Елорданың ауа райы бір ысып, бір суып, бір ашылып, бір түнеріп, түсініксіздеу қалпын аңғартады. Аспан айналып жерге түскендей маусым айы шыжғырған, шіліңгір шілде қалай болар дегенде, етпеп аптығын басты-ау.
Бұл қоңыр салқын мезет бас қала - Астана күнін тойламаққа ағылған ағайынға қолай болар еді. Ауа райын болжағыштар «алдағы апта шаң басар, кеңсірікті ашар нөсерімен есте қалады», дейді, кім білсін?!
Сонымен, жылда ел болып күтетін сүйікті Астананың туған күні жақындады. Мемлекеттік рәсім, ойын-сауық, думанды кештер кешеден қамшы қақты.
Астананың тойы жыл сайын Ту көтеруден басталады. Биыл да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі ең үлкен Мемлекеттік Туды көтеру салтанатына қатысып, тойдың ресми басталғанын жариялады.
Сөйтіп, Астананың аспанында Көк байрақ Көкке самғады, Әнұран аспанда қалықтады. Сымдай тартылған әскерилер, алқалаған қауым. Астананың, әлі де жас қаланың, бас қаланың басты мерекесі осылай басталды.
«Астана - ортақ еңбектің жемісі, барша халықтың тынысы. Қаланың алдында мақсат айқын. EXPO-2017 көрмесі арқылы елорда көркі ажарлана түседі», деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бас қаламыз - тұтас ел дамуына серпін берген, кемел келешекке жол ашқан қастерлі бойтұмарымыз. Бүгін шын мәнінде Еуразия жауһарына айналған Астана елімізді биік белестерге жетелеп тұр. Біз Тәуелсіздік жылдары жаңа Астана салу арқылы халқымыздың жасапмаз қуатын дүниежүзіне паш еттік. Ендігі мұратымыз - бірлігі жарасқан Отанымызды мәңгілік ел ету.
17 жылда Астана өсті, өркендеді, көркейді, көбейді. Соңғы 10 жылда астаналықтар 62 пайызға көбейген - 825 мың 400 тұрғын. Бұл - ресми дерек. Мемлекеттің мемлекеттілігінің маңызды белгісі байрақты көкке көтерген соң кезек әскерилерге өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев жас сарбаздарға салтанатты түрде шен берді. Офицерлік погон алған жастар өз қатарынан озық шыққан үздіктер. Жиыны - 12. Қорғаныс, шекара, Ұлттық қауіпсіздік, Ұлттық Ұлан секілді әскери оқу орындарының түлектері.
Абылай Бірәлин, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының түлегі:
Бүгін - мен үшін ерекше қуанышты сәт. Жоғарғы Бас қолбасшының қолынан әскери шен алу - әрбір сарбаздың арманы. Бес жыл бойы әскери инженерлік институтта білімімді жетілдіріп, енді әскери өнердің дамуына үлесімді қоссам деймін.
Президент қазіргі бейбіт күннің қадірін білуге, құрметтеуге шақырды, дегенмен, ел басына күн туса, атқа қонар ердің де әзір болмағын меңзеді. Өйткені, жаһан алмағайып. Көк байрақты желбіреткен көңілді жұртпен Елбасы арнайы барып амандасты, бірін-бірі құттықтап, қолпаштап жатқан көпшілік мәре-сәре. Себебі, Астана тойы- тұтас Қазақстанның тойы.
Индира БЕГАЙДАР