«Ресейдің алтын қауырсындары» атағына ие қаламгерлер Қазақ Президенті туралы кітап жазып шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ресейдің алтын қауырсындары» атағына ие қаламгерлер Қазақ Президенті туралы кітап жазып шықты

05.07.2015
«Ресейдің алтын қауырсындары» атағына ие қаламгерлер Қазақ Президенті туралы кітап жазып шықты

Озық ойлы ақынымыз Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «анау қырда татар тұр, басқалармен қатар тұр», деп өлеңдеткені бар шағында. Ондағы ойы - ұйқысы көп, ояуы аз біздің халыққа  татар мәдениетін үлгі-өнеге қылып көрсету еді. Бүгінде қазақ пен татар достығы тамыры тереңге кеткен қарт тарихпен астасып жатыр. Ортақ тегіміз, дініміз, дәстүріміз, туыс тіліміз - бірлігіміздің айғағы.

Осы аптада Татарстан астанасындағы Орталық көшелердің бірі Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін иеленді. Жергілікті Қазақ диаспорасының бастамасын бірден қолдаған татар билігі, қазақ халқына, қазақ Президентіне осындай құрмет көрсетті.

Татарстанның басшылығы «Нұрсұлтан Назарбаевтай жиһандық деңгейдегі саясаткер Қазақстан мен Ресейдің, қазақ пен татардың достығын арттыруға өлшеусіз үлес қосты. Оның үстіне Қазақстандағы бейбіт саясаттың арқасында, қаншама татар диаспорасы қазақ даласынан пана тапты», деп ағынан жарылды. Жөн сөз. 

Тек Татарстан емес, осы аптада Ресей де біздің халыққа сияпатын арнады. Үлкен сияпат - үлкен кітап. «Жасампаз. Нұрсұлтан Назарбаев: Ресейден көзқарас» деп аталады. Көрші елдің үздік публицистері мен тісқаққан журналистері  жазып шыққан. 

Нұртас Солтанұлы,тілші:

Соңғы жылдары Қазақстан Президенті туралы көптеген еңбек жазылды. Алайда, «Жасампаз. Нұрсұлтан Назарбаев: Ресейден көзқарас» атты еңбектің жөні бөлек. Себебі, бұл кітапты бірнеше үздік автор біріге отырып жазған. Яғни, қаламгерлер мен журналистер Нұрсұлтан Назарбаевтың қайраткерлігін жан-жақты көрсетуге тырысты. 

Қазақстан Президенті туралы кітапты Всеволод Богданов, Владимир Губарев, Леонид Млечин сынды 8 қаламгер жазған. Олардың барлығы - «Ресейдің алтын қауырсындары» деген атаққа ие, белгілі публицистер. 400 беттен тұратын туындыда авторлардың бірі Нұрсұлтан Назарбаевтың реформаторлығына тоқталса, енді бірі оның ядролық қарудан бас тартқан батыл қадамына баға берген. 

Владимир Губарев, жазушы, кітап авторларының бірі:

Нұрсұлтан Назарбаев - әлемдегі, адамзат тарихындағы жойқын қарудан өзі бас тартқан алғашқы адам. Себебі, сол кезде Қазақстан ядролық қаруды ұстап тұратын болса, барлық күшін соған жұмсап, қазіргідей дамып кете алмас еді. Мұны біз енді түсіндік. Ал, Нұрсұлтан Назарбаев оны осыдан 24 жыл бұрын білді.

Туындыда очерктерден бөлек, Ресей Президентінен бастап, өзге де саясаткерлер мен мемлекет қайраткерлерінің, өнер және спорт жұлдыздарының Нұрсұлтан Назарбаев туралы пікірлері де берілген. Бұл тұлғалардың түгелге жуығы кітаптың таныстырылымына қатысты. 

Алексей Леонов, Кеңес одағының екі мәрте батыры, ұшқыш-ғарышкер:

Нұрсұлтан Назарбаев - жасампаз тұлға. Ол Қазақ елінің тұтастығын сақтап, халқының басын қосқан, ұйыстыра білген адам. Ол қазақ халқының жақсы өмір сүруі үшін барлығын жасады. Мен Астанадай қаланың салынғанын қызыға, тіпті қызғана айтамын. Себебі, осы жылдар ішінде Қазақстан жасаған істі біз Ресейде істей алмадық. 

Вагит Алекперов, «Лукойл» компаниясының президенті:

Бұрынғы Кеңес одағы елдерінің арасында қақтығыс пен жанжалды көрмеген жалғыз мемлекет - Қазақстан. Себебі, Нұрсұлтан Назарбаев - ұлы саясаткер. Ол осы қиындыққа толы 24 жыл бойы халқын аман алып келе жатыр.

Зураб Церетели, Ресей көркемөнер академиясының президенті:

Ол өзінің туған жерін және туған халқы мен жақындарын жақсы көреді. Ол - дана саясаткер. Ол өнерді бағалайтын адам. Мен өз кезегімде, шығармашыл адам ретінде Назарбаевтың образын жасауға әзірмін. 

Салтанатты кеш барысында Ресей Журналистер одағының Қазақстан Президентін «Ерен еңбегі үшін» белгісімен марапаттағаны жария болды.

«Нұрсұлтан Назарбаев - бірегей тұлға. Ол туралы қанша кітап жазылса, халық оны сонша рет жаңа қырынан таниды». Қазақ елінің басшысына Ресейдің көзімен баға берген қайраткерлер осылай деп отыр.

Нұртас Солтанұлы, тілші:

Қазан қаласының Ислам әлемі үшін, түркі дүниесі үшін маңызы өте зор. Қазан қаласы білім мен ғылымның, мәдениет пен өркениеттің орталығы. Ресейдегі ең ірі үшінші шаһар. Бұл қала қазақ баласына да жат емес. Мұнда Алаштың талай игі-жақсылары білім алған. Енді міне, мыңжылдық тарихы бар қаладағы орталық көшелердің біріне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі беріліп отыр.

Ресейліктер Назарбаевты барша жұртты бауырына басып, бейбіт саясат ұстанған басшы деп біледі. Сондықтан болар, оның есімін иеленген көшені ресми түрде жариялауға арналған салтанатты рәсім қаладағы Халықтар достығы үйінде өтті. Шараға Татарстанның тұңғыш Президенті, қазіргі басшылығы, Қазақстанның Ресейдегі Елшісі және қазақ диаспорасы мен қала халқы қатысты.

Рустам Минниханов, Татарстан Республикасы Президентінің міндетін атқарушы:

Біз бір-бірімізге жақын болуымыз үшін кезекті бір қадам жасадық. Нұрсұлтан Назарбаевтай ұлы адамның есімі Қазан қаласындағы көрнекті көшенің бірінде пайда болды. Біз оны енді үлгі тұтарлық көшеге айналдыруымыз қажет.

Марат Тәжин, Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті Елшісі:

Еуразия кеңістігіндегі ең көне шаһарлардың бірінде көшеге Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру - ерекше және маңызды қадам. Осы әрекет арқылы біз халықтарымыздың арасындағы достықты арттыратын тағы бір тарих кезеңнің негізін қалап отырмыз.

Қазан қаласындағы көшелердің бірін Қазақстан Президентінің есімімен атау - жергілікті Қазақ диаспорасы қолға алған іс. Бұл бастаманы татар билігі бірден қолдап, шаһардың қақ ортасындағы ең үлкен, әсем көшелердің бірін берді.

Сағит Жақсыбаев, Татарстандағы қазақ ұлттық мәдени автономиясының жетекшісі:

Қуанышымыз көп. Осы жерге біздің Елбасымыздың аты беріліп жатса, қалай қуанбайсың?!

Фируза Фатыхова, Қазан қаласының тұрғыны:

Біздің татарларды, басқа ұлттарды Назарбаев бірде-бір рет қудалаған жоқ. Біз ешқашан айырылған жоқпыз. Алдағы уақытта да қазақ пен татар бірге жасай береміз.

Нұрсұлтан Назарбаев көшесі Йордания мен Түркияда да бар. Ал, Ресейде Ингушетия мен Грозныйда қазақ басшысына осындай құрмет көрсетілген. Енді оған Татарстан астанасы да қосылды.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу