Электрондық коммерция деген не? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Электрондық коммерция деген не?

27.09.2015
Электрондық коммерция деген не?

Киім-кешек саудасының көрігін қыздырып отырған бір тәсіл интернет-дүкен. Бізде әлі керемет дамып кеткен жоқ. Дегенмен, соңғы екі жылда интернеттегі сауда 3 есе көбейгені анықталды. Электрондық коммерция деген не?

Жалпы, «Интернет дүкен» дейтін ұғым алғаш рет Америкада 1994 жылы пайда болған. Бастапқыда тек кітап, аудио, видео таспалар мен дискілер ғана сатып алуға болатын. Жыл өткен сайын тауар түрі де, тұтынушы саны да көбейе бастады.

Мысалы, әлемде интернет арқылы 2012 жылы $1,06 триллион, 2013 жылы $1,25 триллионға тауар сатылған. Былтыр көрсеткіш $1,51 триллионға жетсе, биыл жыл соңына дейін 1,77 триллион болады деген болжам бар.

Әрине, көрсеткіштің көбейе беретініне күмән жоқ. Өйткені, интернет-дүкен тұтынушыға тиімді. Ал электрондық коммерцияның ел экономикасына әсері қандай, негізгі тауар айналымының қарқыны қалай? 

Интернет-дүкен. Бұл - сіз бен біздің күнде барып, анау-мынау сатып алатын дүкеніміз емес. Ол - тауарға тапсырыс берудің заманауи түрі. Электронды түрде. Соңғы кездері жаңа дүниеге жаны құмар жандар дәстүрлі сауданы ұмытып барады. Сандар сөйлесін. 

Былтыр электрондық коммерция айналымы 2 миллиард долларға жеткен. Жақсы-ақ. Бірақ, қомақты қаржының тек 29 пайызы ғана елде қалды, қалғаны басқаның қалтасына кеткен.

2012 жылы да қазақстандықтар 1,5 миллиард долларға тауар сатып алса, оның тек 60 миллион доллары ғана өзімізде қалған. Яғни, дөңгелектесек, 10 адамның 1-і ғана елдегі интернет-магазинге, басқа 9-ы алыс-жақын шетелге тапсырыс береді.

Сол тоғыздың бірі – Әсем Мырзаханқызы. Сәнге мән беретін бойжеткен үшін берідегі Беларусь, қасымыздағы Қытай, арыдағы АҚШ-тың тауарларын алу - арман емес.

Әсем Мырзаханқызы, қала тұрғыны:

Мен кез-келген затқа интернет арқылы тапсырыс беремін. Киімдерді, өзіме керек косметиканы. Мысалы, үстімдегі көйлек пен сағатты мен Америкадан тапсырыс беріп, алғыздым.

Әсем Изатқызы, тілші:

Ғаламторы бар жұрттар, барды-жоқты алғызды. Айшылық алыс жерлерден, көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам тауар алғызды. Расында қазір, мұхиттың ар жағындағы арман дүниелерге демде қол жетеді. Тапсырыс берсеңіз болды, тауар сіздікі.

Ыдыс-аяқ, әшекей бұйым, тұрмыстық техника тағысын тағы. Қазір Қазақстан нарығында басқамен салыстырғанда Қытайдың тауары басым. Мысалы, мына шаш бұйралайтын құрылғы Қытай елінікі, көкөністі турайтын мына зат та көршінікі. Одан қалды Жапонның техникасы, Ресейдің дәрі-дәрмегі, Кореяның косметикасы, АҚШ-тың киім-кешегі көп бізде.   

Әсем неге отандық интернет-дүкендерге жүгінбейді? Себеп көп.

Сүйініш Әбділдин, «ҚазПошта» АҚ ақпараттық жүйелер департаментінің бас менеджері:

Бағаның жоғарылығы және қазақстандық интернет дүкендерді қазақстандықтардың біле бермеуі себеп.

Қазір бізде 1000-ға жуық интернет-дүкен бар. Түрлі деңгейде дамып жатыр. Түгелінің тағы бір тұралап тұрған тұсы – тауарларға таңдау аз.

Әсем Мырзаханқызы, қала тұрғыны:

Ал мына күртешені мен мүлде кимеймін. Себебі, бұл маған ұнаған жоқ. Қытайдан тапсырыс бергенмін. Тез келді, бірақ маған кішкентай.

Оған кім жауапты? Тапсырыс беруші ме, әлде алушы ма? Жеткізуші ме? Тауарды ары-бері жеткізетін елдегі бас компания «Қазпошта» биыл жыл басынан бері 3 миллионнан аса сәлемдеме тасыған. Оның 1,5 миллионы интернет арқылы берілген тапсырыстар.

Тауарларды ашып көру – заңға қайшы. Сол себепті компания сәлемдеменің ішінде не бар екенінен бейхабар. Тек уақытылы жеткізгені үшін төлем алады.    

Жауһар Үсенова, «Қазпошта» АҚ департамент директоры:

Интернет-дүкендермен келісімшартқа отырғанбыз. Біздерге оны интернет- дүкендер келісімшарт аясында төлеп береді. Бұл Қазақстандағы интернет-дүкендер. Ал шетелдегі интернет-дүкендердің сәлемдемелері бүкілдүниежүзілік одақтың конвенциясы бар. Сол арқылы төлемдерімізді асырамыз.

Заңда тыйым салынған тауарларға сұраныс жыл сайын артып барады. Есірткіге есі кеткендер интернет арқылы тапсырыс беруді әдетке айналдыра бастаған. Бірақ, мұндай әрекет жауапсыз қалмайды. Кеден қызметкерлерінің жіті бақылауында.

Жауһар Үсенова, «Қазпошта» АҚ департамент директоры:

Жөнелтуге тыйым салынған заттар тізімі бар. Сол бойынша жұмыс істейміз.

Интернет дүкендер алғаш рет АҚШ-та 90-жылдардың басында пайда бола бастады. Заман талабына сай бізде енді-енді қолға алынып жатыр. Ұтымды, ұтымсыз да тұстары көп.

Мынау - Астанадағы алғашқы интернет-дүкендердің бірі. Қазақстандық деген аты болғанымен, заты – Қытайдікі. Күніне 15-ке тарта тапсырыс алады. Түрлі баға, түрлі тауар. 

Назира Оспанова, менеджер-кеңесші:

Біздің компания нарықта үш жылдан бері бар. Тұтынушылар үшін барлық жағдай жасалған. Қалағандары осында дүкенге келіп тауар сатып ала алады. Бірақ, біздің басты клиенттеріміз ол интернет арқылы тапсырыс беретіндер. Жыл сайын сұраныс көбейіп жатыр.

Тұтынушы тілегі – заң. Қазір интернет-дүкені бар ағайын, тұтынушы тартудың түрлі тәсілін таба бастады. Мысалы, мына асүйге керек-жарақты сататын компания айына бір рет үгіт-насихат шарасын ұйымдастырып отырады. Сыйлықтар таратады, компаниясына кеңесші болуға үгіттейді. 

Мерей Елемесов, компания дистрибьюторы:

Біз 8 жылдан бері жоғары технологияда жасалған ыдыс-аяқтарды ұсынып келеміз.  Әлем бойынша 14 зауыт бар.  Тауарларымыз сонда өндіріледі.

Жалпы, шекара асып ары-бері өтетін, және ел аумағында жеткізілетін сәлемдемелерді зерттеп, санын есептеп отыратын, бір сөзбен айтқанда елдегі электрондық сауданы бақылайтын мекеме бар.

Қазақстандық интернет-бизнес және мобильді коммерция қауымдастығы деп аталады. Олардың зерттеуінше, қазақстандық интернет-сауда айналымы 2015 жылы 3,6 миллиард доллар болады.

Константин Горожанкин, Қазақстандық интернет-бизнес және мобильді коммерция қауымдастығының президенті:

Ресейдегі электрондық коммерцияның нарықтағы көлемі - 100 миллиард доллар. Украинада 3 миллиард. Біз интернет-сауда саласы бойынша осы екі елден кейін, ТМД елдері ішінде үздік үштіктеміз. Бірақ, жаһанның дамыған елдерінен әлдеқайда кенже келеміз. АҚШ, Қытай, Еуропа елдеріне ілесу үшін әлі біраз жыл керек.

Әрине, дамығаны жақсы-ақ. Көштен қалғанның кесірі көп. Ақшамыз шетел асып, өзгенің экономикасына жұмыс істеп жатыр. Өзекті өртейтін өкініш осы ғой. Бәлкім заңды күшейтсек, көп мәселенің түйіні тарқар.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу