Әлемдік дағдарыс бірқатар елдің экономикасын тұралатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемдік дағдарыс бірқатар елдің экономикасын тұралатты

30.08.2015
Әлемдік дағдарыс бірқатар елдің экономикасын тұралатты

Жаһан нарықтарындағы жағдай айна алдындағы байдың қызындай қысқа күнде қырық құбылып тұр. Күн сайын, сағат сайын өзгеріс. Мұнай бағасы бір өсіп, бір түссе, қор биржалары да жел шайқаған кемеше тербеліп тұр, тұрақсыз.

Қытай экономикасы ентігіп, екпінін жоғалтып, оның әсері әлемге айтарлықтай сезіліп жатыр. Инвесторлар қор нарығындағы қылт еткен позитивті жаңалықтарға сенімсіз қарайтын күйге жеткен. Өйткені, әлемнің екінші экономикасының қазіргі ахуалына қарап, жағдайдың тұрақталарын дөп басып та, долбарлап та айту қиын.

Экономистер 2008 жылғы АҚШ-та басталып, шартарапты шарпыған қаржы дағдарысы қайталануы мүмкін деп ауыз жиғанша, мұнай бағасы қайта өсті. Сарапшылардың бірі «бұл динамика сақталуы мүмкін десе», тағы біреулер «қара алтын бағасының өсуі уақытша құбылыс» дегенді айтады.

Қор биржалары бірнеше күн қатарынан жоғалтқан пайыздарын қайта жинап жатыр. Бұған осы аптада әлемнің бірінші экономикасы саналатын АҚШ-тың жалпы ішкі өнімінің өсімі туралы баяндаманың жарық көруі себеп.

Экономистер нарықтың құбылуы қыркүйектің соңына дейін сақталады дейді, кім білген?! Себебі, сол уақытта  Федералдық қор жүйесі пайыздық мөлшерлеме деңгейіне қатысты шешім қабылдайды.

Өткен апта әлем нарығы турбулентті өзгерістерге толы болды. «Қара алтын» бағасы мен қор биржасындағы жағдайдың құбылуы, Қытайдың дүниежүзі нарығына ықпалы – талайдың мазасын қашырды.

Тіпті, апта басы тарихта «қаралы дүйсенбі» деген атаумен қалды. Бұл АҚШ, Қытай қор биржаларының, оларға ілесіп Азия индекстерінің құлдырауымен байланысты. Инвесторлар жапа-тармағай акцияларын сатуға асықты.

Шао Панг, инвестор:

Қор биржаларында күн сайын құлдырау болып жатыр. Индекстер бірнеше күн қатарынан төмендеп, қайтадан өскен жоқ. Бізде инвестиция жасауға қызығушылық қалмады. Бар тапқанымызды нарық жұтып жіберді.

Дүйсенбі мұнай бағасы да рекордтық көрсеткішке арзандап, оның құны 6 жыл бұрынғы деңгейге түсті. Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 43, ал Техаста өндірілетін WTI сұрыбы 40 доллардан төмендеп, әлем нарығы қарбаласып қалды.

Ал, апта соңына қарай нарық заңдарының ережеге бағынбайтынына куә болдық. Құнсызданып кеткен мұнай бағасы 10 пайызға өсіп, Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 50 доллардан асты. Ал, WTI сұрыбының бағасы 44 долларға саудаланды.

«Қара алтын» нарығындағы жағымды өзгерістерге әлемнің қор биржаларындағы ахуалдың жақсаруы ықпал етті. Бірнеше күннен бері Азия мен Еуропа қор индекстері тағы қымбаттай бастады.

Мәселен, Шанхайдағы компаниялардың акцияларын көрсететін Shanghai Composite индексі жұма күні 4,9 пайызға артты. Шэньчжэнь композит акциялары да 4,3 пайызға өсті.

Бұған ең алдымен, Қытай билігінің пайыздық мөлшерлемелерді қысқартып, зейнетақы қорларынан акция және облигацияларды қолдауға жүздеген миллиард доллар бөлу туралы шешімі түрткі болды. Жапония, Австралия, Оңтүстік Корея, АҚШ, Германия қор нарықтары да оң нәтиже көрсетіп отыр. 

Ю Джун, ҚХР Адам ресурстары және әлеуметтік қорғау вице-министрі:

Зейнетақы қорларынан шамамен 2 триллион юань биржаларды тұрақтандыруға бөлінеді. Нақты түрде есептеу жүргізілмегендіктен, акция мен басқа да құнды қағаздарға бұдан да көп қаржы жұмсалуы мүмкін.

Мұнайдан түсетін кіріс бюджетінің жартысын құрайтын Ресейдің қор биржалары да өсті. Рубльдің доллар мен еуроға қатысты бағамы күн сайын өзгеріп тұр. BBC сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, «Лукойл» мұнай концернінің табысы биыл 1-ші жарты жылдықта 58 пайызға қысқарған. Дегенмен, компания мұнай өндіру және оны экспорттау көлемінің артқанын мәлімдеді.

АҚШ-та жалпы ішкі өнімнің екінші тоқсанда 3,7 пайызға өсуі де әлем қор нарықтарындағы жағдайдың оңалуына септігін тигізді. Инвесторлардың көңіліне сәл де болса сенім ұялады. Дегенмен, Федералдық резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемелерді өсіруге қатысты қандай шешімге келетіні әзірге белгісіз.

Эмануэлла Эненайор, Америка банкінің аға сарапшысы:

Пайыздық мөлшерлемелерді өсіру-өсірмеу мәселесі қыркүйекте белгілі болады. Сол мерзімге қарай нарықта қарбалас басылса, әрине Федералдық резерв жүйесі ставканы өсіреді. Үрей басым болса, қазан, желтоқсанға шегерілуі мүмкін. Соңғы сценарийді күткен дұрыс.

Әлемдік нарық 1 аптадан астам уақыт бойы құлдырап, қайта өсім көрсеткенімен, сарапшылар жағдайдың тұрақталуына әлі ерте дейді. Өйткені, бір-біріне тығыз байланысты әлем мемлекеттерінің экономикалары қалай десек те, АҚШ пен Қытайдағы ахуалға, мұнай нарығына басыбайлы бағынышты.

Себебі, Қытай жағынан сұраныс төмендесе, Ұлыбритания, Франция, өзге де Еуропа елдері мен Тайланд, Малайзия, Жапония тәрізді Азия нарықтарының да бәсеңдейтіні  белгілі.

Майк Инграм, нарық сарапшысы:

Қытайдағы дағдарыс аяқталмағаны анық. Әзірге, оның әлем экономикасына қалай әсер етіп жатқаны белгісіз. Жағдайды жіті қадағалап, сараптап жүрген жөн. Қаржы нарықтары оңалмай тұр.

Қытайдың ғаламдық сауда-саттықта ықпалы өте зор. Әлемдегі мұнайдың 14,4 пайызы, темірдің 57,7 және автокөліктердің 6,3 пайызы осы елге импортталады. Сондықтан, қазіргі дүрмектің қашан тұрақталатыны әлемнің бірінші және екінші экономикасы саналатын АҚШ пен Қытайдағы ахуалға тікелей байланысты.  

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Мәдина МҰҚАНОВА

Хабарламаларға жазылу