«Apta.kz»-те Эрик Шеер қонақта болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Apta.kz»-те Эрик Шеер қонақта болды

07.06.2015
«Apta.kz»-те Эрик Шеер  қонақта болды

BAKER and McKENZIE компаниясы  бас директорының орынбасары Эрик Шеер «Apta.kz»-ке сұхбат берді.

-Сіздей инвесторды Қазақстан несімен қызықтырады? Біздің елге сіздер қандай мақсат-мүддемен келесіздер?

- Қазақстанға 1995 жылдан бері келіп жүрміз. Яғни, содан бері арада 20 жылдай уақыт өтіпті. Елдің сәтті дамуына көптен куәміз. Қазақстанның өркендеуін талай жылдан бері Алматының өркендеуінен де байқап жүрміз.

Бұл қала қарқынды өсіп келеді. Ал, өз қызметімізде жергілікті жұмыс күшін қолданамыз, жергілікті заңгерлердің көмегіне жүгінеміз. Неліктен мұнда келгенімізді айтатын болсам, Қазақстанда клиенттеріміз бар. Демек, клиентіміз бар жерде біз де  бармыз.

-Жаһандық дағдарыс кезінде әр мемлекет, әр инвестор қаржысына, мүмкіндігіне, экономикасына алаңдап отыр.  Сіз осындай кезде біздің елге құйған қаржыңызға алаңдамайсыз ба?

- Иә, нарықта тұрақсыздық болса, біз де, клиенттеріміз де зардап шегеді. Мұндай жағдайда Қазақстанды да ескереміз. Дегенмен, сіздердің елдеріңізге инвестиция салуды тоқтатпай келеміз және де қазақ Үкіметімен де жақсы қатынас орната білдік.

Нарықтағы тұрақсыздықты біліп отыру бізге де, клиенттерімізге де маңызды. Абай болмасақ, зардап шегетінімізді үнемі біліп жүруге тиіспіз. Бірақ, біз мұндағы қызметімізді тоқтатпақ емеспіз. Тіпті, алдымызға осында өсіп-өркендейміз деген мақсат қойдық.

-Форумның басты тақырыбы – қазақтың ауыл шаруашылығын дамыту. Сіздің ұсынысыңыз қандай? Қандай үлес қоспақ ниеттесіз?

- Ауылшаруашылығы бағдарламасы бойынша ғана біз бүгінгі сессияда өз ұсыныстарымызды жасадық. Президент қатысқан инвестициялық форумда айтқан ойларымызға аздап тоқталсам. Жалпы, өнімді молайту үшін және Қазақстанның ауылшаруашылығындағы өнімділікті арттыру мақсатында дәлдікке негізделген агробағдарламаны жүзеге асыруды ұсындық.

Сіздердің елдеріңіз үшін агробизнестің маңызды екеніне еш күмәнім жоқ. Мұндай кәсіп Қазақстан үшін ғана емес, осы аймақ үшін де қажет. Сондықтан, біз осы елдің ауылшаруашылық саласына және клиенттерімізге инвестиция салуға мүдделіміз.

-Президент Назарбаевтың Астананы қаржылық орталыққа айналдыру туралы идеясын тыңдаған боларсыз. Астананың мүмкіндігі жете ме?

- Әрине, біз де Президенттің Астананы қаржы орталығына айналдыру идеясына өзіндік үлесімізді қоспақпыз. Өйткені, бұл идеяның өміршеңдігіне сенеміз. Осы мақсатқа жету  үшін  қандай шаралар атқарылуы керек?

Астананы қаржы орталығы ету жолында Дубай үлгі ретінде қарастырылып отыр. Меніңше, бұл идея жүзеге асатын болса, одан Қазақстанмен бірге аймақ елдері де ұтатын болады.

-Екі жылдан кейін Астанада EXPO-2017 халықаралық көрмесі өтеді. Біздің мүмкіндігімізді қалай бағалар едіңіз? Мұндай ауқымды шараны өткізуге қауқарымыз жете ме?

- Меніңше, 2017 жылы Астанада өтетін EXPO-ның да маңызы өте зор. Сол кезде осы елге әлемнің түкпір-түкпірінен талай адам келеді. Олардың арасында тек көрмені қызықтаушылар ғана емес, кәсіпкерлер көп болады.

Бизнесмендер де елді көру үшін, зерттеу үшін ғана емес, Қазақстанға болашақта қандай инвестиция салсам,  деп келеді. Осы жағынан алғанда, EXPO-ның берері мол. Оған күмән келтіруге де себеп жоқ. Әрине, халықаралық көрмені сәтті өткізу үшін өте қажырлы еңбек те қажет болады.

-Сіз EXPO-ға келесіз бе?

-Әрине.

-«Apta.kz»-ке арнайы сұхбат бергеніңізге алғыс айтамыз.

Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу