Еуропаны дағдарыспен қатар мигранттар мәселесі де мазалай бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропаны дағдарыспен қатар мигранттар мәселесі де мазалай бастады

06.09.2015
Еуропаны дағдарыспен қатар мигранттар мәселесі де мазалай бастады

Осы аптада жаһан жұртшылығының жанын түршіктірген жаңалықтардың бірі Түркиядан жетті. Жерорта теңізінің жағалауынан сириялық 3 жасар баланың мәйіті табылды. Ол ата-анасымен Еуропаға қашып бара жатқанда, теңізде толқын тулап, қайық аударылып қалған. 12 адам суға кетті. Құрбандардың ішінде осы бүлдіршіннің 5 жасар ағасы мен анасы да бар.

Жалпы, қазір Жер шарында 1 миллиардтай адам босып жүр. Әсіресе, Батыстың бақуатты елдеріне қоныс аударғылары келетіндер көп. Олардың дені – соғыстан, ашаршылықтан, саяси қуғын-сүргіннен бас сауғалаған Африка мен Азияның және Таяу Шығыстың тұрғындары.

Жыл басынан бері Жерорта теңізіне мыңдаған адам батып кетті. Сириялық баланың өлімінен кейін Еуропада мигранттар мәселесін қайтсе де шешу туралы талап күшейіп отыр. Ешкімге жалынбай іргесіндегі Сириядан 2 миллиондай босқын қабылдаған Түркия президенті тіпті Жерорта теңізіне батқан адамдармен бірге адамгершілік деген құндылықтың да құрдымға кетіп жатқанын ескертті.

Қазір жаһанды миграция ғана  емес, мың құбылған экономикалық көрсеткіштер де айтарлықтай алаңдатып отыр. Соңғы күндері нарықтың тынысы қандай болды? Алда ше?

Осы аптада дүниежүзі экономикасы Америкадан есеп күтті. Жұмыссыздық деңгейі туралы. Сол баяндама біздің уақытпен жұманың кешінде жарияланды. Алайда, одан Нью-Йорк биржасында акциялар бағасы түспесе, көтеріле қойған жоқ.

АҚШ-тың Еңбек статистикасы бюросының жаңа зерттеуіне жүгінсек, Құрама Штаттарда тамыз айында жұмыссыздар саны 5,1 пайызға дейін азайған. Дегенмен, жаңа ашылған вакансиялар саны болжамдағыдай 215 мың емес, 173 мың ғана болып шықты. Бұл - наурыздан бергі ең төменгі көрсеткіш. Осының өзі құнды қағаздар бағасын 1 жарым пайызға түсіріп отыр.

Бэт Энн Бовино, S&P компаниясының бас сарапшысы:

Бұл сан көңілге медеу болмады. Біз 200 мыңнан астам жұмыс орны ашылады, деп күтіп едік. Десек те, тамыз айы – кәсіп іздейтін емес, жағалауда демалатын ай ғой. Жалпы алғанда, баяндама алдағы айда бәрі түзелер деген үмітімізді үзген жоқ.

Америка – әлемнің бірінші экономикасы. Сондықтан, онда өсім ойдағыдай болмаса немесе өндірістің қарқыны сәл әлсіресе, инвесторлардың күдігі күшейеді, акция мен мұнай сатып алушылар азаяды.

Демек, биржаларда жер шарындағы мыңдаған компанияның құнды қағаздарының орташа бағасын көрсететін индекстер  төмендейді. Жалғыз АҚШ-та ғана емес – Еуропада, Азияда, Латын Америкасы мен Австралияда да.

Құрама Штаттарда жұмыссыздық туралы баяндама жариялануға бірнеше сағат қалғанда-ақ, Токио биржасында сауда минуспен жабылды. Өйткені, мұнда инвесторлар Американың еңбек нарығы жақсарып қалса, Федералдық қор есептік ставканы көтеріп, несиені, одан әрі долларды қымбаттатып, дамушы елдердің жағдайын қиындатады деп алаңдайды.

Пуру Саксена, Puru Saxena компаниясының төрағасы:

Мен қазір ештеңе сатып алмас едім.  Себебі, былтыр нарыққа көп доллар түскенде дамушы елдерде дүмпу басталды. Ал, Америка орталық банкі пайызды көтеретін болса, онда,  өзге мемлекеттерде қаржылық ахуал нашарлайды.

АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі немесе біздіңше ұлттық банкі негізгі пайыздық ставканы көтеру мәселесін қыркүйектің 17-де 2006 жылдан бері алғаш рет қарастырады. Онда өзге экономикалық көрсеткіштермен бірге еңбек нарығындағы жағдайдың жақсарғаны да, нашарлағаны да ескеріледі.

Ал, Қытай – әлемнің екінші экономикасы ғана емес, ең ірі тұтынушы нарығы. Сондықтан, бұл мемлекетке өзге елдердің назары ерекше. Оған біреу темірін, біреу мұнайын өткізеді. Соңғы есепке жүгінсек, мұнда өнеркәсіп секторындағы даму индекстері соңғы үш жылдағы ең төменгі деңгейге түскен.

Сонымен қатар, қызмет көрсету саласында да құлдыраудың белгілері байқалып отыр. Айта кету керек, өткен айда Қытай экономикасының әлсіреуі, юаньның құнсыздануы, өзге елдердің валютасын арзандатып, құнды қағаздардың бағасын түсірді.

Стэфен Вуд, Russel Investment компаниясының стратегі:

Қытай - АҚШ-тан кейінгі экономика. Сондықтан, онда болып жатқан оқиғалар әлемдік сұраныс пен өсім үшін өте маңызды. Дегенмен, бұл елдегі өндіріс қарқынының баяулауы ешкімге таңсық емес.

Оны бірнеше айдан бері көріп отырмыз. Керек десеңіз, Қытай экономикалық өсімді 11-12 пайыздан 5-6 пайызға дейін түсіруге мүдделі. Сондағы мақсаты - экономиканың бағытын экспорттан  ішкі сұранысқа бұру.

Еуровалюта елдерінде 2015-2017 жылдары экономикалық өсім мен инфляция қазіргі болжамдағыдан біршама төмен болады. Мұны бейсенбі күні Еуропа орталық банкінің төрағасы Марио Драги осы қаржы мекемесінің директорлар кеңесінің отырысынан кейін мәлімдеді.

Ол келтірген деректерге жүгінсек, еуроаймақтың жалпы ішкі өнімі 2015 жылы 1 жарым пайызға емес, одан төмен дәрежеге дейін ғана артуы мүмкін. Өйткені, ішкі сұраныс болашақта тіпті азайып, әлем экономикасының дамуы мардымсыз болмақ.

Ал, инфляция деңгейінің жоғарылауына валюталар бағамының өсуі себеп болуы ғажап емес. Соған қарамастан, Драги аймақ экономикасының бірте-бірте оңалатындығына сенімді.

Марио Драги, Еуропа орталық банкінің төрағасы:

Еуроаймақтың экономикалық өсімі туралы көрсеткіштер түзелер. Активтерді сатып алу ары қарай жүргізіледі. Баяу болса да, экономика бірте-бірте қалпына келеді. Өндіріс өсімінің бәсеңдеуіне дамушы нарықтардағы қазіргі ахуал, әлемдік сұраныстың төмендеуі ықпал етіп отыр.

Ал, Еуропа қайта құру және даму банкінің осы аптада жариялаған мәлімдемесіне жүгінсек, Ресейде рецессия тереңдеп барады. Банк болжамына қарағанда, биыл солтүстіктегі көршіміздің жалпы ішкі өнімі 4 жарым пайызға қысқарса, келесі жылы 1,8  пайызға дейін азаюы мүмкін.

Бірақ, Ресей президентінің ойынша, оның елі арзан мұнайға да,  дағдарысқа да үйреніп қалды. Мұнай демекші, оның Brent маркасының бағасы осы аптаның соңғы саудасында 49 долларға дейін түсті.

«Қара алтынның» арзандауына да АҚШ-тағы жұмыс орындарының аз ашылуы туралы баяндама түрткі болып отыр.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу