Алматының атын әлемге әйгілеген атақты апорт - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматының атын әлемге әйгілеген атақты апорт

27.09.2015
Алматының атын әлемге әйгілеген атақты апорт

Күз жиын-терімнің, молшылық пен тоқшылық мезгілі ғой қалайда. Теріскей облыстарда егінге орақ түсіп, қанасына симай өскен бидайды қым-қуыт жиып, майдан қылып жатса, күнгейде жеміс-жидек, көкөніс теру жалғасты.

Жапырақты сарғайтып, бау-бақшаны жайқалтқан мезгілдің де өз кереметі бар. Несібесін жерден жиятын еңбекші жұрт үшін  ерекше уақыт. Алматының бағбандары биыл өте жайлы жыл болды деп отыр.

Тілшіміз Мирас Мұқаш бау-бақшаны аралады, Алматының атақты апортының дәмін татты. Алматы десе апорт қатар аталатын заман болған, Алматы мен апорт талай өнерпазға шабыт берген егіздей ұғымдар еді бір кезде.

Мирас Мұқаш, тілші:

Мен қазір Алматының нағыз апортының арасында жүрмін. Алматылық ағамыз Атамұрат Шәменов ағамыздың ауласында апорттың сирек кездесетін тіпті жоғалып бара жатқан түрлері сақталып тұр екен. Дүкендегідей сияқты емес, иісі мұрын жарады.

Алматының атын әлемге әйгілеген атақты апорт екеніне еш күмән жоқ. Хош иісі алыстан аңқитыны бір бөлек, доптай дөңгеленген көлемі де апортты өзге өсімдіктерден ерекшелеп тұрады.

Атамұрат Шәменов, қала тұрғыны:

Ескі апорттың иісі ол өзгеше иіс. Базарлардан Қонаев апорты, Кремль апорты деп сатқандарды анау жиектеріне ектім. Иә, олар қып-қызыл үлкен болып шығады бірақ иіс жоқ. Дәмі де басқаша.

Атамұрат Шәменов осыдан жиырма жыл бұрын бірнеше гектар жерді сатып алған. Өзгелер сияқты алма ағаштарын отап тастамады. Қазір 22 түпті баптап, апорт сортын осылайша сақтап отыр. Түрлі микроэлементтерге бай алманың адам денсаулығына да пайдасы зор.

Атамұрат Шәменов, қала тұрғыны:

Мына алманы күніне бір рет жеген адам қыста суық тиіп ауырмайды екен. Біз соны біліп отырмыз. Жұбайымыз екеуміз алма жейміз. Анау-мынау аурулар бізге жұқпайтын болды. Сосын иммунитетке жақсы.

Алматының ежелгі атауы Алмалы екені белгілі. Жоңғар, Іле Алатауының бойынан тарай бастаған жабайы алма уақыт өте келе апортқа айналды. Алматының айналасында жабайы алманың 131 тұқымы бар.

Өкініштісі, апорт сиреп бара жатыр. Мәселен, бұрынғы алмалар 500 грамм тартқан. Ал, Атамұрат ағаның ауласындағылардың әрқайсысы 350-400 грамм.

Алматы облысының Жанат атты ауылы бұл. Қазір алма жинау науқаны жүріп жатыр. Сары, қызыл алмалар апорт емес. Бірақ, ұзақ уақыт сақтауға қолайлы сорт. Шаруа қожалығының өкілдері биыл өнімнің мол болғандығын айтады. Несібесін алмамен тауып жүрген жандар үшін күздің келуі - берекенің енуімен тең.  

Марат Талғарбекұлы, Еңбек ауылының агрономы:

Бұл өзі шаруашылық 1993 жылдан бері қарай келе жатыр. Мұнда алма 2003 жылдан бастап себілген, 3 жылдай өсті. Сосын жеміс бере бастады бұл алмабақ. 

Шаруаларда керемет дәстүр бар. Жиған-терген өнімді тек қана саудаға шығармайды. Балалар мен қарттар үйіне, мектептерге тегін таратады. Бұл келген ырысты кемітпейді. Керісінше, арттыра түседі, деген түсінік қалыптасқан. Алма өз бетімен өскенімен оны суарып, айналасын тазалап отыру да үлкен еңбек.

Саяхат Шонанов, шаруа қожалығының жетекшісі:

Жылда осы, бастарын кесіп, түптерін ақтаймыз. Қыста кесеміз. Күзге қарай ортасын жыртып, қысқа қарай кесеміз. Дайындаймыз көктемге. Көктемге түптерін қырып, тазалаймыз жақсылап.

«Егін ексең, емерсің». Көктемнен бастап баптап-күткен өнімдері шаруаларға қыс бойғы азық болатыны анық. Бұл жердегі дастархандағы астың 90 пайызы бау-бақшаның тартуы.    

Гүлжанат Бейсенбаева, Еңбек ауылының тұрғыны:

Мынаның ішінде баклажан, қызанақ, болгар бұрышы, сарымсақ, пияз, аскөк бар.   Компот биыл қайнатқаным. Биыл шамалы шыққан, ендігі жылы көп шығар.

Мирас Мұқаш, тілші:

Бізде «Жер жерге қаратпайды», деген әдемі сөз бар. Іле ауданына қарасты Еңбек ауылында қазір еңбек қызып жатыр. Көктемде еккен өнімін жинап-теріп жатқан ағайын «Адал жұмыс істесең, аш қалмайсың», дейді.

«Еңбек – бәрін де жеңбек». Ауыл адамдары өздеріне тиесілі жерден игілік көрмек ниетте жиын-терінге құлшына кіріскен. Өнімді Алматының дүкендеріне өткізеді. Жексенбі сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі жәрмеңкеге шығарады. 30 гектар жердің әр гектарынан 85-90 тонна пияз шығады.

Тілек Жамағатқызы, Шелеккемір ауылының тұрғыны:

Шет елден осы өнімнің барлығын сатып алсақ, бізден де қаншама қаражат кетеді. Сондықтан, өзіміз егіп, өзіміз алсақ, бізге тиімді болады.

Ал, қауын-қарбыз жинау науқаны аяқталып қалыпты. Күн қалай құбылса да қарбыз бұзылмайды. Сондықтан, шаруалар көктемнен басталған тіршіліктің жемісін жейді, қызығын көреді қыс бойы.

Марат Талғарбекұлы, Еңбек ауылының агрономы:

Міне, мына 4 гектар жерге қарбыз себілді. Осы жерден біз гектарына 30-35 тонна қарбыз алдық. Міне, мынау алынған қарбыздың қалғаны. 

Біз Алматы аймағының Іле ауданына ғана бардық бұл жолы. Алматының айналасындағы аудандардың бәрінде науқан қызған қазір. Барға қанағат, алған өнімге шүкіршілік етіп жанталасып жүрген бағбандардың бағы да, бары да жерден жиналған ырыс екені белгілі. Жер-жерге қаратпайды. Осыған тағы көз жеткіздік.

Мирас МҰҚАШ

Хабарламаларға жазылу