Нұрсұлтан Назарбаев Италияның EXPO-2015 көрмесі өтіп жатқан Милан қаласына жұмыс сапарымен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев Италияның EXPO-2015 көрмесі өтіп жатқан Милан қаласына жұмыс сапарымен барды

28.06.2015
Нұрсұлтан Назарбаев Италияның EXPO-2015 көрмесі өтіп жатқан Милан қаласына жұмыс сапарымен барды

Жер-жиһан тұтас шалқып отырған жоқ. Дастарханынан ит-мысығын тамақтандыратын бай-бағландарды айтпаймыз, талшық етер бір тілім нанға зар жарлы-жақыбайлар саны кемімей отыр, қайырым жоғалған заманда әсілі, кемімейтін де шығар.

«Планетадағы әр тоғызыншы тұрғын аш. Ал, 2 миллиардқа жуық адам семіздікке шалдыққан», дейді сандар. Италияның Милан қаласында өтіп жатқан EXPO-2015 халықаралық көрмесі осы бір жаһандық мәселені шешуге аса ықыласты.

«Ғаламшарды азықтандыру. Өмір үшін энергия», деп аталатын ірі көрме мамырда басталған еді. Бақандай 5 айға жалғасып, қоңыр қазанның соңына қарай тарқайды.

Кеше Италияға арнайы сапарлаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы Миландағы Қазақстанның Ұлттық күнінің басталу рәсіміне қатысты. Жалпы, мұндай алпауыт көрме енді екі жылдан соң бізде өтетінін ескерсек, бұл Қазақстан үшін үлкен әзірлік, ауқымды сынақ.

Екіншіден, бұл Астана EXPO-2017 көрмесін жаһан жұртшылығы алдында жарнамалауға таптырмас мүмкіндік. Ал, Миланға келсек, шаһар көрмеге қатысушы мемлекеттер салған павильондар саны бойынша рекордтық көрсеткіш орнатты. Мысалы, соңғы Шанхайдағы көрмеде павильондар саны 42 болса, Миланда ‒ 53.

Ал, көрмеге қанша ел қатысып жатыр? 200 футбол алаңын аумағына сыйдырған Миланға не тәйірі, 144 мемлекеттің басын біріктірген.

Әр мемлекеттің отауы  алыстан мен мұндалайды.  Туристерді үйіріп әкету үшін  көрмеге қатысушылар бар  шығармашылығын салған.  Бразилия кіре беріске  есік орнына тор орнатып, қонақтарын   күлдіріп алады. 

Ал, Азия елдері қашаннан   экзотикалық өсімдікке бай. Павильонды солардың сабағынан өрді. Корейлер минимализмге бейім. Көпті шешімімен  таң қалдырған  оймақтай ел  - Монако.  Кәдімгі жүк контейнерлерінен экспозиция жасақтады. Тірек тақырып  «Ғаламшарды қалай асыраймыз? Өмір үшін энергия». Әр ел бұл сауалға  өзінше жауап іздейді...

Бурги Маргино, турист:

Үлкенді-кішілі павильондар әртүрлі материалдардан соғылыпты. Бірі ағаштан, бірі өсімдіктен, бірі темірден, бірі тіпті азық-түліктен  мұнара соғыпты.

Аумағы  3 мың шаршы метрді құрайтын еңселі  Қазақстан  көрмесін  бір  күнде бес мыңға жуық  турист   тамашалайды. Тек бір айда 130 мың адам келген. Павильон шаруашылықтағы  басты дақыл - жүгері мен бидайдың масағын еске салады.  EXPO қонақтары  көп таңдайтын бес үйдің бірі - шағын қазақстандық ауыл.   Оның ең үлкен  себебі – экспозицияның тартымдылығында. 

Көрменің төрінде күні кеше қазақтың   көк байрағы көтерілді.  Қазақстанның Ұлттық  күні тойланды. Шараға Мемлекет басшысы қатысып,  EXPO қонақтарын   Астанаға шақырды. Өйткені, тура екі жылдан кейін біздің бас қала Миланнан эстафетаны қабылдайды.   

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Болашақтың энергиясы» деген тақырыппен Астанада өтетін алдағы EXPO-2017 көрмесіне айрықша көңіл бөлініп отыр. Энергетикалық қауіпсіздік азық-түлік қауіпсіздігімен қатар, халықаралық ынтымақтастықтың маңызды бағытының бірі.

Миландағы басқосуда басталған диалог елдердің, халықаралық ұйымдар мен бизнестің арасындағы өзара ықпалдастыққа серпін береді және Астанада жалғасын табады.

Қатысушылар мен қонақтар біздің байырғы мәдениетіміз және бай тарихымызбен танысып, бүгінгі Қазақстанның жетістіктері мен жоспарлары жөнінде көбірек біле алады. Біздің елді жақынырақ таныған соң Сіздердің міндетті түрде 2017 жылы Қазақстанға баруға құштарлығыңыз оянатынына сенімдімін.

Құммен шыны үстіне салынған  сурет, одан әрі ұлттық мұрағаттан алынған құнды естеліктер. Бұл  жәдігерлер отандық   ауыл шаруашылығы саласының даму кезеңдерін баяндайды.  

Қазақ отауының қонақтары  алдымен  сары  қымыздан дәм татады.  Қазақстанға виртуалды саяхат жасайды. Әр алуан  өсімдіктер әлемі,  шабындықтар, «Қызыл кітапқа» енген  сирек кездесетін жануарлардың  өзіндік ерекшеліктерімен танысады. 

Мұнда тіпті дала  қызғалдағының  иісін де сезінуге болады. Ал, Алматы апортының көлемін көргенде саяхатшылар еріксіз тамсанады.  

Маргарита Рента, турист:

Италияда да алманың түр-түрі өседі. Бірақ, бұл секілді алыбы жоқ. Апорттың салмағы кейде  бір келіге жетеді деп жатыр,  бұл нағыз табиғаттың кереметі.

Каспийдің  еркесі  бекіре де  осы жәрмеңкеде.   Кішігірім бассейндегі  балықтарды әсіресе, кішкене  туристер ұзақ қызықтап, әлденеше қайта айналып келіп жатыр.  Ал, үлкендер жағы балыққа зиян келтірмей  уылдырық алу әдісі көбірек қызықтырады. 

Ал, мына  оқшау экспозиция Арал теңізіне арналады.  Жарты ғасырда   шалқыған теңіз қалай шөлге айналды, сандар, деректер сөйлейді. Бұл тұсқа келгенде  туристер терең күрсінеді.   Кейін  кіші Аралдың тола бастағанын  естіп,   халықтың ерік-жігеріне сүйсініп  қол соғады.

Уго Донги, турист:

Қазақстан – тау-тасы, теңізі, жайылымы бар  табиғаттың бар байлығы тоғысқан керемет жер.  Мен бүгін өзім үшін тағы бір тамаша елді  аштым.   Адам баласы  қаласа, табиғатпен үндестік таба алады.

Қазақстан   көрме  қожайыны – Италиямен   іскерлік байланыстарды   жандандырмақ. Мемлекет басшысы Италия премьер-министрі Маттео Ренцимен кездесіп,  екіжақты ынтымақтастық, сауда-экономика, инвестиция, отын-энергетика салаларын   одан әрі нығайту жолдарын  талқылады.

Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі  өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасты.  Ал, екі елдің  кәсіпкерлері  Италия павильонында бас қосты.  Icкер топ өкілдері бірлескен  бизнес  форумға қатысты. 

Біздің тарап  Қазақстанның ауылшаруашылығы саласын, соның  ішінде өңдеу өнеркәсібін  дамытуға ден қойып отырғаны, бидай, ет экспортын  арттыруға ерекше мүдделі екенін айтты. 

Нәтижесінде арада құны 500 миллион долларды  құрайтын  түрлі саладағы жиырма келісімге қол қойылды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз сіздердің ашық сұхбатқа, өңірдегі және әлемдегі қазіргі саяси коньюнктураға тәуелсіз сындарлы ынтымақтастыққа деген ниеттеріңізді жоғары бағалаймыз. Өзара тауар айналымы жыл сайын өсіп келеді, былтыр ол 17 миллиард доллар болды.

Италия – Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының бірі. 2005 жылдан бері Италиядан келген тікелей инвестициялар ағыны 6 миллиард долларға жуықтады. Қазіргі уақытта біздің елімізде италиялық капиталдың қатысы бар 200 кәсіпорын жұмыс істейді.

Өзара тиімді ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтып, экономиканың түрлі салаларында ықпалдасу мүмкіндіктерін табу керек.

Мемлекет басшысы  Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталеспен кездесті. Екеуара Астанадағы EXPO көрмесін ұйымдастыру,  өткізу мәселелері талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев Миландағы  көрме Қазақстан үшін  тиісті тәжірибе  жинақтауға   жақсы мүмкіндік  болғанын  айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Астанадағы барлық нысандардың құрылысы уәде еткеніміздей 2016 жылдың соңына дейін аяқталады. Қаржыландыру қамтамасыз етілді, қажетті мердігерлік ұйымдар іске жұмылдырылды. Бүкіл жұмыс кестеге сәйкес жүзеге асырылуда, оның барысын жеке өзім бақылап отырмын.

Италия   алты айға созылатын  көрмеге   20  миллион  турист   тартқалы отыр.  Шараның ауқымы  Олимпиада ойындарынан кем  түспейді.  Кейіннен  бұл шатырлардың орнын ну орман басады.  Ал,  бірінен бірі асып түсетін құрылыстар   көп кешікпей Қазақстанда  салына бастайды.

Айнұр ОМАР

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу