Басты Жаңалықтар Түркияда парламенттік сайлау қайта өте ме?

Түркияда парламенттік сайлау қайта өте ме?

Түркияда парламенттік сайлау қайта өте ме?

Осы аптаның басында жаһан жұртшылығы Түркияда өткен парламенттік сайлаудың нәтижесін естіп,  таңырқасты.

Өйткені, қазіргі президент Реджеп Тайып Ердоған құрған, 13 жыл бойы жеңіліс дегенді білмей келген «Әділет және даму» партиясы 40,8 пайыз дауыс жинап, парламенттегі көпшілік орындарынан айрылып қалды. Қысқасы, үкімет құра алмайтын жағдайға жетті.

Реджеп Тайып Ердоғанның Түркияны президенттік республикаға айналдыру жоспары күйреді деуге болады. Сонымен, Ахмет Дәуітоғлы басқаратын Түркия үкiметi отставкаға кеттi.

Енді заң бойынша, жаңа коалициялық үкiмет құрылуы тиiс. Бірақ, парламентке өткен басқа партиялар билiк партиясымен коалиция құруға келісе ме, келіспей ме, мәселе осында.

Өйткені, талай жылдан бері Ердоғанда еселері бар өзге партиялар қалайда Реджеп Тайыптың үкіметке ықпалын мейлінше азайтуға, билігін әлсіретуге тырысатыны белгілі.

Түркия конституциясына сәйкес, егер 45 күннiң iшiнде коалициялық үкiмет жасақталмаса, елде қайтадан парламент сайлауы өтедi.

Бүгіннің өзінде Халықтық-демократиялық партия мен Ұлттық қозғалыс партиясы Ердоғанның партиясымен коалиция құрмайтынын кесiп айтқан.

Себебі, бұл жолы парламентке түрлi топтағы халықтың мақсат-мүдделерін көздейтiн күштер өттi, демек, олардың көзқарасы да әртектi, ұстанымдары бiр-бiрiмен мүлде қабыспайды. Сондықтан бұл жерде қандай да бiр коалицияны елестетудiң өзi қиын.

Реджеп Тайып Ердоған былтырға дейін премьер-министр, қазір президент. Ол - Түркияда Мұстафа Кемал Ататүріктен кейінгі ең айтулы саяси қайраткер.

Соңғы 13 жылда Ердоған жетекшілік еткен «Әділдік және даму» партиясы жеңілген емес. Тек жеңді. Осы аптада да солай болды.

Бірақ, биылғы жеңіс жеңілісімен қатар келді. Өйткені, бұл партия 40 пайыздан артық дауыс жинаса да, парламенттегі басымдығынан айрылып қалды.

Демек, Мәжілісте жақтастары азайғандықтан, Ердоғанның бастамаларына бұрынғыдай қолдау болмайды.

Ахмет Давутоғлы, Түркия Премьер-министрі:

Халық өз міндетін орындады. Оған біз разымыз. Елдің тілегі бәрінен биік тұр. Бірақ ешкім жеңісімізді жеңіліске айналдырмасын.

Биылғы сайлаудың тағы бір ерекшелігі – Түркия тарихында тұңғыш рет күрдтердің Халықтық -демократиялық партиясы 10 пайыздық барьерден өтіп, парламенттегі 550 орынның шамамен 80-ін иеленді.

Гендерлік теңдікті, азшылықтар құқығы мен қоршаған ортаны қорғауды, қысқасы, либералдық құндылықтарды насихаттап, бедел жиған бұл саяси қозғалысты негізінен солшылдар қолдады. Ал, оның жас лидері  Демирташты халықаралық баспасөз «күрдтердің Обамасы» деп атап отыр.

Селахаттин Демирташ, Халықтық-демократиялық партиясы лидері:

Өзімізге қарсы үлкен саяси науқан жүргізілсе де, таңғажайып жеңіске жетіп отырмыз. Өйткені, әділет пен бейбітшілік, бостандық  - біздің жақта. Диктатура келмеске кетті, Түркияны құздан құлаудан аман алып қалдық.

Қазір Түркияда жаңа үкімет құру - күн тәртібіндегі басты саяси мәселе. «Әділдік және даму» партиясы өзгелермен бірігіп, коалициялық кабинет құруы керек. Алайда, 25 пайыз дауыс жинаған республикалықтар да, басқа қозғалыстар да биліктегі партиямен одақтасуға ниетті емес.

Ердоғанның өзі болса, осы сайлау нәтижесінде парламенттегі басымдықты сақтап, конституцияны өзгертіп, Түркияны президенттік республикаға айналдырғысы келді. Бірақ, сол жоспардың бір түнде-ақ күл-талқаны шықты. 

Ал, үкімет құру үшін президентке бұрынғы саяси оппонеттеріне «бірлесейік» деп өтініш айтқаннан басқа амал қалмаған. 

Реджеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:

Әркім халықтың қалауын құрметтеуі керек. Сайлау нәтижелері бір партиялық үкімет құруға жол бермейтін болып шықты. Барлық саяси партияларды осыны ескеруге шақырғым келеді.

«Әділдік және даму» партиясының парламенттегі қауқарынан айрылуының өзіндік себептері бар.

Соңғы 13 жылда 80 миллионға жуық тұрғыны бар Түркия өркендеді, оның әлемдегі салмағы артты. Экономикасы үш есеге өсті. Мұндай даму - Еуропаның түсіне де кірген емес.

Ердоған күрдтердің жүрегіне де жол тауып, халыққа діни еркіндік берді,  миллиардтаған долларды денсаулық сақтау, үй құрылысына жұмсап, кедейлердің тұрмысын жақсартты.

Бірақ, кейінгі кездері бұл мемлекеттің көршілерімен «проблема жоқ» саясаты «қатынас жоққа» ұласып, сауда-саттығы мен экономикасының қарқыны төмендеді. Ал, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 17 пайыздан асып отыр.

Незахат Акса, Стамбұл тұрғыны:

Біз үйге бір бөлке нан әкеле алмай киналамыз. Күйеуім жұмыссыз, ал балаларым ашыққанда жылайды.

Сайланған парламент осы айдың соңында ант беріп, қызметіне кіріседі. Содан кейін Ердоған биліктегі партияға үкімет құруға мандат береді.

Егер 45 күннің ішінде министрлер кабинеті жасақталмайтын болса, жалпыхалықтық сайлауды қайта өткізуге тура келеді. Бұл белгісіздік қазір түріктің ұлттық валютасы мен құнды қағаздар нарығына кері әсер етіп отыр.

Осы аптада Стамбұл биржасында акциялар 8 пайызға арзандаса, лира доллардың қасында 5 пайызға әлсіреді. Себебі, инвесторларға экономиканың ғана емес, биліктің де тұрақтылығы қажет.

Серхат Гүрлейен, қаржылық сарапшы:

Нарықта сайлау нәтижесі белгілі болғаннан кейін акциялар жаппай арзанға сатылды. Мұндай жағдай әлемнің барлық елінде кездеседі. Нарыққа халық қолдаған мықты үкімет пен жақсы экономикалық саясат және реформалардың әрі қарай жалғасқаны керек. Түркия болса, жаңа сайлауға беттеп бара жатқандай.

Шындығында да, «Түркия тағы да дауыс беруі мүмкін» деген болжам соңғы күндері жиі айтыла бастады. Тіпті коалициялық үкімет құру туралы келіссөздер сәтті аяқталса да,  «Әділдік және даму» партиясы сайлауды қайта ұйымдастыруға барын салуы мүмкін.

Бірқатар сарапшылардың пікірінше, билік алдағы бірнеше айда оңтүстіктің экономикасына көбірек мән берсе, оңтүстік-шығыстағы күрдтердің көтерілістерін басып, ұлтшылдардан ұпай жинаса, сайлау нәтижесінде бұрынғы биігінен қайта көрінуі ғажап емес.

Сондықтан, Ердоған коалициялық үкіметтің ғұмыры келте болатындығына үміт етіп отыр. Және де ол мұны жасырған да жоқ, таяуда ғана ашық мәлімдеді.

Арыстан РЫСБЕК

 

Бөлісу