Ұлттық бірыңғай тест қалай өтті? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық бірыңғай тест қалай өтті?

07.06.2015
Ұлттық бірыңғай тест қалай өтті?

Жыл сайын жаздың басында Ұлттық бірыңғай тестілеу деп дауыл сапырған қамыстың басындай шулап қалатынымыз бар. Бас-аяғы 10-15 күнге созылатын бұл емтихан басталды дегенше, қоғамда кезекті бір дүрлігіс басталды дей беріңіз. 

Бір күнгі емтиханда жоғары балл жинау үшін мектепаралық, ауданаралық, облысаралық бәсеке басталады. Өз өңірінің өрендерін өрге сүйреп, білім сапасының жоғары екенін «жоғарыға» дәлелдегісі келетіндердің құлшынысы, оқуға түскісі келетін баланың ықыласынан артық болмаса кем емес.

Қызды-қыздымен олардың  заңды да белінен басып кететіндері бар. Сондықтан, біздегі ҰБТ-ға Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері да араласуға мәжбүр. Қарап отырсақ, ауызша, жазбаша сынақ алуды тастап, тестілеу деген жаңа жүйеге көшкелі тура 12 жыл болыпты. Сол 12 жылдықта бірде-бір шара тыныш өтпепті.

Үнемі байбалам, ылғи дау-дамай. Кім баласына жамандық тілейді, бәріде ұл-қызының қатар-құрбысының алды болғанын қалайды.  Жоғары оқу орнында білім алса деп армандайды.

Ал, мынау ҰБТ дегеніміз - сол арманды жүзеге асыратын, немесе күл-паршасын шығаратын құдіретке ие. Кейбіреудің бағы жанады, енді бірінің жолы кесіледі. Тіпті, ақша үшін арланбай, қыздың киімін киіп, емтиханға кірмек боп ұсталған ессіз жігіттер де бар.

Биылғы тестілеуге 120 мыңдай мектеп бітіруші қатысты. Әнеу жылдардағыдай, өрімдей қыздарды жалаңаш шешіндіріп қойып, тексеру секілді өрескелдіктер болмады. Дегенмен, дайын жауаптарды тарату, рация мен қалта телефондарын алып кіру оқиғалары әлі де бар, дейді ашынғандар.

Әсем Изатқызы, тілші:

Мектепке осыдан 11 жыл бұрын тарыдай болып кірген 120 мыңға жуық бала таудай болып шықты. Биыл Ұлттық бірыңғай тестке оның 88 мыңдайы қатысамын, деп тілек білдірген. Яғни, 71 пайызы.

Емтиханды еш алаңсыз тапсыру үшін республика бойынша 165 пункт сынақ қабылдап жатыр. Қоса кетейін, ұлттық тест енгізілгелі 11 жыл болды. 11 жылда 1 миллион 422 мың бала бағын сынап көрді.

Мыңды жылатқан, мыңды жұбатқан, мыңды құлатқан, мыңды шулатқан ҰБТ. Атынан қазір бар оқушы үркиді. Үркуге себеп те бар. Тәуір баға алмаса сын. Әуелі өзіне.

Толғанай Насихатқызы, талапкер:

11 жыл оқыған білімімізді көрсетіп, мұғалімдердің үмітін ақтап, жақсы балл алатынымызға сенімдімін. 

Насихат Нұқайұлы, ата-ана:

«Жүйріктен жүйрік озар, жарысқанда, білімдіден білімді озар, сайысқанда», дейді, «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей әрқайсысымыз тұмарлап, бір- бір тұлпарды бәйгеге қосып, соның бәйгелі болуын күтіп отырмыз.

Тәуекел Елеуқазинқызы, мұғалім:

Мен алғашқы ұстаздарымын. Астананың төрінде бастаған бірінші түлектерім. Сол себепті, олар маған ыстық. Жүрегіме жақын. Сол себепті шығар қобалжуым басым  болғаны.

Бірақ, елдің ертеңі делінетіндердің дегбірі қашпауы керек.  Емтиханның алғашқы күні. 2 маусым. Республика бойынша 18889 түлек тест тапсырды. Елорда. Еуразия Ұлттық университеті. Жүректері алып-ұшқан жастарға бас мұғалім бестік тіледі.

 Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Биыл қатысатын балалардың саны 70 пайыздан жоғары. Мен барлық ата-аналарға, оқушыларға сәттілік тілеймін. Ұлттық бірыңғай тестілеуді жақсы тапсырып шығуларына ниеттеспін.

3,5 сағат отырып, кей оқушы үмітті ақтады, кейбірі көңілді қалдырды. Сонымен, қорытынды былай.

Республика бойынша 3409 оқушы 100-ден жоғары балл алған. Ал, 3478 оқушы шекті деңгейдегі 50 балл жинай алмаған.

ҰБТ барысында тест тапсырушылардан 3727 ұялы телефонмен, 3894 шпаргалка, 83 калькулятор мен 3 фотоаппарат, 5 рация алынған. Сөйтіп, алғашқы күні 27 түлек тестілеу талаптарын бұзғандықтан ҰБТ-дан шығарылған.

Ал Тараздың тартымды қызы 11 жыл оқыды, оқығанды ықыласпен көңіліне тоқыды. Сөйтіп, 125 ұпай жинады. Ыбырайша айтқанда, «шамнан шырақ жағылды, тілегені алдынан іздемей-ақ табылды». Енді ол қалаған оқу орнына түседі. №45 Бауыржан Момышұлы атындағы классикалық гимназия оқушысы Гүлнәз Ердосова дәрігер болады.

Гүлнәз Ердосова, талапкер, 125 балл иегері:

Дайындық кезінде 123-125 балл алып жүрдім. Сол кезде сенім пайда болды. 125 балл аламын, деген. Ең бірінші ата-анамның үмітін ақтағым келді. ҰБТ-да ойланатын, логикалық сұрақтар болды. Бірақ, кітап оқығанның, мұғалімдердің берген білімінің арқасында сұрақтарға жауап бере алдым.

Біреу үшін мерекелі болған күн, бәзбіреулер үшін берекелі болмады. Алматы облысында тест тапсыруға 18 оқушының орнына бөтен адамдар кірмек болған. Ұрлық түбі – қорлық. Айлакерлердің арам ойы іске аспады.

Қали Әбдиев, ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры:

Әрекеттің болғаны рас. Әрбір кірген адам өзі сондай қызмет көрсетуге ниет білдіріп, ақша жинаған. Сондықтан, бұл жерде қылмыс бар. ҰҚК хабарламасында, 2500-3000 доллар деп жазылған. Әрине, аз емес.

Таң сәріден жиналған жұрт, кіруге кезек күткен көп талапкер, оларды тағатсыздана күткен ата-ана. Мұнымен емес, емтиханның екінші күні өзгеше есте қалады. Әлеуметтік желіні ұлардай шулатты мына жігіт. Ол бір талапкер қыздың орнына тест тапсыруға кірген.

Жаға ұстарлық жағдай Жетісай қаласында болған. Тотыша түрленіп, сыланып алған жігітті комиссия тестке кірер алдында-ақ байқапты. Сүйіктісі ме,  әлде танысына ма жәрдем бергісі келген Жәрдемов Аянға 400 мың теңгедей айыппұл салынды. Ал талапкер қыз биыл сынақтан аластатылды.

Қали Әбдиев, ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры:

Қыз бала болып киінген жайт ұлттық тестілеу орталығы тарихында осымен екінші рет болып отыр. Біраз жыл бұрын болған оқиғада ол бала аудиториясында ұсталған. Себебі сұрақ қойғанда өз дауысымен қойып, байқамай, аудиториядан шығарылған. Биылғы оқиға екінші рет.

Үміт пен күдік. Біліміне емес, көмекке сенгендер екінші күні де сан соғып қалды.   Ұзын саны тыйым салынған 8682 зат анықталды. 4402 ұялы телефон, 4036 шпаргалка, 153 калькулятор, 5 фотоаппарат, 3 рация, тағысын тағы. Тіпті смарт-сағаттар да болған. Бағы мен бабын сынаған 18177 баланың 17,7 пайызы 100 балдан артық жинаса, 7 оқушының емтихан нәтижелері жойылды.

Ал, астаналық ару Риана Мұстафина үшін сәрсенбі сәтті болды. Қоржынында 125 ұпай. Ол да Гүлназ секілді ақ желеңді абзал жан боламын, дейді.

Кемедегінің жаны бір. Әке-шешенің үкілеген үміті – баласы. Вице-премьер Б.Сапарбаев сынақ басталмас бұрын Астанадағы тестілеу пунктерінің бірі Қазақ агротехникалық университетіне арнайы барды. Ата-анамен жүздесті, түлектермен кездесті. Сәттілік тілеу үшін.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Сіздерге айтарым – еш қобалжымаңыздар. Сәттілік тілейміз! Барлығызы да ата-анамыз. Балаларымыздың жақсы білім алып, ҰБТ-ны жақсы тапсырып, азамат болғанын тілейміз.

Расында сәттілік жолдас болды. Бір емес, екі қыз жоғары балды еншіледі. Білімдінің біреуі Батыстан, екіншісі Оңтүстіктен. Ал тест тапсырған түлектің 3992-сі сүрінді. Сөйтіп, ҰБТ-ның орташа балы – 79.5-ке теңелді.

Төртінші күн. Төмен көрсеткіш көрсеткен 13 мың бала жоғары оқу орнына түсе алмайды. Ал, ең жоғары балл жинаған төрт  үздік қыздың қатарына тағы бір қыз қосылды. Ол – Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы Анастасия Яковлева. 

Сандарды былай қойып, ҰБТ енгізілген биылғы жаңалықтарды да айта кетейік. Біріншіден,

Қали Әбдиев, ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры:

Биылғы жылдың ерекшеліктерінің бірі - 12 жылдық экспериментке енген мектептердің түлектері бірінші рет қатысып отыр. Олардың қорытындысын шығару әлі ертерек. Шамамен 350 оқушы қатысты. Екінші ерекшелік, нәтижені хабарлау кезінде, оның дұрыс екендігін 3 күн ішінде көз жеткізіп отырмыз, себебі біз мына пункттің алдындағы тақтаға адамның аты-жөнін жазбаймыз, ол жердле тек ЖСН көрсетіп отырмыз. Бұл дербес мәліметтерді қорғау заңына сәйкес келеді.

Үшінші жаңалық, бұл жылы 20 мыңнан аса жаңа сұрақ енгізілді. Келеңсіз тапсырмалар жоқ. Және дәл биылдан бастап он бір жыл 5-ке оқыған оқушы, емтиханнан үш алып қалса, аттестатқа 3 түспейді.

5-пен 3-ті қосып, ортақ баға қорытылады. Сандар да сан өзгерер. Ыбырайдан қалған тағы бір тәмсілді ұмытпайық. «Оқымаған жүреді, қараңғыны қармалап».

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу