Басты Жаңалықтар Үнді Үкіметінің жетекшісі Астанаға не мақсатпен келді?

Үнді Үкіметінің жетекшісі Астанаға не мақсатпен келді?

Үнді Үкіметінің жетекшісі Астанаға не мақсатпен келді?

Жаһанда қалың жұртының саны 1 миллиард 200 миллионға жете-қабыл, жер көлемі бойынша жетінші орын алатын, халқы бір-бірімен 17 тілде сөйлесетін мемлекет болса, ол – Үндістан.

Сол Үнді үкіметінің жетекшісі Нарендра Моди осы аптада қазақтың Елордасына келіп кетті. Сапар әкелген жаңалық көп, соқталы дегені - Қазақстан мен Үндістан  арасында  арнайы жол картасы әзірленетін болды. Бұл құжат - екі елдің   экономикалық һәм  инвестициялық ынтымағын күшейтуге бағытталған. Үнді Премьер-министрін Ақордада Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады.

Жаһандағы алыптардың бірі - Үндістан, мойындау керек. Сондықтан, бүгінгідей геосаяси ахуал күрделеніп, үлкен елдер арасындағы егес, әсіресе, Ресей мен Батыс мүйіздерін безеген бұғыдай тірескен кезеңде бұл сапар сыртқы саясат пен геосаясат үшін аса маңызды. Сарапшылар бұл елмен дұрыс қарым-қатынас орнатсақ, біздің ел саяси және экономикалық тұрғыда мол пайда көруі мүмкін екенін айтқалы да біраз болды.

Ал, бұған дейін қос ел арасындағы пайда көл-көсір еді деп кесіп айту қиын. Салыстырсақ, тауар айналымы 2012 жылы 500 миллион доллар болған. 2013 жылы 670 миллион доллардан сәл-пәл асқан. Бар-жоғы миллион. Оның жанында Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 2013 жылы 28 миллиард долларға жетсе, Ресей мен арадағы пайдамыз 23 миллиард доллардан асқан. Бағамдай беріңіз. Сонымен, Үнді Үкіметінің жетекшісі не мақсатпен келді, қандай пайдаға шығамыз?

Үндістан Қазақстаннан уран сатып алатын болды.  2019 жылға дейін  бұл мемлекетке 5  мың тонна  шикізат  жөнелтіледі. Энергетикалық  келісімнің Үндістан үшін  орны бөлек.   Азияның алыбы стратегиялық шикізатты атом энергиясын бейбіт мақсатқа жарату үшін  керек, дейді.  Осы саладағы тәжірибесімен  бөлісуге дайын. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Келіссөздер барысында біз кең ауқымды мәселелерді қарастырдық. Белсенді саяси диалогты жалғастыруға, барлық деңгейдегі байланыстарды өрбітуге, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды жан-жақты жандандыруға уағдаластық. Үндістанмен стратегиялық серіктестікті дамыту – біздің сыртқы саясатымыздың Азия векторындағы басым бағытының бірі.

Нарендра Моди, Үндістан Премьер-Министрі:

Біздің көп мүддеміз ортақ, экономикалық және саяси даму бағыттарымыз ұқсас. Көптеген халықаралық мәселелер, соның ішінде өңірлік қауіпсіздік, коммуникация мен интеграция, сондай-ақ, БҰҰ-ға реформа жүргізу мәселелері жөнінде елдеріміздің ұстанымы үндеседі.

Қазақстан –  Үндістанның өңірдегі ең ірі экономикалық серіктесі. Қарым-қатынастарымызды одан әрі дамытудың әлеуеті зор. Біз экономикалық байланыстарымызды жаңа деңгейге көтеру үшін барлық күш-жігерді жұмсауға ниеттіміз.

Сарапшылар кез-келген  елдің әл-ауқатының өсуі демографиямен тікелей байланысты, дейді. Осы теория тұрғысынан алғанда, 1 миллиард 200 миллиондай халқы бар дамушы ел - Үндістанның келешегіне қатысты сәтті экономикалық   болжам көп. 

Қазақстан үшін  нарығы үлкен - елмен әріптестік әсіресе, мұнай-газ, металлургия, тау-кен өндірісі мен инфрақұрылым,  электр энергиясы салаларында аса тартымды. Бүгінде Сәтбаев мұнай блогын барлау-бұрғылау жұмыстары  Үндістанның қатысумен жүріп жатыр. Әріптестік әлеуеті кең.   

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Үндістанның Премьер-Министрі Нарендра Моди мырзаның Қазақстанға алғашқы ресми сапары өзара түсіністік пен достық руһында өтуде. Үндістан мемлекеті Қазақстан үшін Азиядағы өте үлкен әріптес. Орталық Азия өңіріндегі Қазақстан - Үндістанның ең үлкен экономикалық әріптесі.

Нарендра Моди Үндістан Премьер-Министрі:

Екі бағытқа – өңдеу өнеркәсібіне және инфрақұрылым саласына  инвестиция салуды басымдығы бар бағытымыз деп білеміз. Бизнесте өзара іс-қимылды одан әрі жандандыруға шақырамын.

Сауда-өнеркәсіп палатасы өкілдерінің қатысуымен бірлескен бизнес-форум өткізе отырып, ынтымақтастығымыздың жаңа жол картасын жасай аламыз, деп үміттенеміз.

Екі ел арасында  биылғы жылдың тек үш айында құны 74 миллион доллардың  жүгі айналды.   Ал, өткен жылы алыс-беріс  көлемі  1,3 миллиард долларды құрады. Сауда көлемі еселеп ұлғайып келеді.

Қазақстан Үндістанға ураннан бөлек мұнай,  таскендір, болат, күкірт жеткізіп беріп отыр.  Ол жақтан кофе, шәй, дәрі- дәрмек, механикалық қондырғылар әкелініп жатыр.  Бірлескен   492   кәсіпорны жұмыс істейді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Елдеріміздің ынтымақтастығын одан ары кеңейтуге қажетті әлеует өте зор. Сауда-экономикалық өлшем екіжақты қарым-қатынастың локомотиві.  Қазақстан - Үндістанның Орталық Азиядағы ең  ірі сауда-экономикалық  серіктесі.

Ақпараттық технология,  мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, атом энергиясы, фармацевтика салаларында бірлескен жұмыстан елеулі тәжірибе жинадық. Елімізде 2005-2014 жылдың арасында Үндістаннан тартылған тікелей инвестиция көлемі 200 миллион  АҚШ долларынан  асты.

Бұл жолы  екі ел арасында ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған бес құжат бекіді. Бірі «Қазақстан  Темір Жолы»  мен Үндістанның қатынас жолдары арасындағы техникалық ынтымақтастық жөніндегі меморандум.

Үндістан  Азияны  Еуропамен байланыстыратын жолдарға, халықаралық дәліздерге үлкен қызығушылықпен қарайды. Сондай-ақ, азиялық ел Еуразиялық экономикалық одақпен еркін-сауда   келісімін жасау   мәселесін  ілгерілетуде. 

Нарендра Моди, Үндістан Премьер-Министрі:

Бүгінде Қазақстан экономикасы табысты дамыған ел ретінде өркендеп келеді.  Осының барлығы – орындалуға тиіс міндеттерді жоспарлаудағы Сіздің биік ой-өреңіз бен озық көзқарасыңыздың арқасы. Үндістан үлкен ел болса да, сіздерден біздің үйренетініміз көп.

Екі ел  сотталған  адамдарды беру туралы  шарт жасасты. Қорғаныс, әскери- техникалық   ынтымақтастық  туралы келісімді бекітті.  Ал, Президент пен премьер «Жедел қадам» деп аталатын  бірлескен мәлімдеме қабылдады. 

Үндістан жағы ғарыш, ақпараттық технология саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға да мүдделі. Ал, Астана 2017 жылы өтеттін EXPO  көрмесіне   үндістандық  компаниялардың  белсене атсалысуын қалайды.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Көптеген маңызды мәселелер бойынша ұстанымдар ұқсастығы, тұрақты әрі тығыз байланыстар, бір-бірін толықтыратын экономикалар, екі елдің зор транзиттік-көліктік әлеуеті осыны айғақтайды. Сондай-ақ, сапар аясында өткен бизнес-форум екіжақты ынтымақтастықты арттыруға қосымша негіз қалайды.

Енді екі ел мамандарды да бірігіп тәрбиелейді. Үндістан Қазақстанның 6 университетімен арада жастардың тәжірибе, білім алмасуын көздейтін жаңа бағдарламаны  іске қосты. Бағдарлама  алты жылға созылады. Сөйтіп, жастар екі ел арасындағы достықтың алтын  көпірін жалғайды.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Бөлісу