Астанада «Конституция: бірлік, тұрақтылық, өркендеу» атты конференция өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Конституция: бірлік, тұрақтылық, өркендеу» атты конференция өтті

30.08.2015
Астанада «Конституция:   бірлік, тұрақтылық, өркендеу»  атты  конференция өтті

Ол «елдің ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп мәлімдеді. Ол сіздің қалау еркіндігіңізге кепілдік берді. Ол біздің елді «біртұтас мемлекет», деп жариялады да, «мемлекеттік тіл - қазақтың тілі» деп бекітті.

Ол ең жоғары заңдық күші бар һәм атамекеннің барлық аймағында тұтас қолданылатын, 9 тарау, 98 баптан тұратын Қазақ елінің Ата Заңы! «Заң - мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты», демеп пе еді, Шерхан Мұртаза.

Бүгін сол Конституциямызға – 20 жыл.  Басты ресми шара – осы бай жұмада болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаһанның 28 елінен заң-законды жадына тоқып, жатқа соққан заңгер-ғалымдарды жинап, салмақты, салиқалы жиын өткізді. «Ата Заң - біздің барлық табыстарымыздың бастауы», деп сөз бастады.

Ол - ақиқат. Қазақтың бүгінгі шыққан шыңы, алған асуы, бағындырған белесі – осы Конституцияның жемісі, жеңісі. Мемлекетіміздің негізгі Заңы - азаттығымыздың айғағы, болашағымыздың бұлжымас бағдары. Әлбетте, бұл Ата Заң - тақыр жерде пайда болған жоқ.

Ұлы даланы мекендеген алты Алаштың да өз дала заңдары, өзіндік Конституциясы болғаны анық. Орта ғасырдағы түркі бабаларымыздың бітік жазуына бармағанның өзінде,  безбенге түскен кір тасындай бізге айқын жеткен «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» секілді заң жүйелері Қазақ Конституциясының іргетасының ілкі заманда қаланғанын аңғартады.

Қазақ хандары жолға қойған осы жарғыларды «дала конституциясы» санасақ, оның «баптарының» сөз бастаған шешендер арқылы қалай өрбігеніне, абыз ақсақалдардың қалай таратып, жөнге салғанына тарихтан көп мысал тартуға болады. Кейінгі ХХ ғасыр басында ұлттық Тәуелсіздікті ту етіп ұстаған Алаш қайраткерлері де дербес Конституция әзірлегені тарихтан аян емес пе?!

Қысқасы, бүкілхалықтық референдумнан бері желмаядай жүйіткіп, 20 жыл өтті. «Сол кезеңде біз бірден-бір дұрыс жол таңдадық», деді кешегі жиында Елбасы. «Егер сол кезде біздің мемлекет құру жолындағы қадамдарымыз асығыс, саяси тұрғыдан абстрактілі жобаларға негізделген болса, онда сәтсіздікке ұшырайтынымыз анық еді. Оның залалы орасан болар еді» деп және қосты. Сонымен, Конституция бізге не берді?

Қазақ азаттығының алтын қазығы Ата  Заң - «Біз ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы», деп басталады. Осы бір ауыз сөзден-ақ, ел Конституциясының конструктивті диалог пен татулыққа қаншалықты негізделгенін байқауға болады.

«Конституция: бірлік, тұрақтылық, өркендеу!». Жаһанның 28 елінен делегат жинаған  конференция осы тақырыпты талқылады. Алдымен, экономика содан кейін саясат деген ұран өзінің өміршең екендігін дәлелдеді. Сондықтан, ұлы бастамалар мекені Қазақстанға – «Ұлы дала елі» деп айдар тақса, артық болмайтынын Президент Нұрсұлтан Назарбаев ерекше атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осы 20 жыл ішінде Қазақстан үлкен жетістіктерге жетті. Кеңес одағы тарап, дағдарыс кезінде еш Заң болмаған кезде бұрынғы экономикадан жаңа нарық экономикасына көшуге жағдай жоқ кезде  Конституциямызды қабылдадық. Сол 20 жылда үлкен табыстарға ие болдық. 20 есеге өсті. Халықтың ауқаты да 20 есеге өсті. Қазақстан танымал ел болды. Қазір жұрт сыйлайды.

Дүние сыйлап қана қоймай, қазір Қазақ сахарасымен санасады. Себебі , біздің ел демократиялық құндылықтарға ұмтылған дербес мемлекет. Ата Заң қабылданған 20 жылда саяси жүйе түзіліп, экономика еселеп дамыды. Қазақ мемлекеті ТМД-да ғана емес, Орталық Азияда көшбасшы. Елдегі биліктің үш буыны бекіп, қазақ мемлекеттілігінің негізі нық қаланды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Біз ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деп басталатын Ата Заңымыздың бойына еліміздің ең басты құндылықтарын түгел сыйғыза білдік. Мен Конституцияның бір жылдық мерейтойында «біз Заң аясында өмір сүруді үйренуіміз керек», деп айттым. Ата Заңымызбен жүріп өткен жиырма жылға көз сала отырып, біз Заң аясында өмір сүретін елміз деп мақтанышпен айта аламыз. Ата Заң біздің барша табыстарымыздың бастауы.

«Құқықтық мемлекет құруды мемлекеттің өзінен бастау керек»,- деді Президент. Бұл міндет Ата Заң арқылы жүзеге асады. Бабын тапқан бастама, жолын тапқан жобалар көп. Бастысы - Конституцияда көзделген тәртіп пен тұрақтылық азаматтық қоғамның темірқазығына айналды. Өйткені, бірлік бар жерде, тірлік бар.  

Мемлекет басшысы Астана халықаралық қаржы орталығын құруды тапсырған. «Нұрлы жол» мен «Нақты 100 қадам» осы жобаны жүзеге асыратын тұғыр. Дубайдың даму жолын таңдаған Астана Ата Заңға өзгеріс енгізбек.

Өзгерістердің мән-мазмұнын Конституциялық кеңес таразыға тартып, талқыдан өткізеді. Бұл жұмысқа кеңестің мүшелерінен басқа, елдегі беделді оқу орындарының заңгерлері мен шетелдік сарапшылар араласады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгінгінің және болашақтың мемлекеті. Жоғарыда айтып өткен 5 реформа бойынша біз жаз бойы жұмыс істеп келеміз. Үкіметтік аппараты, депутаттар болып, бұл жоспарды 1 қаңтардан бастап іске қоспақпыз. Ол үшін бізге 78 заң актісін қабылдауымыз қажет. Конституцияға да өзгеріс енгізу қажет.

 Игорь Рогов, ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы:

Қазіргі қолданыстағы ҚР Конституциясы бұл тек халықаралық құқық жүйесіндегі үздік ойлардың және қағидалардың жиынтығы ғана емес, сонымен қатар, Алаш зиялыларының мақсат-мұратын көздейтін әрі Қазақстанның Тәуелсіздігін айшықтайтын алғашқы құнды құжаттардың бірі.

Ол Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның «Жеті жарғысының» жалғасы. Ал Тәуелсіз елдің Конституциясы 1995 жылы Елбасы бастауымен, халықтың қостауымен қабылданғаны белгілі.  Сол 20 жылдан бері Конституция Қазақстанның тұрақты дамуының кепіліне айналды. 

Конференцияға келген көп мейман Ата Заңға жоғары баға берді. Қазақстанның қоғамдық және саяси тұрақтылықты сақтаудағы, этносаралық және дінаралық келісімді қамтамасыз етудегі табыстарына тамсанатындарын жасырмады.

Роберт Доссоу, Африка мемлекеттері Конституциялық кеңесінің құрметті президенті:

Ата Заң азаматтар үшін ең маңызды құжат. Бұл құжат елдің тұтас дамуына тікелей әсер етеді. Конституциясы мықты мемлекеттердің әлемдік аренадағы ықпалы мен рөлі басым болады.

Өз басым қазақстандықтардың өз өміріне бей-жай қарамай Ата Заңның жазылуына тікелей қатысуын демократия нышаны деп бағалаймын. Бүгінгі жиыннан Қазақстан дамудың дұрыс бағытын таңдап, кемел келешекке ерекше ұмтылғанын ұқтым.

Қазақ сахарасы әлемде жер көлемі жағынан тоғызыншы орында тұр. Дархан дала найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғалды. Бұл жер аналарымыздың жасымен суарылды,-деді Елбасы.

Ең басты құндылық - азаттық. Бұл - қаншама ұрпақ аңсаған бостандық еді. Сол арман бүгінгі буынның пешенесіне бұйырған бақыт. Демек, бақ бастан таймас үшін, барымызды бағалап, жоққа қанағат ету керек»,- деді Президент. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Менің білуімше, біз «Ұлы дала еліміз» деп саналуымыз керек. Кейбіреулер «аспан асты еліміз», дейді, кейбіреулер «күншығыс еліміз», дейді. Біз ұлы даланың ұрпағымыз.

Осы далада біздің ата-бабамыз даланы сақтап қалған. Қан төгіп, тер төгіп сақтап қалған. Қазақстан мен «Ұлы дала елі» екеуі қатар жүрсе, дұрыс болады деп ойлаймын.

Мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Шүбәсіз қазір қазақ тілінің өрісі кеңіп, оны үйренгісі келетін өзге этностардың саны өсті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз барын бағалап, қымбатын қадірлей білетін елміз. Азаттығымыздың айшықты айғағы болған Ата Заң Тәуелсіздігімздің бізге тартқан теңдессіз тартуы. Жыл сайын жаңалана беретін құжаты. Қастерлеу әрбір қазақстандықтардың қасиетті парызы. Әр сөзін бұлжытпай сақтасақ, алар асуымыз әлі алда. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Елдігіміздің киелі кітабы, қастерлі құжаты ол 9 тарау, 98 баптан тұратын Қазақ елінің – Ата Заңы! Ата Заң – татулық пен тұрақтылықтың тұғыры.  Азаттықтың арқасында Алаш – Ата Заңын ұлықтайтын ауыз бірлігі мықты ұлтқа айналды. Бұған Астана төрінде өткен халықаралық конференцияның мән-мазмұны мысал.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу