Мемлекет басшысы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты Үндеу жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты Үндеу жариялады

28.06.2015
Мемлекет басшысы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты Үндеу жариялады

Осы аптада Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі 20 жылға жуық жүргізілген келіссөздері табысты аяқталды. Үлкен ұйым. Тиісінше, үлкен бәсеке.

Салыстырып қарасақ, біздің сауда-саттығымыздың анау-мынау емес, 90 пайызы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдерге тиесілі. Ендігі мәселе – ұлттық мүддеде есе жібермесек болғаны. Мемлекет басшысы Үндеуінде былай деді:

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

ДСҰ-ға мүше болу – күллі Қазақстанның жеңісі. Бұл – еліміздің жаһандық экономиканың бөлінбес бөлшегі ретінде мойындалуының айғағы. Ұйым мүшелігіне 5 халықтық реформаны іске асыруға кіріскен кезеңде қадам басуымыздың символдық мәні бар.

Біз жаһандық нарық шарттарына сай болу үшін үлкен дайындықтан өттік. Отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп, бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасадық. Бірыңғай кедендік және экономикалық кеңістікте шыңдалдық.

Алдымызда әлі де ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Бәсеке күшейеді. Оған дайын болуымыз керек. Себебі, шетелден келетін тауарларға біз шекарамызды ашамыз, тауар Қазақстанға көптеп келетін болады.

Сапасы жоғары болса, бағасы төмендеу болса, ол тауарларды халық тұтынып, біздің тауар өндіретін кәсіпорындар жұмысының тоқтап қалу қаупі бар. Барлық бизнесмендерге менің талайдан бері айтып келе жатқаным сондықтан, бәсекеге сай болу керек.

ДСҰ беретін артықшылықтарды пайдалана білетінімізді дәлелдеу қажет болады. Бұл Қазақстанның қолынан келеді және біз әлемнің озық елдері қатарынан лайықты орын аламыз деп кәміл сенемін.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу