Соңғы жылдары «отбасы құндылықтары», «отбасы институты» деген сөздерді жиі айтып жүрміз. Тіпті жыл сайын «Мерейлі отбасы» конкурсын өткіземіз. Бұл байқау ынтымағы жарасқан, абыройлы әулеттерді елге үлгі ету мақсатында Президенттің бастамасымен қолға алынған еді.
Жылдағы дәстүр бойынша биыл да «Мерейлі отбасы» конкурсы өтті. Бір қуанарлығы, байқаудың ауқымы кеңіп, халық та зор қызығушылықпен қатыса бастады. Бір ғана Астанада биыл 51 отбасы бақтарын сынаған.
Он бала, 27 немере, 1 шөбере. Советжан ақсақалдың алтынға айырбастамас байлығы. Баймын дейді, бармын дейді. Өйткені, соңында қалатын ізі осы. Біз шақырусыз бардық.
Әулет 6 жасар Әлияның туған күнін тойлап жатыр екен. Төр үлкендердікі, жағалай ұлдары отыр, келіндер ас үй жақта. Оекеневтер әулеті биылғы «Мерейлі отбасы» конкурсының қалалық байқауында жүлделі екінші орынға ие болды.
Советжан Оекенев, зейнеткер:
Барлығын үйлендірдім, қызды қияға қондырдым, ұлды ұяға қондырдым. Өзім екі ұлдың ортасында Астананың орталығында тұрмын.
Бұл әулеттен «Батырлар» мен Еңбек ерлері шыққан. Советжан Оекеневтің анасы Нағима да 10 баланы дүниеге әкелген «Батыр ана». Әкесі соғысқа қатысқан, елге келген соң жылқы бағып, «Социалистік Еңбек Ері» даңқын алған.
Сол сара жолды өздері де жалғап, 10 бала өсірді. Валида Оекенева Елбасы қолынан «Алтын алқа» алды. Ғұмыр бойы адал еңбек етті, балаларын темірдей тәртіпке үйретті.
Советжан Оекенев, зейнеткер:
Мен саудамен айналысып жүргенде, үйде балаларды мына бәйбішем тәрбиелейтін. Бәрін тапсырып кетемін. Мен келгенше балалар, соның бәрін бұлжытпай орындап қояды. Оқуда озат болды.
Ақмарал осы әулеттің келіні. Той-томалақты былай қойып, жай туған күндерде жиналғанда үйге сыймай қаламыз деп ағынан жарылды. Абысын тату болса, ас көп деген осы.
Ақмарал Оекенева, Астана қаласының тұрғыны:
Атамыз әрқашан бата береді, шай бергенде. Үлкеннің батасын алған адам, жаман болмайды. Былтыр біздің балаларымыз балабақшаға барды. Күйеулеріміз жұмыста, атамыз балаларды көлікке отырғызып алып барады. Енді биыл балалар мектепке барып жүр.
Оекеневтер әулетінің жартысы ғана Астанада тұрады. Балаларымның барлығы жоғары білім алды, қазір заң, қауіпсіздік, білім, мәдениет, жеке кәсіпкерлік сияқты түрлі салада қызмет атқарады, дейді ақсақал. Оның бала тәрбиесіндегі қағидасы біреу-ақ: өзіңді тәрбиеле, ал бала сенің істегеніңді қайталайды.
Советжан Оекенев 75-ке келсе де қартайдым, демейді. Жексенбі немерелерін саябаққа алып барады, өзі велосипед теуіп, жүгіріп, салауатты өмір салтын насихаттайды. Ашық аспан астында немерелерінің өнерін тамашалайды.
Өмір шахмат тақтасы сияқты, ағы мен қарасы, жеңіс пен жеңілісі қатар жүреді. Ақсақал әлі күнге дейін ұлдарымен шахмат ойнайды, ойынды ғана емес, өмірдің де жазылмаған заңдарын үйретеді.
Ыстық қайрат, жылы жүрек, нұрлы ақыл, адал еңбек-адамзат бақытының басты құндылығы осы. Жасыл шөпке жантая жатып, зеңгір көкке қолдарын созған немерелерінің санасына да осы өмірлік пәлсапаны қазық қылып қағып келеді.
Астана деп ән салатын, жыр жазатын ағайынды Жүгіністердің жұлдызы жанып тұр. Осыдан 15 жыл бұрын «Ақсиса» деп сахнаға шыққан Рүстемнің ізінен үш бауыры ерді. Өнерлі, мерейлі отбасы. Биылғы қалалық байқауда жеңімпаз атанған да осы отбасы.
Айнұр Жүгінісова, Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы:
Қазіргі кішкене шыдамсыздау жастардың заманында осындай тәрбиелік мәні бар байқаулар болуы керек. Ол жоғары деңгейде жүруі керек. Қазір көптеген қыз-келіншектер біздің отбасына келіп, «сіздер сияқты болсақ екен, сіздердің жолдарыңызды берсе екен», деп біздің бір нәрселерімізді ырымдап алып жатады.
Айнұр мен Ерболат Жүгінісівтердің 4 ұлы бар. Өнер әулетін былайғы уақытта ұстай алмайсың, концерттер, байқаулар, гастрольдер. Бізге де тек түннің бір уағында концерттен шыққан соң сұхбат берді. Отбасының қазіргі абыройы талай жылғы еңбектің, мазасыз күндер мен ұйқысыз түндердің, сабыр мен төзімнің нәтижесі.
Айнұр Жүгінісова, Қ. Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы:
Үш баламен 12 шаршы метрлік бөлмелерде тұрып жаттық. Оның үстіне 12 адам қонаққа келеді. Осындай материалдық жағдайдан да өттік. Құдайға шүкір, аман-есен өттік.
Ол шыдамның арқасында. Ол тәрбиеге де байланысты ғой. Шешеміз үйден кетерде «шыдам мен сабырмен дос бола біл, үйге келсең тек күйеуіңмен ғана кел», деп жіберген.
«Отбасымыздың қазіргі жетістігін көрген жас аналар жиі ақыл сұрайды», дейді 4 ұлдың анасы. Үйдің тірегі – еркек. Сондықтан, отағасының үйдегі де, түздегі де абыройын биік қояды. Ерболат көп сөйлемейді, кадрдан тыс жүреді.
Бірақ, үйдегі тәрбие көбіне «әкеңе айтамын» деген бір ауыз сөзбен шешіледі. Міне, мына 4 ұл да бір-бір тұлға болып өсіп келеді. Бір-бірін сүйемелдеп, ақылдарын айтады. Жастайынан еңбекке, өнерге араласқан тағы бір мерейлі отбасы міне, осындай.
Жыл сайын байқаудың ауқымы кеңейіп келеді. Біздің кейіпкерлерден бөлек, биылғы байқауда бағын сынамаққа 2 мыңнан аса отбасы өтініш берген. Бірнеше іріктеу кезеңінен соң ақтық сынға он алтысы жолдама алды. Республика бойынша биылғы жеңімпаз атағы маңғыстаулық Құлсариевтер отбасына бұйырды.
Орын Құлсариев, «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының жеңімпазы:
Қуаныштымыз. Мен бақытты адаммын. 84 жасқа келіп еңбек етіп, бала өсіріп, жемісін көріп жатырмын.
Жарасымды әулет әркез көпке үлгі. «Мерейлі отбасы» байқауының мақсаты да осы. Президент Жарлығымен бекіген бұл жоба, елімізде алғаш рет былтыр өткен. Бір жыл өтпей мәртебесі артты. Оған конкурсқа қатысушылар санының жыл өткен сайын артуы дәлел.
Айнұр ОМАР