Ресейдің Сочи қаласында кешелі бері баспасөз форумы өтіп жатыр. Бір мыңға тарта журналист барыпты.
Шара аясында біздің елшіліктің ұйымдастыруымен, Қазақстанның күндері өтті. Онда Президент Н.Назарбаев туралы жазылған кітап таныстырылды.
«Жасампаз. Нұрсұлтан Назарбаев: Ресейден көзқарас». Ресейдің үздік публицистері мен белгілі журналистері жазған кітап осылай аталады.
Туындыны Всеволод Богданов, Владимир Губарев, Леонид Млечиндер бастап, 8 қаламгер жазған. Барлығы да «Ресейдің алтын қауырсындары» деген атақ алған танымал публицистер.
400 беттік туындыда авторлардың бірі Нұрсұлтан Назарбаевтың реформаторлығына тоқталса, енді бірі оның ядролық қарудан бас тартқан батыл қадамына баға берген.
Рафаэль Гусейнов, Ресей журналистер одағының хатшысы:
Бұл кітаптың алғашқы таныстырылымы Мәскеуде болған. Біз енді оны журналистер қауымына таныстырып жатырмыз. Бұл бірегей тұлға туралы бірегей жоба. Кітаптың авторлары Қазақстан туралы, оның басшысы туралы жақсы біледі. Олар қазақ Президентін жан-жақты көрсетіп, жаңа қырынан танытуға тырысты. Оқырман қауым өте жақсы қабылдап жатыр. Мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасуы керек.
Фестивальдің аясында Президент туралы кітап қана емес, «Қазақфильм» киностудиясы түсірген көркем және деректі фильмдер көрсетілді.
«Жаужүрек мың бала», «Балалық шағымның аспаны», «Шал» сынды туындыларды көрермен ерекше ықыласпен тамашалады, деп хабарлады Сочиде жүрген тілшіміз.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ