Шығарманың өн бойында ғұмыр-белесі, Қазақстан тарихының жаңа заманы суреттеледі.
Елбасы кітапта өз өмірі туралы әңгімелеп, заман, қоғам туралы толғаныстарын баяндайды. Экономикасы қуатты, Тәуелсіздігі тұрақты жаңа мемлекет құрудағы қиын да жарқын сәттер - кітаптың негізгі арқауы.
Мемлекет басшысының балалық шағы мен еңбек жолы турасында бұрын-соңды айтылмаған дүниелер де жарияланған. Кітап - терең ойдың жемісі, елге қызмет етудің, биікті бағындырудың, Отанды сүюдің жарқын үлгісі.
«Сондықтан, бірегей туынды әр шаңырақтың төрінен табылса, артық емес», дейді оқып үлгергендер.
Сондай-ақ, осы аптада «Өмір өткелдерінен» бөлек, «Президент» атты жинақтың тұсауы кесілді. Бұл - «Егемен Қазақстан» газетінің бастамасы.
Туындыда Елбасы мен оның іргелі істері туралы баяндалған. Кітап соңғы бес жылда Мемлекет басшысы туралы жарияланған алуан түрлі мақалаларды қамтиды.
Сондай-ақ, онда ақындардың толғау, тілек мазмұнында айтылған бір топ өлеңі де бар. Қазақстан Президентінің маңызды кездесулерден түсірілген суреттері де туындының мазмұнын толықтыра түскен.
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ