Қызу науқанға ауа райы кедергі болып тұр
Қазір бізде де майдан, бірақ өзге жұрт секілді қан емес, тер төккен майдан. Теріскей облыстарда қазір орақ науқаны жүріп жатыр. Жылдағы жанталас қой, диқан қауым суық түспей тұрып, егінді орып, ұшырып, кептіріп, жиып алуы тиіс.
Бірақ биыл орақ тағы созылып кетуі мүмкін. Ерте көктемде басталған үздіксіз жаңбыр алқаптарды суға бөктірді. Ақырында ми батпаққа айналған танапқа дән сеппек түгілі техникамен жүрудің өзі мұң болды.
Сөйтіп, көктемгі егіс жұмыстары мамырдың соңынан маусымның ортасына дейін ұласты. Соның салдарынан бидай да кеш пісті, орақ та кеш басталды.
Қостанай облысы биыл 4 миллион 500 мың гектар алқаптан өнім жинауы тиіс еді. Күні бүгінге дейін соның 2 миллион 850 мың гектары ғана орылған.
Яғни, жиын-терім бел ортасынан енді ауды. Бұл - оңды көрсеткіш емес, өйткені күн суытқан сайын өнімнің сапасы кеми береді.
Жанар-жағар майы жеткілікті, техникасы сақадай сай болса да, шаруалардың қолын күн райы байлап отыр.
Бұл комбайндардың жүргенінен тұрғаны көп. Сынғаннан емес, себебі көп. Әйтпесе, күні-түні тоқтамауға бар.
Астықты өндіріп оратын алапат күшті техниканың аяғын тұсайтын - ылғалдың тиісті мөлшерден артықтығы. Түнде шық түссе, ол кепкенше түс ауады. Бұл аздай, дүркін-дүркін жаңбыр жауады.
Байбол Ибраев, комбайншы:
Әйтеуір техниканың мықтылығы ғой, шауып жатырмыз. Шамасын байқап тұрсыз, мұның қамтитын аумағы 11 метр. Жаңбырға қарамайды.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Қостанай облысындағы егіннің тең жартысына жуығы әлі мына алқаптағыдай әлі мұрты бұзылмай тұр. Бұған бірінші себеп - көктемгі егіс өте кеш аяқталды. Ол аздай, жаз салқын болып, дән уақытында пісіп жетілмеді. Енді, міне, күз айлары да жауын шашынды болып, жиын-терінге кедергі келтіріп тұр.
Жамбыл Амантаев басқаратын шаруашылық биыл 10 мың гектар алқапқа бидай еккен. Егінге орақ салғандарына бір айға жуықтады. Әзірге гектарынан 16 центнерден өнім алып жатыр.
Алдағы уақытта бұл көрсеткіш жоғарылай түсуі мүмкін. Қиын жері - өнімнің сапасы төмен. Қамырлылығы 20 проценттен аспайды.
Ал, бидай ұн тартуға жарау үшін қамырлылығы 23 проценттен кем болмауы керек.
Жамбыл Амантаев, шаруашылық жетекшісі:
Бидайға күннің ыстығы да керек. Сапасы төмен. Сүрлемге қалдырған жерлер жақсы. Ал, қалғаны нашар. Науқан созылып кетті. Енді 40 процент егін қалды. Ауа райы жақсы болса, 1 аптада бітіреміз.
Шаруа сол сүрлемдік жердің өнімі қамырлылық деңгейін 23 пайызға көтеруге мүмкіндік береді деп үміттенеді. Қалай болғанда да, өнімге сұраныс бар. Тек бағасы арзандау.
Жамбыл Амантаев, шаруашылық жетекшісі:
Корпорация 3 класты 42 мыңға қойды. Ал, 4-5 класс одан 5-7 мыңға арзан болады. Доллардың бағамы өзгерді ғой. Сондықтан бағаны көтерген жөн. Біздің жабатын несиелеріміз бар.
Шаруалардың алаңдайтын жөні бар. Ауа райының қолайсыздығынан облыс бойынша 4-5 класты бидайдың көлемі көп. Ал, азық-түлік келісімшарт корпорациясы төменгі классты астықтың бағасын әлі бекіткен жоқ.
Нұрсұлтан Қабделов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
Бидайдың сапасына келсек, астық қабылдау кәсіпорындарына 835 мың тоннадан астам астық түсті. Соның 86 пайызы немесе 719 мың тоннасы - жұмсақ бидай. Оның 3 кластысы 452 мың. 4 кластысы 173 мың. 5 класты 81 мың тонна. Сонымен 2-3 класты бидай 63 пайыз, 4-5 класты бидай қалған 37 пайызды құрайды.
Көңілге демеу болатыны - қазір облыста жиналған дәнді сақтау жағынан қиындық жоқ. Облыс бойынша күні бүгінге дейін небәрі 3 миллин тоннаға жуық астық орылды.
Ал, аймақтағы сақтау қоймаларының сыйымдылығы 7 миллион тоннадан асады. Мұның 4 миллион тоннаға жуығы - элеваторлар болса, қалғаны - өндіруші кәсіпорындардікі.
Биылдың өзінде жаңадан 8 астық сақтайтын қойма мен 15 кептіргіш салынған. Сондықтан элеваторлар алдында кезек күтіп, кептеліп тұрған көлік жоқ.
Мырзахмет Шәкеев, элеватор басшысы:
Күніне 2-3 тонна астық қабылдаймыз. Мұндай көлемдегі өнімді тәулік ішінде кептіреміз. Сосын сақтауға жіберіледі. Әкелініп жатқан бидайдың ылғалдылығы 18-23 пайыз аралығында. Орақ науқаны созылып кетсе, ылғалдылық жоғарылауы мүмкін. Әйтсе де біз бәріне дайынбыз.
Александр Климко - Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы егін орағын алғашқы болып тәмамдаған диқандардың бірі. 4 мың гектарға бидай еккен.
Шығымдылығы гектарына 27 центнерден келді. Алты ай жаз төгілген тердің өтеуіндей болып қырманда қызыл дән үйіліп жатыр.
Александр Климко, шаруашылық жетекшісі:
Қазір астықты тазалап жатырмыз. Ал, мына тазартылып болған бидайды бүгін алып кетеді. Өнімге сұраныс жақсы. Бағасы сәл төмендеу. Алайда шығын мол болғандықтан, бұл баға да бізге тиімді деп есептеймін. Өтпегенін мал азығына жаратамыз. Бізде ешқандай қалдық қалмайды.
Теріскейдегі диқандардың басым бөлігіне егін орағын аяқтаудың ауылы әлі алыс. Сондықтан, олар әрбір қолайлы күнді тиімді пайдалануға тырысады. Комбайндар тіпті күннің көзі ашық болса, түні бойы тыным таппай, жұмыс істеуге бар.
Ағзам Тастеміров, Айыртау ауданының әкімі:
Былтырғыдан сабақ алған шаруалар қазір қызу жұмыс істеуде. Ауа райы да қолайлы. Комбайншылар екі ауысыммен жұмыс істеуде. Негізгі жұмыстың 80 пайызы аяқталды.
Астықты аймақтардағы диқандарда қазір дамыл жоқ. Мақсат - көктемде көп тер төгіп, ала жаздай баққан бір түйір дәнді ысырап етпей, жиын-терінді қолдан келгенше табысты аяқтау.
Дәуренбек ӘБДІБЕК
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы