Бейбіт Ыстыбаев: Биылғы «Қазақстан барысы» турниріне дайындығым жоғары болды
Астана тойы таңды, түнді таңға жалғар алуан сипаттағы мәдени-спорттық шаралардың молдығымен қала тұрғындарына, меймандарға қуаныш сыйлауда. Халықтық мейрамнан Мемлекет басшысының өзі де қалыс қалмай, елмен бірге емен-жарқын атап өтуде.
Бүгін Елбасы гольфтан Астана Кубогі үшін өткен ашық турнирге барды. Жаһандық беделі биік гольф жарысына тек республикадан емес, шетелдерден де спортшылар арнайы қатысуда.
«Бүгінде спорттың бұл түрі гольф Қазақстанда дамып келеді, уақыт өте Астанада жаңа клубтар салынады»,- деді Президент. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы кеше «Қазақстан барысы» турниріне арнайы барды.
Қазақ күресінен V республикалық турнирде белдескеннің белін үзер балуандарға жүлде таратты. Бейбіт Ыстыбаев «Қазақстан барысы» атанып, бас жүлдені қанжығаға байлады. Алтын белбеуді иеленді. Президент оған «Алтын тайтұяқты» өз қолымен табыстады.
«Тараз арланы» лақап атымен танымал Бейбіт 2012 жылы да «Қазақстан барысы» атанған еді. Араға үш жыл салып, сол жетістігін тағы да қайталап отыр. Жеңімпазға 150 мың АҚШ доллары көлемінде жүлде берілді.
Негізі, биылғы доданың ерекше атап өтер тұсы - қатысқан 33 палуанның 17-і - жастар. Түгелдей «Қазақстан барысының» финалына өткен. Жарысты бізден бөлек, Түркия мен Ресей арналары да тікелей эфирде таратты.
Жылдағы дәстүр. Әуелі «Барыстар» асық алу арқылы қарсыластарын анықтады.
Былтырғы «Қазақстан барысы» Мұхит Тұрсынов пен 2013 жылғы жеңімпаз Айбек Нұғымаров бірінші кезеңде шайқасқа түсті. Қосымша кезеңде Мұхит жерлесінің осал тұсын тауып, ұпай олжалады.
Жақсылық Омар, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
«Қазақстан барысы» турнирі бүкіл қазақстандықтардың көңілінен шығатын, асыға күтетін ерекше спорт мейрамы. Миллиондаған адамдар жарысты теледидардың алдында тамашаласа, жан-жақтан Астанаға спорт сарайына ағылып келіп жатады.
Доданың жыл сайын аспандап, атағы алыс жете бастады. Сөзге дәйек. Биыл облыстарда өткен іріктеу жарыстарына қатысқандар көбейген. Бір ғана Шығыс Қазақстан облысынан 8 мың спортшы «Барыс» атануға тылпынған. Онымен бірге әр өңірден екі мыңнан аса палуан қазақ күресін жетік меңгергенін байқатқан.
Сергей Хоритонов, ережесіз жекпе-жек шебері (Ресей Федерациясы):
Өте керемет турнир. Қазақ күресі көңілімнен шықты. Таңғалып тұрмын, бұл белдесулердің спортшылар үшін берері мол екен. Айла-әдістер жылдам әрі нәтижелі жасалады. Қазақ күресі дамып, әлемдік мәртебеге көтерілді деген ойдамын.
Былтырғы «Қазақстан барысы» осы жолы жетістігін қайталай алмады. Екінші кезеңде Мұхит апайтөс палуан Бейбіт Ыстыбаевпен бозкілемге шығып, жарыс жолынан шықты. Мамандардың пікірінше, «Тараз арланы» өткен жылғы жеңілістен кейін, жаттығуын ширатқан. Соның нәтижесі болар, Бейбіт қарсылас шақ келтірмеді.
Үшінші кезеңде күрестің көркі кірді. Өйткені, қабырғасы қазықтай, білегі білеудей төрт толағай белдесті. Олар - Руслан Әбдіразақов пен Жұманазар Ерсұлтанов, Бейбіт Ыстыбаев және Ғани Сейділдаев. Оғландар осалдық танытқан жоқ. Дегенмен, Руслан мен Бейбіттің бағы жанып, ақтық сынға шықты.
Естеріңізде болса, өткен жылы «Сыр арланы» қола жүлдені иеленген еді. Биыл ақтық мәреге жетті. Топтан қара үзіп шыққан екі палуан жеңіске жету үшін барын салды. Бірақ, бір-бірінің тәсілдерін жазбай танитын бозкілем шеберлері әдіс жасай алмады. Сөйтіп, ұпай санымен Бейбіт екінші мәрте «Қазақстан барысы» атанды.
Бейбіт Ыстыбаев, «Қазақстан барысы-2015» турнирінің жеңімпазы:
Үш жыл қатарынан ұтамын деп, 2013 жылы ақтық сынға шығып тұрып, ұта алмай кеттім. 2014 жылы жарақат болды, дайындық дұрыс болмады. Биыл дайындық жақсы.
Жеңіске жеткендер ерекше салтанатпен марапатталды. Жүлделерді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі табыстады. Президент сөзінде Балуан Шолақ пен Қажымұқанның ізін басып келе жатқан палуандарға сәттілік тілеп, қазақ күресін қолдайтынын жеткізді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Еліміздің жүрегі, халқымыздың тірегі, ел ордасы - Астананың туған күні қарсаңында беріліп отырған үлкен құрмет, халқымыз үшін үлкен мереке. Қазір осы палуандарды күллі Қазақстан халқы көріп отырғанын білесіздер. Мерейлері өсіп, жігіттерге сүйсініп отыр. Лайым осылай бола берсін. Біздің жігіттер, қазақтың ұлдары күшті, сайыскер болуға бейімделсін.
Турнирдің бас жүлдесі - 150 мың АҚШ доллары мен «Алтын тайтұяқ» Бейбіт Ыстыбаевқа берілді. Ал, екінші орын - 30 мың АҚШ долларын Руслан Әбдіразақов алса, 10 мың АҚШ долларын астаналық Ғани Сейділдаев олжалады.
«Жеңіске жігері» үшін арнайы жүлдені тамаша тартысты белдесу көрсеткен Нұрым Сәлімгерев иеленіп, оған «Самұрық-Қазына» қорынан автокөлік сыйға тартылды.
«Қазақстан барысы» турнирінің ізін ала Астана Кубогы үшін гольфтан ашық турнир басталды. Жарысты Президент Нұрсұлтан Назарбаев тамашалады.
Елбасы «гольф ойыншысына Астананың желі де, ауа райы да кедергі емес, сәйкесінше, мұндай күнде жаттығу жасаса, спортшының шеберлігі шыңдалады», дейді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осы жылдардың ішінде жоқ жерден даладан гольф клубты аштық. Бірнеше спортшыларды тәрбиеледік. Қазақстанда гольф мәдениеті еселеп өсіп келе жатыр. Елорда тойы қарсаңында бүгінгі турнирді ашқалы отырмыз. Баршаларыңызға табыс тілеймін.
10 жылдан бері жалғасып келе жатқан турнирге биыл 72 адам қатысты. Олар скрембл ережесі бойынша топтарға бөленіп, үздікті анықтайды. Жеңіске жеткен команда арнайы Кубокты иеленеді. Бұл - Астана тойына арналған шаралардың басы ғана.
Сәкен СЕЙІТХАНҰЛЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы