Н.Назарбаев: Сапаға мән бермей қай істің де мәні болмайды
Осы аптаның экономикаға қатысты ең бір сүбелі жаңалығы - бейсенбіде өткен жалпыұлттық телекөпір. Нұрсұлтан Назарбаев Кәрім Мәсімов басқаратын Үкіметтің «Индустриалды-инновациялық даму» және «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша есебін тыңдады.
Мемлекет басшысы қазынаның қаржысын атасынан қалған мұрадай оңды-солды шашатын шенеуніктердің «шаңын қағып» алды. Ысырапқа, шашпа-төкпеге бейім біздің Үкіметке дереу үнемге көшуді бұйырды.
Елбасының ашу шақыратындай жөні бар. Қазіргідей қаржылық қиындық кезеңде түрлі мемлекеттік бағдарламаларға деп Ұлттық қордың құлпын бұзып, миллиардтап ақша алдық. Енді келіп, көп ақшаны көргенде, қанағатты ұмытып, халықтың ақшасы екенін естен шығарып, жеке ақшасындай желігетіні мынау шенеуніктердің. Қош.
Индустрияландыру сенімді ақтап жатқанға ұқсайды. Мәселен, бірінші бесжылдық кезінде шамамен 33 миллиард доллар шетелдік инвестиция тартылған. Соның жартысы осы индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасына тиесілі болған. Бұл бірінші бесжылдық, алда әлі екінші бесжылдық бар.
Президент бұл бағытта басымдығы бар алты саланы анықтады. Олар - мұнай өңдеу және металлургия кешені, тамақ және химия өнеркәсібі, өнеркәсіптік жабдықтар және құрылыс материалдары өндірісі. Аңғарсаңыз, бәрінің негізінде кластерлік тәжірибе жатыр.
Дәстүрлі жиын жылына екі рет өтеді. Елордадағы көрме залы. Бұл жерге Қазақстанда жасалған бірыңғай жаңа өнім қойылған. Мемлекет басшысы көрмені асықпай аралап көрді. Құрамын, сапасын сұрады, көздеген нарығын пысықтады, ақыл-кеңесін берді.
Көрмеге 80-ге жуық түрлі өнім қойылған. Жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, машина жасау салалары түгел қамтылған.
«КазПласт» компаниясы жылына бес мың тонна полиэтиленді құбырлар мен арнайы су өткізгіштер шығарады. Кәсіпорын соны үлгідегі технологияны қолданады.
Индустрияландыру бағдарламасы аясында іске қосылған үш жылдың көлемінде өзімізге де өнім берді, көрші мемлекеттерге де тауарын саудалап жүр. Экономикаға елеулі үлес қосып үлгерді.
Сергей Вадько, «КазПласт» ЖШС директоры:
Біздің өнімдер 100 пайыз отандық. Басты ерекшелігі - әлем бойынша үш ел ғана осындай жоғары технологияны пайдалануда. Қазір біз Қазақстан аумағын түгелдей қамтып отырмыз. Тауар құны халықтың қалтасына сай.
Қазақстанмен ынтымақтастыққа жаһанның ықыласы артып тұр. Бізбен берік әріптесік орнату үшін көрмеге шетелдік кәсіпорындар да арнайы қатысты. Олар үшін экономикасы өрге домалаған Қазақ елі - стратегиялық сенімді әріптес.
Кристоф Шалье, «Эрликид» компаниялар тобының аға вице-президенті (Франция):
Біздің компанияның әлем елдерінде 80-ге жуық өкілдігі бар. Мұнай өңдеу саласында, химия өнеркәсібіне қажетті, оттегі, нитроген сынды газ түрлерін шығарамыз. Біз Қазақстанға инвестиция тартып, жаңа технологияны әкелгіміз келеді. Біз үшін Қазақстан өндірісі - жаңа бағыт, бірлесіп жұмыс істеу - негізгі мақсатымыз.
Көрмені аралаған соң Президент Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің есебін тыңдады. Бірінші - индустриялық инновациялық даму деңгейі, екінші - «Нұрлы жол».
Қазақстан биыл индустрияландырудың екінші кезеңіне өтті. Өсім бар, кедергі де жоқ емес.
Әсет Исекешев, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
Жылдың басында индустриялық картадағы 770 кәсіпорнның 200-ден астамы өндіріс қуатын тұтыну ісінде қиындықтарды өткерді. Кейбіріне өндірісті уақытша тоқтата тұруға тура келді. Біріншіден, Ресей рублінің құнсыздануы және өнімге сұраныстың азаюы.
Дегенмен, министрлік мұқап қалмаған. Жыл соңына дейін 100-ге тарта кәсіпорын іске қосылады. Қазір 20-ы жұмыс істеп тұр.
Енді - «Нұрлы жол». Ауқымды бағдарлама үшін Ұлттық қордан биылға 60 миллиард, 2016 жылға 90 миллиард теңге қаралған.
«Нұрлы жолға» тек тасжол мен теміржол ғана емес, тұтас инфрақұрылым, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық түгел кіреді. Сондықтан, бөлінетін қаржы да ауқымды. Қадағалауды қажет етеді.
Елбасыға облыс әкімдері де есеп берді. Президент экономиканың негізгі қозғаушы күші саналатын шағын және орта бизнесті қолдап, қорғап, өркендетуді тапсырды.
Дәстүр бойынша, есептік жиын соңы телекөпірге ұласты. Еліміздің 9 өңірі орталықпен тікелей байланысқа шығып, 10 кәсіпорын іске қосылды.
Ғабит Закария, «Полимер Продакшн» ЖШС бас директоры:
Біздің «Біріккен химия компаниясы» зауытында 30-дан астам өнім түрі шығарылмақ, оның 60 пайызы экспортталады. Қазақстанда затты буып-түйетін саланы жаңа сапалы деңгейге шығару - жобаның басты міндетінің бірі. 2019 жылы зауыт индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде көршілес мұнай-химия кәсіпорындарынан алынған шикізатты пайдаланады.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізге қолдау көрсеткеніңіз үшін алғысымды білдіруге және біздің зауыттың алғашқы екі желісін іске қосуға рұқсат етіңіз!
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өте қажетті өндіріс. Атырауда үлкен кластер жасалып жатыр. Бұл соның тұңғыш қарлығашы саналады. Табысты болыңдар! Өндірісті іске қосайық.
«Нұрлы жол» бағдарламасы да тұтас ел бойынша қарқынды жүзеге асуда. Астана мен аймақтарды «Күн шұғыласы» тәртібімен байланыстыру үшін жиыны 7 мың шақырым тас жол төселуі тиіс. Қазір 11 бағыт бойыншы жұмыстар басталған.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары:
Автожол жобаларын іске асыру барысында 200 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. 2020 жылға дейін қозғалыс қарқыны 2,5 есе өседі. Маңызды жобалардың бірі - Астана мен Алматы арасын Қарағанды, Балқаш және Қапшағай қалалары арқылы байланыстыратын жалпы ұзақтығы 1 282 шақырым «Орталық - Оңтүстік» дәлізі. Астана мен Алматы арасында жол жүру уақыты 6 сағатқа азаяды.
Экономиканың күретамыры - жол. Үлкен суға шығар мүмкіндігі жоқ, бірақ, үлкен мемлекетер арасында отырған біздей ел жолды нарықтар көпіріне айналдыруы тиіс. Мемлекет басшысының негізгі тапсырмасы осыған саяды.
«Сапаға мән бермей қай істің де мәні болмайды. Сосын ұлттың өз брендін қалыптастыру қажет», - деді Президент.
Алып жерді алып жатқан Қазақстанның инфрақұрылымдық жобалары жұртқа жұмыс беруі тиіс. Жол бойын жағалай сауда-саттық, демалыс бекеттері, асхана, мейманхана салынуы ләзім.
Салынған жол жыл айналмай шұрық тесілмей, дұрыс болуы керек. Сонда үнем де болады, ел де оңады. Ендігі жерде Ұлттық қордан ақша бөлінбейді. Үкімет жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін қаржының өзге көзін іздеуі керек.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Салынып жатқан жолдарды, іске қосылған өндірістерді барлығын халыққа көрсетіп отыру керек. Бұл - еліміздің қуанышы. Қазақстан ешуақытта мұндай жағдайға келген жоқ. Мұндай өндіріс салу үшін мемлекеттің қуаты, қаражаты болуы керек.
Қазақстан - тұрақты. Тұрақтылық талай ірі істерді жасқанбай атқаруға мүмкіндік берді. Президент қазіргі міндет қалай болғанда да экономикалық өсімді еселеу қажеттігін айтты.
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы