Ертең – Германия әскері Кеңес Одағына басып кірген күн - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертең – Германия әскері Кеңес Одағына басып кірген күн

21.06.2015
Ертең – Германия әскері Кеңес Одағына басып кірген күн

Ертең - 22 маусым. Білмегендер үшін айталық, тарихтағы қайғылы күн. Дәл осы күні Германия әскері Кеңес Одағына басып кірген еді. 1941 жылы, жексенбіде Кеңес одағының 200 миллионнан астам халқы Юрий Левитанның соғыстың басталғаны туралы саңқылдаған радиохабарламасын естіді.

22 маусым күні таңғы сағат 4 кезінде неміс фашистері КСРО қалаларын бомбалай бастады. Жаудың алғашқы көздегені Рига, Минск, Одесса, Киев, Севастополь, Смоленск қалаларындағы әскери аэродромдар болды.

22 маусым күні өзінің радиохабарламасында Молотов бомбалану кезінде 200 адам қайтыс болғанын айтқан. Жалпы, соғыстың алғашқы күні қайтыс болған адамдардың нақты саны әлі күнге белгісіз. 

Соңғы деректер бойынша, соғыста 27 миллион КСРО азаматы опат болып, 2 мыңнан астам қала қираған. Сол соғыс басталған жылы 18-ге толған 1923 жылы туғандардың соғыстың аяғына қарай, 3 пайызы ғана тірі қалған деседі.

Ал, бізден елден 1 миллион 200 мыңға жуық адам немесе республика халқының 20 пайызы соғысқа алынған. Олардың әрбір екіншісі майдан даласында қаза тапқан немесе хабарсыз кеткен деп есептеледі. Тылда 700 мың адам тер төккен. 497 адам Кеңес одағының батыры атанды. Қазақстаннның 4 азаматы екі мәрте батыр атанды.

Білесіз бе, сол соғыс басталардан бір күн бұрын Семейдегі №1 Чернышевский атындағы мектептің түлектері білім ордасының ауласына «бізден естелік болсын», деп терек көшетін отырғызған екен.

Содан бері 75 жыл өтіпті, зұлмат жылдарға куәгер терек әлі күнге бар. Сол күні 21 маусымда  10 сыныпты оншақты ғана бала бітірген. Аяныштысы, барлығы да бірдей 22 маусым күні соғысқа шақыртылып, бірден аттанған. Көбі майдан даласынан қайтпады. Көшет болса, бүгінде қарияға айналғандай...

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу