары xақ.
Жайнагүл ТӨЛЕМІС
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы