Сүлеймен Демирел дүние салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сүлеймен Демирел дүние салды

21.06.2015
Сүлеймен Демирел дүние салды

Ұлық ай – Рамазан басталды осы аптада. Әр жұмыр басты пенде үшін жақсылық жасаудан жарысатын, Жаратқанның разылығына бөленер нығметті кезең. Ауыз бекітудің тек руһани тұрғыда емес, медициналық тұрғыда да пайдасы мол екенін ғалымдар жылда айтады.

Бүйрек, бауыр, қуық, қант диабеті, жүрек пен тамыр ауруларына шипа екен. Биыл Ораза 16 шілдеге дейін созылады. 17-сі Айт. Пітір садақа мөлшері 200 теңге. Қадір түні шілденің 13-нен 14-не қараған түніне тура келеді. Ендеше, Рамазан - ризықты болсын, ағайын!

Осы қасиетті Оразаға тура бір күн қалғанда, Түркияның 9-шы Президенті Сүлеймен Демирел дүние салды. Ол 91 жасқа қараған шағында Анкара ауруханаларының бірінде жүрек талмасынан қаза болған.

Демирел тек Президент болған жоқ, Түркия тарихында Ісмет Инөну мен Реджеп Тайып Ердоғаннан кейінгі үкіметті ұзақ басқарған премьер-министр болды. Саясатта 40 жыл жүрді. Түркияның «Әділет» партиясының іргесін қалаушылардың бірі.

Еліміз егемен атанған шақта Қазақстанның Тәуелсіздігін әлемде алғашқы болып Түркия таныған болатын. Дәл сол кезде Түрік Үкіметін Сүлеймен Демирел басқарып тұрған еді. Саясаткердің қайтыс болуына орай Н.Назарбаев Түркия халқына  көңіл айтты.

Былтырғы жылдың қараша айының 1-і күні. Сүлеймен Демирелді 90 жасқа толуымен құттықтау барысы. Ақсақал жақын досы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тілектерін оқып, бір марқайып қалды. Соңынан  Ұлттық арна арқылы оған  сәлемін жолдап, денсаулығы түзелсе, осы жылы Астанаға келемін, деп жоспарлап отырды. 

Сүлеймен Демирел, Түркияның 9-шы Президенті:

Қазақстан Тәуелсіздігін алғанда мен үкіметті басқарып отыр едім. Түркі дүниесі жеке мемлекет болып шыққанда алғашқылардың бірі  болып қуандым. Сол кезде Қазақ елімен бірге Тәуелсіздігін алған кейбір мемлекеттер қарқынды дамыды деп айта алмаймын.

Тек қана Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алдымен экономиканы мықтап қолға алып, елін тығырықтан алып шықты. Қазақ елі жыл сайын өзгеріп келеді. Денсаулығым жақсарса, мен келер жылы Қазақстанға барғым келіп отыр.

Абыз ақсақалдың жоспары арманы орындалмады. Жыл басында сырқаты ауырлап, екі рет дәрігердің көмегіне жүгінді. Соңғы жылдары денсаулығы нашарлаған экс-президент саяси өмірден қалыс еді, бұқаралық ақпарат құралдарынан сирек көрінетін. Елімізге деген ықыласы ерекше болған соң, Ұлттық арнаға соңғы екі жылда үш рет сұхбат берді. Мамырдың 13-і күні Сүлеймен Демирел қайта ауруханаға түсті. Маусымның 17-і күні дүние салды.

Дархан Қыдырәлі, Халықаралық түркі Академиясының президенті:

Бір сұхбат барысында Сүлеймен Демирел Қазақстанның Астана қаласынан, Алматыға көшірілуін қызу қолдағанын айтқан болатын. Себебі, осындай мегажобаны іске асыру үшін сыртқы инвесторлар, әсіресе, кезінде Түркияның астанасың Стамбулдан Анкараға көшіру тәжірибесі қажет болғандығы белгілі.

Мұстафа Кемал Ататүрікті түрік жұрты «ата» деп атаса, Сүлеймен Демирелді «әке» дейтін. Ол – Түркия тарихындағы ең жас премьер-министр болды.  40 жасында Әділет партиясын құрып, арада бір жыл өткен соң,   үкімет тізгінін қолға алды.

Министрлер кабинетін 5 рет басқарып, 7 жыл президент болған білікті көшбасшы Түрік экономикасын реформалап, елді индустрияландыру жолына түсірді. Түркия бүгінгі күндері соның жемісін көріп отыр. 9-шы президенттің дүние салуына орай елде 3 күндік аза тұту күні жарияланды.

Түріктің қызыл туы төмен түсіріліп, халық Демирелді жоқтады. Өмірден өткен ақсақалдың үйіне ел премьер министрі, саяси партиялардың басшылары, Түркиядағы дипломатиялық миссиялардың жетекшілері келіп, жақындарына көңіл айтты.  Қазақ елшісі Жансейіт Түймебаев та марқұмның туыстарына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту хатын  алып келді.

Жансейіт Түймебаев, Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі:

Елбасымыз өзінің хатында Сүлеймен Демирелмен қарым-қатынасын нағыз достық, бауырластық, ағайындық есебінде бағалап, түркі халқы атынан көңіл айту хатын жеткіздім.

Шынымен Елбасымен достығы өте үлгі болатын жағдайда және Қазақстанған әрқашан өзінің қарым-қатынасын ерекшелігімен көрінген ақсақалдың түркі халқындағы ең ұзақ  уақыт саясатта қызмет жасаған қайраткер екенін көрсетеді.

Сүлеймен Демирел - халыққа жақын болған тұлға. Биліктен кеткен соң, жоғары оқу орында дәріс беріп, шәкірт тәрбиелеген. Анкараның орталығында орналасқан үйінен күнде қонақ арылмайтын. Мына бөлмеде меймандар қабылдап жүрді. Ал дәл осы орында отырып, келген кісілермен емен-жарқын әңгімелесті. Бүгінде кабинетте әдеттегідей кісі көп, бірақ ақсақалдың орны бос тұр.

Девлет Бахчели, «Ұлтшыл әрекет» партиясының басшысы:

Сүлеймен Демирельдің өмірден өткені - түркі тарихында бір дәуірдің аяқталғаны. Ол ұлт үшін қызмет еткен адам. Оның дүние салуы Түркияға ауыр тиді. Бүгін көңіл айту үшін Демирельдің үйіне келіп жатқан адамдардың көптігінен, оған  деген құрметтің қаншалықты зор екенін көруге болады. Барлық саяси партиялардың басшылары осында жүр. Марқұмның туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.

Түркия тарихында аты алтын әріптермен жазылатын үлкен саясаткермен қоштасу рәсімі мемлекеттік деңгейде өтті. Ел президенті  бастаған үкімет мүшелері ақсақалмен алдымен парламентте қоштасып, кейін халықпен бірге Анкараның Қожатепе орталық мешітіне жиылды.

Сүлеймен Демирелді ақтық сапарға шығарып салуға Түркияның төрт бұрышынан мыңдаған адам келді. Демирелдің ел үшін атқарған елеулі еңбектерін еске алып, халық алақан жайып, марқұмның рухына дұға бағыштады.

Азиз Гүнай, Измир қаласының тұрғыны:

Сүлеймен Демирелдің ел үшін атқарған қызметтерін халық жақсы біледі. Ол құрған «Әділет» партиясы, Түркия, Еуропа одағы және Еуразия сияқты 3 ірі жобаны жүзеге асырған. Соның нәтижесінде бүгін Түрік елін әлем мойындап отыр. 9-шы президентті тек Түркия емес, түркі әлемі құрметтейтінін жақсы білеміз. Біздің қайғыға ортақтасып, қоштасу рәсіміне келгендеріңіз үшін алғыс айтқым келеді. 

Бақытжан Омар, тілші:

Сүлеймен Демирел өзі туып өскен Спарта ауданының Исламкөй ауылында өзінің өмірлік жары болған Назмие Демирелдің жанына жерленді. Сөйтіп, Түркия тарихында тағы бір дәуір аяқталды. 9-шы президенттің мына үйі енді мұражайға айналады.

Ал, резиденциясы орналасқан Гүниз көшесінің атауы Сүлеймен Демирел деп өзгертілетін болды. Тамыры терең түрік тарихындағы рухқа айналған тұғырлы тұлғалардың қатарына қазақ жұртының қамқоры, аты аңызға айналған абыз – Сүлеймен Демирел де қосылды.

Бақытжан ОМАРОВ

Хабарламаларға жазылу