Оңтүстік өңірде «100 нақты қадам» қалай жүзеге асып жатыр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік өңірде «100 нақты қадам» қалай жүзеге асып жатыр?

07.06.2015
Оңтүстік өңірде «100 нақты қадам» қалай жүзеге асып жатыр?

Елбасы ұсынған 5 институционалды реформа мемлекетті нығайтып, Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына енуге жетелейді. Ал, әлемдік нарыққа енгеннен кейін елімізде бәсекеге қабілетті кәсіпкерлік өкілдерінің белсенді болуы, «Қазақстанда жасалған» деген тауар таңбасы бар өнімнің көптеп шығуы шарт.

Шағын және орта кәсібі өрге домалаған оңтүстік өңірде жаз маусымы басталғалы  құрылыс та қарқын алды. Бұл  біріншіден, инфрақұрылымды дамытуға септеседі, екіншіден, жаңа жұмыс орындары пайда болады.

Қазір Қазақстан «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасының  екінші кезеңіне аяқ басты. Бірінші бес жылдық сәтті жүзеге асып, өңдеу өнеркәсібінің салалары өз жемісін берді.

Олар металлургия, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, химия және құрылыс саласы. Енді соңғысына сәл кідірсек. «100 нақты қадам» қарқын алғалы, бұл саланың салмағы артты.

Оңтүстіктегі құрылысы қызған аймақтағы жұмысқа жұмылдырылған азаматтардың 30 пайызы жергілікті тұрғындар. Бұдан бөлек, Құрылыс басқармасы жастар саясатымен арада арнайы меморандум түзіп,  студенттердің көмегін пайдалануда. Демек әр азамат, әр жанұя үшін мүмкіндіктер көкжиегі кеңейді.

Ермек Қыдыров, Құрылыс басқармасының басшысы:

Бұл бұрыннан жүріп келе жатқан тіршілік. Елбасы мұны арнайы құжат етіп алдымызға әкеліп отыр. Біздің елдің қарыштап дамып, алда келе жатқанымыз да осының арқасы. Құдай қаласа, 30 елдің қатарына 100 қадам аттап жетейін, деп отырмыз.

Болат Сламбеков – темір-бетон өнімдерін  шығаратын зауытта істейді. Оның қолынан шыққан құрылыс материалдары  «Батыс-Еуропа-Батыс  Қытай» көлік дәлізін салуда қолданыс табуда. Отандық өнім өзімізді ғана емес, алыс-жақын шетелді де қамтуға қауқарлы.

Болат Сламбеков, жұмысшы:

Мен өзімді бақытты санаймын. Себебі, менің қолымнан шығып жатқан мына бұйымдарды зәулім және маңызы бар құрылысқа тұтынып жатқанын көргенде, өзімнің отандық өндірісті жандандырып жатқаныма сенімді боламын.

«АРТ құрылыс» ЖШС-ның құрамдас  бөлігі - бұл кәсіпорын  темір-бетон бұйымдарының 120-ға жуық түрін өндіреді. Шикізат қоры да  жергілікті  жерден. Тек  қуаттылығы мықты құрылғылар ғана шеттен тасымалданады. Испанияның ең үздік аппараттары өндіріс орнындағы инновацияның игілігіне  жарады.

Ұлықбек Қарабаев, зауыт директорының  орынбасары:

Елбасының дағдарысқа қарамай, кәсіпорындағы жұмысшыларды қысқартпау мәселесі қатаң сақталған. Бізде ешкім қысқартуға түскен емес. Кәсіпорынды дамытуға үлес қосып жатырмыз. Жағдайымыз жақсы.

Реформаға жетелейтін 100 қадамның тең жартысы ел кәсіпкерлерінің еншісінде. Қазақстан 2050 жылға дейін ЖІӨ көлемін 50 пайызға көтеруді көздеп отыр. Бүгінде күнгейлі аймақ кәсіпкерлерінің саны 128 мыңды жуықтап қалды.

Оңтүстіктің кәсіпорындарына қаржы құямын, деген инвесторлар қатары да артып келеді. Оларды «100 қадам» ұлттық жоспарындағы нақты бағдарламалар қызықтырады.

Бұл ретте, негізінен құрылыс, туризм салаларында үздік тәжірибесі бар стратегиялық инвесторларды  тартуға ден қойылмақ. Ал, өңірдегі  жол-көлік инфрақұрылымы мен сүт және ет өндірісін дамыту бағытында бірқатар шаралар қолға алынбақшы.

Бауыржан Омарбеков, Кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы:

Облыс деңгейінде алдағы уақытта қарқынды жұмыс жасаймыз, бірқатарын бастап та кеттік.  Оңтүстік индустриалды аймағында 71 жоба іске асырылуда. Аудандарда елуге жуық жоба бар.

Елбасы ұсынған 5 институционалды реформа - ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуді де басшылыққа алған. Жуырда облыс әкімдігі жанынан «Оңтүстік ақпарат» орталығы ашылды. Онда барлық сала басшылары атқарған жұмыстары жөніндегі кезең-кезеңімен есеп беріп тұрады.

Берік Құрманғали, Ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы:

90-шы қадамда айтылған ақпараттық қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында бүгінде күнде бір мекеме келіп, атқарған жұмыстарын айтып жатыр.

Ия, ел дамуына екпін беретін – «100 нақты қадам» ұлттық жоспары барлық құрылымға қан жүгіртті. Қазір әрбір азаматта кеудесін кернеген мақтаныш пен болашаққа деген бек сенім бар. Елбасы айтқан, әлеумет әлеуетін жақсартатын  100 қадамның маңызы осы болса керек.

Гүлсара ТҰРАРБЕК 

Хабарламаларға жазылу