Еуропа ең күрделі миграциялық дағдарысқа тап болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропа ең күрделі миграциялық дағдарысқа тап болды

13.09.2015
Еуропа ең күрделі миграциялық дағдарысқа тап болды

Еуропа II Дүниежүзілік соғыстан бергі ең күрделі миграциялық дағдарысқа тап болды. Миллиондаған адамның тағдырын қиындатқан мәселенің қашан шешілетіні белгісіз.

Таяу Шығыс, Африка, Азия елдерінен босып кеткендер  «Қарт құрлықтағы» бейбіт өмірге асық. Дегенмен, бақыт бәріне бұйыра бермейді. Жыл басынан бері олардың 2 мыңнан астамы суға кетті.

Ал, Түркия жағалауынан табылған 3 жасар баланың суреті бұл дағдарыстың символына айналып отыр. Бейкүнә бүлдіршіннің аянышты өлімінен кейін кейін Еуропаның миграцияға көзқарасы күрт өзгерді, босқындарға жәрдемдесуге құлшынысы артты.

Дей тұрғанмен еуропалықтардың  оларды  қабылдауға қатысты  ұстанымы әркелкі. Батыс Еуропа елдерінің көбі мигранттарға қол ұшын беруге адамгершілік құндылық тұрғысынан қараса, Шығыс Еуропаның Чехия, Словакия, Венгрия тәрізді мемлекеттері мигранттар Германияның ғана проблемасы деп мәлімдеді.

Ал, бақуатты араб елдері болса, босқындарды қабылдап отырған Түркия, Ливан тәрізді мемлекеттерге қаржылық көмек бөлгенімен, өздері оларға пана беруге қарсы. 

Еуропалық комиссия 160 мыңдай мигрантты одақтың әр мемлекетіне орналастыруға квота бөлу жоспарын ұсынды. ЕуроОдақ елдері бұл құжат бойынша келесі аптада талқылау өткізеді. Ал, АҚШ келер жылы 10 мыңдай мигрантты қабылдауға дайын екенін жетізді.

4 жыл бойы атыс-жарылыстардан әбден қажыған сириялықтарда тәуекелге бел буып, шекара асудан басқа амал жоқ. Бір кездері айрандай ұйып, бейқам тірлік кешкендердің бүгінгі күйі осы.

Олар күнделікті қауіп-қатерден құтылудың бірден-бір жолы  -   Еуропаға жетіп, жаңа өмір бастау деп біледі. Сондай сириялықтардың  бірі – Мұхамед. Босқынның кебін киген миллиондаған отандасы тәрізді бұл журналист жігіт те баяғы бейбіт өмірді аңсайды.

Мұхамед, сириялық журналист:

Басты мақсатым – бейбіт өмір мен тұрақтылыққа жету. Ал, Сириядағы соғыстың аяқталатынына үміт жоқ. Қарулы қақтығыс 10, 15 немесе 20 жылға созылуы мүмкін. Не боларын ешкім білмейді. Бір анығы – осылай жүре берсем, бір күні мен де өмірімнен қош  айтысармын, деп қорқамын.

Жыл басынан бері Қарт құрлыққа Жерорта теңізі арқылы 500 мыңдай мигрант жеткен екен. Сол көштің ауыртпалығы – Грекия, Италия, Венгрияның мойнына түсіп отыр.

Мәселен, осы аптада гректердің Лесбос аралына бір күнде 20 мыңдай босқын жеткен күндер болды.  Қазір Еуропа одағына мүше 28 мемлекет алдында 160 мың мигрантқа дереу пана беру міндеті тұр.

Бұл жоспар квотамен жүзеге асырылуы керек. Еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкердің сөзінше, босқындарды орналастыру мәселесінде сөзден іске көшетін уақыт жетті.

Жан-Клод-Юнкер, Еурокомиссия төрағасы:

Еуропа елдері 160 мың мигрантты қабылдауы тиіс. Мұны бірігіп қолға аламыз деп үміттенемін. Поэзия да, риторика да қажет емес. Әрекетке көшу қажет. Қазір Еуропа одағына ынтымақ жетпей тұр. 

Юнкер ескерткендей, миграциялық проблеманы шешуге атсалыспағандар қаржылық санкцияға ұшырауы мүмкін.

Жоспарға сай, 31 мыңнан астам босқынды Германия, 24 мыңдайын Франция, 14 мыңнан астамын Испания қабылдауы тиіс.

Қалғандары Польша, Голландия, Румыния, Бельгия, Швецияға таратылады.  Юнкердің ұсынысын Еуропа одағы елдерінің өкілдері дүйсенбіде кездесіп, талқылайды.

Мигранттарды қонақжай көңілмен қарсы алып жатқан елдердің бірден-бірі - Германия. Бұл елдің өзіне жыл соңына дейін Таяу Шығыс пен Африкадан 800 мың адам баруы мүмкін. Дублин келісімі бойынша олар одақ шекарасына өткен бойда тіркелуі керек.

Алайда, ресми Берлин бұл тәртіпке бағынып отырған жоқ. Германия босқындардың барлығын қабылдап, оларға көмекке 6 миллиард еуро қаржы бөлмек. Өйткені, канцлер Ангела Меркельдің пікірінше, миграциялық дағдарысты еңсере алмаса, Еуропа адам құқықтары мен гуманизмге қиянат жасаған болып шығады.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

Біз биыл 800 мыңдай босқын қабылдауға және оларды қоғамға бейімдеуге дайынбыз. Бұлай жалғаса бермесі анық. Еуропаның босқындарға қатысты саясатын өзгерту қажет.

Германия, Австрия, Швецияның барлық мигрантты қабылдауға күші жетпейді. Сондықтан, Еуропа одағына мүше өзге елдер де мойындарына жауапкершілік алуы тиіс.

Босқындармен бірге Еуропаға экстремистік топ мүшелері де еніп жатыр. Бұл турасында Батыс басылымдары  кейінгі күндері жаза бастады. Және өркениетті Еуропаны  варварлар жаулап жатыр деген пікірлер де жиі айтылып жүр. Дегенмен, мигранттардың басым бөлігі – жақсы тұрмыс іздеген түрлі  мамандық иелері.

Тарик әл-Ахмад, сириялық сарапшы:

Еуропаға кетіп жатқандардың көбі - Сирияда білдей кәсіп иелері болды. Шекара асқан дәрігерлер, инженерлер мен мұғалімдер мұнда орта тапты қалыптастырды. Олардың кетуі - Сирия үшін орны толмас шығын деп білетін.

Германия босқындарды қабылдауда адамгершілік, моралдық принциптерді ұстанса да, оның экономикасы үшін мигранттар ауадай қажет. Ресми деректерге жүгінсек, 2030 жылға таман бұл елде жұмысбастылардың қатары 6 миллионға кемиді.

Қазірдің өзінде Германияда көптеген компанияларда адам тапшы. Болжамдарға қарағанда, Федеративтік Республиканың жыл сайын жарты миллион мигрант қабылдауға қауқары жетеді.

Зигмар Габриэль, Германия вице-канцлері және экономика министрі:

Бізге келіп жатқан адамдарды тез үйретіп, жұмысқа тартсақ, келешекте экономикамыздың басты проблемаларының бірі – маманданған жұмысшылардың жетіспеу проблемасын шеше аламыз.

Әлеуметтік сауалнамаға нәтижелеріне жүгінсек,  немістердің жартысынан көбі босқындардың келуін құптайды және олардан үрейленбейді.          

Катарина Конрад, Мюнхен тұрғыны:

Қазір Германияның жаңа тарихы жазылып жатыр ғой. Алдымызда оларды өзімізге бейімдеу міндеті тұр. Дегенмен, бұл ірі қайырымдылық іс. Талай қиындықты бастан кешкен адамдардың жүздерінен күлкі көрудің өзі  бір ғанибет емес пе?! 

Дегенмен, босқындарды аймақтың барлық елдері құшақ жая қарсы алып жатқан жоқ. Әсіресе, Батыс Азия мен Африкадан жеткен көшке  бұрынғы «социалистік блоктан» шыққан Шығыс Еуропаның  Венгрия, Чехия, Словакия, Польша сияқты мемлекеттері  қарсы. Мигранттардың өздері де бұл елдерді қаламайды. Олар экономикасы дамыған Германия, Швецияға  жетуді көздейді.

Осы жерде Араб елдері неге үнсіз деген заңды сауал туындайды. Иә, оларды Иордания, Ливан, Түркия миллиондап қабылдады. Бірақ, Парсы шығанағының бай монархиялары - Сауд Арабиясы, Кувейт, Катар, Біріккен Араб Әмірліктер тілі, діні, мәдениеті ортақ  сириялықтарды дәл қазір еуропалықтар тәрізді аумағына кіргізіп жатқан жоқ. Неліктен бұлай?

Фахд әл-Шилайми, Парсы шығанағындағы қауіпсіздік пен бейбітшілік  форумы төрағасы:

Парсы шығанағы елдерінде өмір сүру өте қымбат. Сондықтан, босқындар бұл мемлекеттерде тұруға лайықты емес. Олардың Түркия, Ливан тәрізді өмір сүруге қолайлы елдерді паналағаны жөн. Психологиялық қиындықтары бар адамдарды қалай ауқатты қоғамға кіргізуге болады?

Шығанақ жағалауындағы  корольдіктер Ливан, Иордания, Түркия жеріне өткен мигранттарды қолдауға  миллиондаған доллар қаражат бөліп отыр. Бірақ, Сирия мен Ирак босқындарды өз аумағына кіргізбегені үшін оларды жауапсыз деп сынаған роликтер әлеуметтік желілерде қаптап кетті.

«Монархтардың дәретханалары алтын, көліктері гаухартаспен безендірілген. Одан да босқындарды қабылдап, сауапты іспен көрінсін», дейді  жанашыр адамдар.

 Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу