Үкімет ел бюджетін мейлінше үнемдеуге үндеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет ел бюджетін мейлінше үнемдеуге үндеді

21.06.2015
Үкімет ел бюджетін мейлінше үнемдеуге үндеді

«Тартса жесең тай қалады, қорқа жесең қой қалады». Осы бір тәмсілді біз бюджеттің орындалуына байланысты Парламентке есеп бере келетін Үкіметтің баяндамасын тыңдаған сайын тілге тиек етеміз. Амал жоқ.

Себебі, біздегі шикізаттың бағасы халықаралық нарыққа тәуелді болғандықтан, елдің ең басты құжаты Бюджет туралы Заң нормалары да соған сай құбылып тұрады. Нақтырақ айтсақ, бюджеттің кірісі мен шығыстары.

Ал, Қазақ елі - халықаралық қоғамдастықтың толыққанды мүшесі болғандықтан, қысқа күнде қырық құбылатын әлемдік экономиканың ауанын аңдыйтыны да сондықтан. Әйтпесе, басқамен алыс-беріссіз, барыс-келіссіз күн көремін, деу бекершілік.

Осы мәселені ескерткен Үкімет басы осы аптада Парламент депутаттарына алдағы үш-бес жылдың көлемі әлем экономикасы үшін оңай болмайтынын ескертіп, ел бюджетін мейлінше үнемдеуге үндеді.

Ал, жыл сайын демалысқа шілденің басында кететін депутаттар биыл 15 шілдеге дейін жұмыс істемек. Оның үстіне былтыр Президент «әлемдегі жағдайларға байланысты» депутаттар демалысын қысқартуды ұсынған.

Қазақ қарым-қатынас орнатқан елдердің экономикасы қалай құлдыраса, біздегі өнеркәсіп өндірісі де солай бәсеңдейді. Себебі, сұраныс азаяды. Бұл әсіресе, ел бюджетінің бүйірін толтырып отырған мұнай-газ, көмір, металлургия секторымен тікелей байланысты. Ал, бұл өнімдерге сұраныс азайса, қазына шығыстарының қысқаратыны заңдылық.

Құттықожа Ыдырысов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Үш жылдық бюджет жасалынады. Бір жылдық нақты болады да, қалған екі жылы жылжымалы түрде. Келешекте бюджет көбейсе оны көбейтуге болады. Бірақ қаражат түспеген жағдайда оны азайтуға да болады.

Бір өкініштісі, бізде бюджеттен бөлінген қаржы дер кезінде игерілмей қалатын әдет бар. Оған енді мың сылтау, жүз себеп айтуға болады. Мәселен, елдегі инвестициялық жобалар талап етілген техникалық құжаттарсыз немесе экономикалық негіздемесіз жүзеге асады.

Салдарынан оның сапасы төмендеп, оларды пайдаға беру мерзімі созылады. Кейде тіпті бастапқы құны қымбаттап та кетеді. Былтыр аймақтардағы дәл осындай жобалар 64 миллиард теңгеге қымбаттап, 100-ден астам жоба жүзеге аспай қалған.

Қозы-Көрпеш Жаңбыршин, ҚР Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы:

2014 жылы аяқталған, бірақ пайдалануға берілмеген 38 нысан анықталды. Жалпы, жергілікті атқарушы органдар нысаналы трансферттер бойынша 193,6  миллиард  теңгенің заң бұзылушылықтарына жол берген. 9,7 миллиард теңге игерілмей бюджетке қайтарылды. 3,4 миллиард теңге пайдаланылмаған.

Жалпы, республикалық бюджеттің орындалуын саралау үшін биыл Парламентің жұмыс топтары мен салалық комитеттері 24 рет отырыс өткізген. Одан бөлек, бұл мәселе екі Палатаның жалпы отырысында да талқыланды. Сонда айтылған уәждің негізі салықтық, кедендік және әкімшілік жүйелердің солқылдақтығы дегенге саяды.

Ертарғын Астаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Басқа бір мәселе мынау квази мемлекеттік секторда жататын мемлекет қаржысын тиімді пайдалану жайы. Ол енді келешекте мемлекеттік бюджет пен квази мемлекеттік бюджетті шоғырландырып, бірге қарау. Сонда қолданылмай қалатын, пайдаланылмай қалатын қаражаттарды дер кезінде іске қосуға болады.

Сыртқы факторлардың әсеріне қарамастан, Үкімет былтыр бюджет бойынша жоспарлаған шараларды түгел орындаған. Оған соңғы 15 жылда тұңғыш рет республикалық бюджетке секвестр жасау арқылы қол жеткізді.

Нәтижесінде 80 миллиард теңге үнемделді. Оның үстіне Президент тапсырмасы бойынша әлеуметтік шығындар бір тиынға да кеміген жоқ. Егер әлемдік нарықта тұрақсыздық белең алатын болса, Үкімет бұл тәсілді алдағы жылдары да қолданатын болады.

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:

Біздің болжауымыз бойынша алдағы үш-бес жылдың көлемінде шикізаттар мен энергоресурстардың бағасы едәуір арзандайды. Алдағы үш жылдық бюджетті жоспарлау кезінде экспорттық тауарлардың бағасына бағынуымызға тура келеді. Сондықтан, кейбір бюджеттік бағдарламалар мен шығындарды қайта қарауымыз мүмкін.

Бюджеттің шығыс бөлігі қайта қаралғанымен, ол мүлдем қысқарып қалмайды. Тек ысырапқа жол берілмейді. Яғни, басы артық шығындар сұрыпталып, нақты нәтижеге бағытталған жобалар ғана қаржыландыралады.

Сондықтан, ел қазынасына салық төлейтін кәсіпкер, кәсіпорын, ірі өндірістерден тартып, қарапайым тұрғындар түгел үнемшілдік пен ысыраптың ара жігін ажыратып, ел экономикасының дамуына үлес қоспақ керек.

Бауыржан Исабеков, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

Біз міндетті түрде республикалық бюджетті жоспарлаған кезде оның сапасы мен жариялылығына назар аударуымыз керек. Келесі тетік бұл – инновация. Мысалы,  Қытай бұрын он жылдай 9-10 пайыз экономикасын дамытып келсе, қазір олар экономикасының дамуын 6-7 пайызға дейін түсіріп отыр. Яғни, тек қана экстенсивті даму емес. Бұл – үнемділік.

Өткен 15 жылдың ішінде табиғи ресурстардың бағасы шарықтау шегіне жетті. Ел экспорттаған шикізаттың пайдасын халық көрді. Бірақ, қазір жаһандық экономиканың дамуы мүлдем басқа арнаға бет алды. Яғни, үнемдеу арқылы үлесті арттырып, дамуды үдету. Ол үшін жаңа құқықтық нормалар қажет.

Астана Елбасы Үкіметке жүктеген «100 нақты қадам» бағдарламасының басты мақсаты да осы. Мұны ескерген Үкімет қажетті Заңдарға өзгерістер енгізіп, Парламентке күзде қайта келетінін айтты.

Ал, Парламент өз кезегінде демалысқа жылдағыдай шілденің басында емес, 15-нен кейін шығатын болды.

 Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу