Айдарлы ауылы бие байлап, қымыз саудасын қыздырып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Айдарлы ауылы бие байлап, қымыз саудасын қыздырып отыр

28.06.2015
Айдарлы ауылы бие байлап, қымыз саудасын қыздырып отыр

Құпиясын ішке бүккен Құрттыкөлдің емдік қасиеті туралы сәтін салса, жеке тоқталармыз. Ал, қазір дүние дәрігерлерінің «өте пайдалы» деп жаһанға жар салып жүрген қазақтың қымызын сөз қылайық.

Кейінгі жылдары Германия Олимпиадаға баратын оғландарын қымызбен баптайды деседі. Бие сүтінен түрлі дәрумендер жасап, спортшыларын дайындайды.

Ал, Бельгия саумалдан шоколад әзірлеп, балмұздақ құйып, балаларын тәттіден ажыратыпты. Ғалымдар айтады, бие сүті мен ана сүтінің құрамы өте ұқсас. Еуропалықтардың ерекше мән беріп отырғаны сол. Яғни, осы күні сиыр сүті қосылатын  балмұздақ, йогурт секілді дәмділердің бәрін бие сүтінен де жасауға болады.

Ал, бізде қалай? Ұлттық сусын өндірісінің кешенді бағдарламасы әлі күнге жоқ. Сондықтан, бабалар ішкен бал қымыз басқа сусындармен бәсекеге түсе алмай отыр.

Әлі күнге кей қандастарымыз ауруға ем, сауға қуат беретін шұбат пен қымыздан гөрі  көпіршіген сыраға үйірсек. Дегенмен, жақсы қымыз болса, іздеп жүріп ішетіндер де баршылық. Әйтеуір қуантатыны - қазақтың түп-тамырымен қымыздан ажырап қалмағаны.

Айнұр Омар, тілші:

Бұл ежелден  балдай тәтті қымызымен аты танылған Айдарлы ауылы. Ауылда әрбір үй кем дегенде бір-бір биеден байлайды. Жаз кезінде қымыз  саудасы да қызады. Әрине,ол үлкен бизнес көзіне айналмаса да, ауылдықтар үшін шай-пұлын айыруға үлкен сеп.

Біз кешкі сауынның үстінен түстік. Ләйләнң мойын бұруға уақыты жоқ. Екі биені тез сауып, қоя бермесе желіде тыпыршыған құлын маза таптырар емес. Бие өте талғампаз жануар. Сырт көз, бөтен иіс болса, иімей қоюуы да мүмкін.  Рақышевтар екі бие байлап отыр.

Қорғанбек Рақышев, Айдарлы ауылының тұрғыны:

Қазақтың ырымы ғой, ұлттық салт қой. Ата-заманнан сауып келеміз. Әке-шешеміз тірі кезде сауғанбыз, бала-шаға ішсін деп, үйренсін деп. Біздің ауылда мысалы қазір жұмыс жоқ. Табыс қой. Арасында сатамыз.

Ауыл қымызы қоспасыз, әрі бұрынғының тәсілімен дайындалады. Сондықтан, шығар, тапсырыс беріп, үйден алып кететін тұрақты клиенттер де көп. Бұрынғының тәсілі дейтініміз, үй иелері қымызды қайыңмен ысталған күбіге құйып баптайды. Ләйлә таңертең жуған күбісін майлап, ыстап күні бойғы жиылған қымызын құюға дайындады.

Ләйлә Рақышева, Айдарлы ауылының тұрғыны:

Мен негізі сатпайтынмын қымызды. Биыл ғана. Балаларым үшін, ұлдарым үшін сауатынмын. Биыл енді сауда болып кетті ғой, бәрі қазір. 

Ауылда бұрын 1-2 үй ғана қымыз сатыпты. Қазір 10 шақты үй 40 бие байлап отыр. Бәсеке күшейген, қымыз да көбейген. Сондықтан, ауылдықтар бірінен-бірі асу үшін тауарына ерекше мән береді. 

Ләйлә Рақышева, Айдарлы ауылының тұрғыны:

Менің екі биемнен 8-9 литр сүт шығады. Мың теңгеден күніне 8 мың. Одан қалмаса сиырдың сүтін, ірімшігін, майын сатамыз. Оны қалаға апарып сатамыз. Солай ауылда күнкөрісіміз.

Қымыз сатушылардың  күндік табысы орташа есеппен 5-6 мың теңге. Енді санай беріңіз. Айына 100 мыңнан артық кіріс кіреді. Ауыл саудагерлері қымыздың арқасында бала-шағаны мектепке дайындап, жаз бойы үй-жайларын да жөндеп алады. Назым Ибраева 5 жылдан бері осы ата кәсіппен айналысады. Түскен табысына үйіне жалғап мына дәлізді қосып алған.

Назым Ибраева, Айдарлы ауылының тұрғыны:

Табыс көзі, жаз бойғы еңбегіміз. Жөндеу жұмыстарының бәрі осымен жүреді. Қыстық отын-шөбімізді де осы қымыздың арқасында түсіріп аламыз.

Назым апай дайын қымызды мына ыдыстарға құйып тоңазытқышқа салқындатып қояды. Салқын қымыз шөл басады, дейді.

Назым Ибраева, Айдарлы ауылының тұрғыны:

Қиыншылық кездер болды ғой, балаларымыз студент болды. Ақша керек болды, сол кезде бастадық та, қазір әдетке айналып кетті. Бір жағынан- денсаулыққа пайдалы, бір жағынан - сауда көзі. Жылда бие саумасақ отыра алмаймыз, іздеп тұрамыз.

Немерелері де саумалға үйреніп қалған. Ойын арасында кіріп тостаған-тостаған қымызды төңкеріп кетеді. Ал, мына дайын қымызды осы үйдің балалары жол жиегін апарып саудалайды. Қымыз сатушыларға арнайы орын да жасалған.

Ержан Шәкіржанов, Зеренді ауданы, Зеренді ауылдық округінің әкімі:

Әкімдік көмектесіп, қаражат бөліп әдейілеп істеп қойдық. Неге десеңіз, қымыз сатады, ірімшік сатады. Жолдың үстінде балаларға ыңғайлы болсын деп. Жол бойы болған соң әдейі қоршап жасап қойдық.

Мына үлкен жол Көкшетау-Атбасар республикалық трассасы. Жаз бойы Зерендіге ағылған туристер де осы жолмен өтеді. Ауылдың сырт көрінісі көз қуантып, көңілді марқайтады. Ағылып жатқан көліктер де қымызды көріп кілт тоқтайды. Қыздар да саудаға үйренген.

Сағынбай Мұстафин, тұтынушы:

Осы жақтың қымыздары, майлары тамаша ғой.  Таза экологиялық өнім. Ештеңе қосылмаған.

Ауыл балалары жастай еңбекке араласқан. Аналарының сағат сайын дамыл таппай бие сауатынын көреді. Сондықтан, еңбектің де, ақшаның да қадірін біледі.

Тахмина Уахит, Айдарлы ауылының тұрғыны:

Таңертеңгі жұмысым оннан немесе он екіден басталады. Шыққанда екі литр қымызды сатамын.

Қымыздан бөлек, құрт-ірімшік, сүт-май,  жұмыртқа да сатылады. Бірақ, мұндай тауарлар бірден өтіп кетеді. Жол жиегінде сауда да жақсы жүреді. Айдарлыда 70 тей үй бар, 300 адам тұрады.  Халық мал шаруашылығымен айналысады.  Оның көбі жылқы. Ауылда 300 бас жылқы бар екен. Яғни, адам басына бір жылқыдан.

Халық жазда қымызын, қыста соғымын сатып күн көріп отыр. Тұрақты жұмыс барлық ауылдағыдай тек мектепте ғана бар. Жұмыссызбын деп Үкіметке қол жайып отырған ешкімді көрмедік. Әр үйдің алдында бір-бір техника. Ауыл шөп науқанына дайындалып жатыр.

Кәркен ақсақал да желіге құлын байлап, ұртын майлап қымыз сауып отыр. Бірақ, ауылдастарына бәсекелесіп қымыз сатпайды. Өзінің жеке клиенттері бар. Көбінде қалада тұратын бала-шағасына жинап қояды.

Кәркен Кәрімов, Айдарлы ауылының тұрғыны:

Мінекей, ештеңеден кемшілігіміз жоқ, зейнетақыны да уағында аламыз. Ауылдың тұрмысы жаман емес. Күші жеткендер, бөлініп-бөлініп егін салып жатыр. Ешкімге ауыртпашылығын  салып жатқан жоқ. Әркім өз күнін өзі көріп жатыр.

Өз байлығымыз өзімізге жетеді деп шүкіршілік қылады ақсақал. 80-ге таяса да қайраты қайтпаған. Құлынды тартып, қымыз саууға шыққан бәйбішесіне көмектеседі. Шөбі шүйгін, жері шұрайлы жайылымда жүргендіктен қымыздың да сапасы жақсы.

Балдырған Кәрімова, Айдарлы ауылының тұрғыны:

Қазір құнары оңды ғой. Сауып жатырмыз. Кешке тағы пісеміз, қазір аз болады. Кешке көп пісеміз.

Балдырған апаның да күбісі толайын деді. Ертең ақсақал мына көлігіне артып алып, қаладағы тапсырыс бергендерге апарып тастайды. Бие байлайтын үй де қалмаған кездер болған деп еске алады ауылдың үлкендері. Бірақ, не нәрсенің де  қайыры бар.

Бір кездегі жоқшылық пен қиындықтың арқасында жастар ата дәстүрге қайта оралды. Қымыз – денсаулық, қымыз – жақсы сауда ауыл үшін. Қымыз коммерциясына ден қойғандардың кәсібі жүрген сайын ауыл тұрғындары  бірінен-бірі асып бие байлауға көшкен.

Әзірге үлкен шаруашылық құруға қол қысқа, бірақ қарап отырмай қолда барға қанағат қылған ауылдың қоңыр тіршілігі осындай.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу