Айдын Айымбетов Айға ұша ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Айдын Айымбетов Айға ұша ма?

12.07.2015
Айдын Айымбетов Айға ұша ма?

Өткен күндері Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелерін жинап, жедел кеңес өткізді. Не туралы десеңіз, елдегі ғарыш саласын дамыту мәселелері сөз болды. Соның ішінде Байқоңырда «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін салу жөніндегі жобаның жайы қаралды.

Ел үшін аса маңызды тұсы, осы кеңесте Президент  Халықаралық ғарыш станциясына қазақ азаматының ұшырылатынын мәлімдеді. Ол азамат - Айдын Айымбетов.

Қадірлі көрермендер, есіңізде ме, былтыр «Аptа.kz» тілшілері жыл басында «Тоқтар мен Талғаттан кейін неге қазақтан ғарышкер шықпай жүр?» деп үлкен мәселе көтерген еді.

Сонда біз 9 жыл бойы «Жұлдызды қалашықта» дайындалып, «ғарышқа әне ұшады, міне ұшады» деп, қилы себептерге байланысты ақыры ұша алмаған Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймаханов туралы айтқанбыз.

Мұхтар Ресей азаматтығын алып, сол елге тартты. Ал, Айдын сабырлық танытып, елде қалған еді.

Алаш баласы алғаш ғарышқа ұшқанда қазақтың төбесі көкке екі елі жетпей, қуанышқа бүкіл халық ортақтасқан. Қуанбағанда ше?! Қазақ Тәуелсіздігін енді алған елең-алаң тұста Тоқтар Әубәкіров туған елдің атақ-абыройын аспандатып жіберді емес пе?

Одан кейін араға үш жыл салып, тағы бір ұлың Талғат Мұсабаев та ғарышқа сапар шекті. Ол тіпті ғарышқа бір емес, үш мәрте ұшып, Абайдың әнін асқақтатқаны ел есінде. Қазақ қос батырын құрмет-қошеметтен кенде қалдырмады. Қаһарман қылды, қолдады, қолпаштады, қызмет берді.

«Байқоңырдай» айлағы бар елдің батырлары да бар. Бірақ, солардың ізін басар інілер қайда? Біздің бүгінгі қаузамақ тақырыбымыз да осы.

Қос ағасының жолын қуған қос қазақ. Мынау Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймаханов. Ресейдің Хруничев атындағы ғарыш орталығында дайындалып жүрген сәттері. Екеуі де 2000 жылдардың басында еліміздің үкіметаралық комиссиясы жариялаған байқаудан сүрінбей өтіп, ғарышқа ұшуға машықтанып жүрген кездері.

Ары қарай бәрінің астаң-кестеңі шықты. 2009 жылы қазақтың екі азаматы ғарышқа ұшуы керек еді, қаржы дағдарысы деген кедергі килігіп, сапар кейінге шегеріледі. Бірақ, қанша мерзімге екені белгісіз. Осыдан кейін Айдын Айымбетов ауылына қайтса, Мұхтар Аймаханов бірден Ресей азаматтығын алуға ниет білдіріп сонда қалып қояды.

Тоқтар Әубәкіров, Халық қаһарманы:

Өте тамаша, қазақ дайындалды, қазақ ұшады. Оған біз неге қарсы шығуымыз керек? Біз қуануымыз керек, қай жерде жүрсе де қазақтың аты шықсын. Мен ойлаймын, айналайын Мұхтар өте дұрыс істедің. Яғни, азаматтықты ауыстырғанда тұрған ешнәрсе жоқ. Ештеңе жоқ. Ол қазақпын деп ұшайын деп жатыр.

Ресей азаматтығын қабылдаған Мұхтар Аймаханов өткен жылдың соңында ғарышқа ұшатын космановтардың қатарына ілікті. Әзірге қашан ұшатыны белгісіз. Белгілісі, жаңа экипаждың құрамында дайындығын жасап жүр. Бірақ, еліміздің білдей бір ғарыш агенттігін басқарып отырған Талғат Мұсабаевтың Мұхтардың ісінен хабарсызбын деуі бізді қайран қалдырды. 

Рас, Мұхтар қазір туған елінің қолдауынан басқа қарекетке мұқтаж емес. Сәтін салса, арманы алдамаса Айға ұшады. Ал, ауылда жүрген екінші еріміз Айдын Айымбетовтің хәлі қалай қазір?

Тоқтар Әубәкіров, Халық қаһарманы:

Пәтері жоқ. Полковник. Балалары бар шырылдаған, анасы бар қолында. Жалдап осында тұрып жатыр. Ол дұрыс па?

Халық қаһарманының осы сөзінен кейін Айдынды іздеп атқа қондық. Тез тауып алдық. Бұрын Ұлттық ғарыш агенттігінде төрағаның кеңесшісі, департаменттің директоры болып қызмет істеген Айдын Айымбетов бүгінде осы агенттікке қарасты ғылыми орталықта қарапайым қызметкер. Қазақы қалпымызбен мал-жанның амандығын сұрағаннан кейін, ұят болса да, үйіңіз бар ма деген сауалды төтесінен қойдық.

Айдын Айымбетов, сынақшы-ұшқыш:

Барлығына қол жеткізу керек. Келешекте баспаналы болып, материалдық жағдайым жақсара түседі деп үміттенемін.

Айдын өте қарапайым азамат екен. Біртоға. Ыңғайсыздау сауалымызға қысылып, қымсынбады. Керісінше, «ер азамат үйленіп, үй салып, ағаш отырғызып, ұрпақ өсіруді ешкімге міндетсінбеу керек»,-дейді.

2012 жылы ел Үкіметі Айдынға «Қазақстан ғарышкері» деген ресми мәртебе берген. Бірақ, жігіт ағасы тіпті ол атағына бәзбіреулер секілді масаттанбайды да.

Айдын Айымбетов, сынақшы-ұшқыш:

Бұл тек кәсібиліктің дәлелі ғана. Бұл  дәреже бірден шыңға шығармасы анық.

Кейіпкеріміз жаңағы орталықтан бөлек, оқушылар сарайында жұмыс істейді. Бүлдіршіндерге білгенін үйретіп, болашақ ғарышкерлердің кеудесіне шоқ, келешегіне от жағып жүр. Оның үстіне қосымша табыс табады.

Тоқтан Әубәкіров, Халық қаһарманы:

Өтінішім бар. Жарайды, Мұхтар енді кетті. Өз жолын тапты. Айдын «Қазақстанның атынан ұшамын, Қазақстанымды сатпаймын ешқайда», деді. Олай болатын болса, неге оған жағдай жасамаймыз. Бір-ақ кісі қалды, сол бір кісіге жағдай жасау керек қой енді. Жеткізу керек, Елбасына жеткізу керек. Оны ешкім жеткізбейді.

Айдын Айымбетов ғарышкер болуды бала жасынан армандайды. Алғаш бес жасында әкесіне көмектесіп, шөп шабуға барады. Қас қарайған сәтте әлгі иісі бұрқыраған жас шабындықта аунап жатып аққан жұлдызды көреді. Сосын, сосын ғарышкер боламын, деп өз-өзіне серт береді.

Айдын Айымбетов, сынақшы-ұшқыш:

Менің дайындығым нағыз қызу үстінде. Денсаулығым Қазақ елінің атынан ғарышқа ұшуға мүмкіндік береді. Бұл – менің арманым.

Айдынның Айға ұшуына не кедергі деген сауалды Ұлттық ғарыш агенттігіне жолдадық. Ондағылар кездесуге уақыт таппаса да, телефон арқылы тілдескенімізде төмендегідей жауап қатты.

Мейірбек Молдабекұлы, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары:

Айтып отырмын ғой, бұл мәселе ол бір жағынан саяси мәселе, екінші жағынан ол қаржы мәселесі. Бізді ешкім тегін ұшырмайды. Әлі шешілмеген мәселе.  Сондықтан, мен ештеңе айта алмаймын.

«Жомарттың қолын жоқтық байлайды». Әзірге үйсіз-күйсіз жүрген Айдынның ғарышқа ұшуға өзі қаржы табуы неғайбыл. Үкімет те өз ұлының үмітін үкілеу үшін шара қолданар. Тек оған дейін жігіт ағасының жігері жасымаса болғаны.

Айбек  ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу