Жазғы демалыстарынан оралған Парламент депутаттарын қыруар шаруа күтіп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жазғы демалыстарынан оралған Парламент депутаттарын қыруар шаруа күтіп тұр

06.09.2015
Жазғы демалыстарынан оралған Парламент  депутаттарын  қыруар  шаруа күтіп  тұр

Ала жаздай демалған депутаттар осы аптада Парламенттегі орындарына қайта жайғасты. Кезекті саяси науқанның басталғанын жыл сайын ел Президентінің өзі жария қылатын. Қытайда мемлекеттік сапарда болғандықтан, Елбасы бұл шаруаны Мәжілістің төрағасына тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен көп жылдан бері бірінші рет Парламент сессиясының ашылуына қатыса алмадым. Парламентке табыс тілеймін. Оларға 5 институционалдық реформаны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін белсене жұмыс істеуге тура келеді. Жыл аяғына дейін 57 Заң жобасын қабылдау жоспарлануда. Біздің парламенттік фракциялар бұл міндетке зор жауапкершілікпен қарап, елдегі маңызды жаңғырту ісіне үлес қосады, деп ойлаймын.

Президенттің бұлай етуіне пәрмені бар. Себебі, бесінші шақырылымдағы депутаттардың жаңа сессияны кешіктіріп бастауларына еш негіз жоқ. Өйткені, Мемлекет басшысы ел дамуының жаңа бағытын бес салаға жіктеп, тиісті органдарға өткен көктемде көп тапсырмалар жүктеген.

Енді ол міндеттерді орындау үшін заңнамалық база да мінсіз болуы шарт. Яғни, бес белес, 100 қадамды жүйелі жүзеге асыру үшін қажетті заңдар қабылдануы тиіс.

Бесеуі де бес асуды бағындыруды талап ететін тағдырлы тапсырмалар болғандықтан халық қалаулылары қарап жатпай, қыркүйектің басынан жұмыстарына қызу кірісіп кетті.

Парламент өткен сессияда өндіріп жұмыс істеді. 113 заң қабылдады. Мәжіліс 41, Сенат 33 жалпы отырыс өткізіп, қабылданған құжаттарға қос палата 10 мыңға жуық өзгерітулер енгізді. Аз жұмыс емес, әрине. Еңбектің өнбегі еңбекпен деп, кезекті сессияға келген депутаттар алдымен арқа-жарқа қауышты.

Үкімет те белсенді биыл. Бесінші сессия ашылысымен Парламенттің арқасына 60-тан астам заңды топ еткізіп арта салды. Бұл құжаттардың барлығы Президент басымдық берген бес реформа мен 100 қадамды жүзеге асыруға ықпал етуі тиіс.

Әдетте, қоғамның әр саласын қамтитын заңдарды қабылдау қоғамда әртүрлі пікір қалыптастырады. Мәселен, осы аптада таныстырылымы болған бір ғана Заң - Еңбек кодексіне қатысты алып қашпа әңгіме көп қазір.

Жұмыс беруші қол астындағыларды жұмыстан қалай шығарғысы келеді, өз еркі. Демалыс және мереке күндері жұмыс істегендердің табан ақы, маңдай тері өтелмейді.

Зейнет жасына шыққандар жұмыспен сол сәтте-ақ, хош айтысуы тиіс деген секілді тың түзетулер көп енді. Осы секілді түйткілі көп, түйіні белгісіз заңдардың тігісін жатқызу үшін депутаттар енді көз ілмей жұмыс істеуі керек.

Қабиболла Жақыпов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Жұмыс топтарының отырыстары күн сайын өтеді. Сондықтан, барлық депутаттар, Үкімет мүшелері мен мемлекеттік мекеме басшыларын дәл осы кестеге сай бейімделіп жұмыс істеуілерін өтінем. Президент әкімшілігі мен келісілген бұл жұмыс кестесі бойынша Мәжіліс 7 қазанға дейін 56 Заң жобасын қабылдауы тиіс.

Бір айда 56 заң. Қалай болғанда да қабылдануы қажет. Уақыт тығыз. Қысқа күнде қырық құбылған жаһан нарығындағы жағдай жағаңды жайлауға жіберіп, жүруге мұрсат берер емес. Сондықтан, асығыс қабылданған Заңдарда ағаттық кетіп жатса, халық оны түсіністікпен қабылдаған жөн.

Камал Бұрханов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұдан былай ешқандай Заң бір керемет болады, деп айта алмаймын. Олқылықтар болады. Өйткені, бұл өмір ғой. Өмірдің даму барысы қандай жылдамдықта кетіп жатыр, бүгін біз былай қабылдасақ, ертең жағдай өзгеріп кетуі мүмкін. ӨмІрдің заңдылығына сай келмеуі мүмкін. Оны демек өзгерту керек. Жаңарту керек. Бұл - процесс.

Ерболат Мұқаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Өздеріңізге белгілі қазір алдымызда тұрған міндет Елбасының тапсырмасы. Экономикалық реформа. 5 институционалды реформа мен 100 қадамды жүзеге асыру мақсатында қабылданып жатқан комиссияның шешімдерін заңдастыру.

Үш партиялы Парламентті жаңа маусымда көп жаңалық күтіп тұр. Соның бірі үш  жылдық бюджетті нақтылауға қатысты. Есепсіз дүние жоқ қазір. Құжат ең алдымен қаржыны үнемдеуге негізделеді.

Сарапшылардың пікірінше биыл әлемдік ішкі жалпы өнімнің өнбейтін түрі бар. Бұл сауығудан гөрі, жан сақтау күйіне көбірек келіңкірейді. Сондықтан, бюджет жоспарынан артық шығындардың бәрі кесіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Алдымыздағы үш жылдық бюджет жобасымен жұмыс істеуде әлемдік нарықтағы ахуалды ескере отырып, жаңа экономикалық саясатқа көшу мәселесін жан жақты пысықтауға тиіспіз.

Елбасы бюджет қаражатын үнемдеу және аса қатал қаржылық тәртіп орнату қажеттігін атап көрсетті. Бұл барлық мемлекеттік органдарға, соның ішінде Парламентке де тікелей қатысты.

Жоғарыда Үкімет әзірлеген 60-қа жуық Заңнан бөлек, депутаттардың өздері жазып жатқан Заңдар да аз емес. 11 Заң. Олар да қоғамға аса қажет құжаттар. Одан бөлек, еліміз кешікпей Дүниежүзілік сауда ұйымына толыққанды мүше болады.

Сол кезде ұлттық заңнамалар сауда ұйымының талаптарына сай түгел сүзгіден өткізіледі. Қос палатаның спикерлері қол астындағы депутаттарға осындай жауапты кезде әркімнің өз ісіне берік, ширақ, мығым болуын және халықаралық келісімдерді бекітер кезде ұлттық мүдделердің ұмыт қалмауын қатаң қадағалауды ескертті.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу