«Бөрілі байрақ астында, бөгеліп көрген жан – емен. Бөрідей жортып кеткенде, бөлініп қалған жан – емен», депті Сүйінбай Аронұлы. Желбіреген Туының жығылмауын тілеген, ұлтының ұлылығына бас иген ұлдың сөзі еді бұл.
Байрақты бекер айтпадық, осы бейсенбі біздің жұрт Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтті. 1992 жылы маусымның 4 күні азат қазақтың жаңа Мемлекеттік рәміздері бекітілген еді.
Туымыз бен Елтаңбамызды, асқақ Әнұранымызды әспеттеу биыл да еліміздің қиыр-қиырында жалғасты. Елордада мәселен, «Менің Қазақстаным – менің Астанам!» атты жастар патриоттық акциясы өтті.
Руһ берер зор шара «Мәңгілік ел» салтанат қақпасынан басталып, көк байрақты желбіреткен мерекелік автошеру қала көшелерімен жүріп өтті. Қызылжарлықтар да қалыспады. Алдымен, Ұлттық ұлан сарбаздары Мемлекеттік рәміздерді салтанатпен төрге шығарды.
Мейрамға орай, еңбегімен ерекшеленген азаматтар құрметтелді. Талдықорғандағы мейрам флешмобтан басталды. Шара шеңберінде жас мамандар мемлекеттік қызметкер антын қабылдады.
Өскемен де «Менің – Туым! Менің – Елтаңбам! Менің – Әнұраным!» деп ұрандатты. Еңбекқор азаматтар құрметке бөленді. Ал, зауыттарда бұл күн бір-біріне көк байрақ табыстаумен жалғасты.
Ақтаудағы мереке күніне жастар белсене атсалысты. Олардың қатарында жасөспірімдер спортының дамуына үлес қосқан өрендер де бар.
Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ