Маңғыстауда «Ақтау-Антитеррор-2015» республикалық терроризмге қарсы жедел-тактикалық оқу-жаттығуы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда «Ақтау-Антитеррор-2015» республикалық терроризмге қарсы жедел-тактикалық оқу-жаттығуы өтті

31.05.2015
Маңғыстауда «Ақтау-Антитеррор-2015» республикалық терроризмге қарсы жедел-тактикалық оқу-жаттығуы өтті

Негізі Қарулы Күштердің қал-қауқары террорлық әрекеттер кезінде байқалады. Қазір анау Гренландия мен Антарктиданы есепке алмағанда, жиһанда терроризм қаупі төніп тұрмаған аймақ жоқ. Бізде де террористік деп танылып, Қазақстан территориясындағы қызметіне тыйым салынған халықаралық ұйымдар бар.

Біле жүріңіз. 1. «Әл-Каеда», 2. «Шығыс Түркістан ислам партиясы», 3. «Күрд халықтық конгресі», 4. «Өзбекстан ислам қозғалысы»; 5. «Әсбат-әл-Ансар»;  6. «Мұсылман бауырлары»; 7. «Талибан» қозғалысы»; 8. «Боз Кұрт»; 9. «Орталық Азия моджахедтер жамағаты»; 10. «Лашқар-и-Тәйба»; 11. «Әлеуметтік реформалар қоғамы». Кейіннен «Хизб-ут-Тахрир-әл-ислами», «Аум Синрике» және Шығыс Түркістанды азат ету ұйымы ұйымдарының қызметіне де тыйым салынды.

Осындай бүлікшілер мен баскесерлерге біздің аса сақтықпен қарағанымыз және күштік құрылымдардың әркез бабында болғаны абзал. Мәселен, осы аптада Маңғыстауда «Ақтау-Антитеррор-2015» республикалық терроризмге қарсы жедел-тактикалық оқу-жаттығуы өтті.

Мұндай шара елде бұрын-соңды  болмаған деседі. Тәртіп күшті, талап қатаң. Мамандарға құрлықта, теңізде және адам көп шоғырланған ғимарат ішінде төнген қауіптерді сейілту міндеті жүктеліпті.

Жаттығу желісі күрделі. Шетелден ағылған жүздеген босқын Маңғыстаудағы шекарадан өтіп жатыр. Ұрымтал сәтті пайдаланған 30 лаңкес те сау етіп, ішке қарай енген.

Мұздай қаруланған қаскөйлер біршама аумақты жүріп өтіп, Қарақияндағы ескі ғимаратты паналайды. Шартты түрде аталған бұл  жер Ақтаудан 30 шақырым алыс. Әскери полигонда лаңгестерді құрықтау операциясы тартысты өтті. Қазақстандық әскерилер бар күшін салды. Техникалар да мықты.

Терроршылар бекінген жерге арнайы қызмет лезде жетіп, үйді жан-жақтан қоршауға алды. Санаулы минутта  лаңкестер бейтараптандырылды.

Нұртай Әбіқаев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы:

Тұңғыш рет терроризмге қарсы күрес орталығы мен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау штабы бірлесіп ауқымды шара өткізіп жатырмыз. Еліміздің мемлекеттік органдары, арнайы қызмет пен құқық қорғаушылар, әскери қызметкерлер де тізе қосты. Оқу-жаттығу үдеден шығуда.

Одан әрі жаттығу Ақтау теңіз портында өтті. Мамандарға мұнай тиелген кемелерді басып алған лаңкестерді құрықтау міндеті қойылды. Кемеге моторлы қайықтармен жүйткіп жеткен сүңгуірлер судан соққы берсе, әуеден тікұшақпен шабуыл жасалды. Екінші кемеге өрт қойған терроршылар да құрықталды. Жалын шарпыған су көлігі сөндірілді. Кеме экипажы дін-аман босатылды.

Оқу-жаттығудың соңы Каспий мемлекеттік университетінің ғимаратында өтті. Арнайы қызмет оқытушылар мен студенттерді кепілге алған содырлардың жолын кесті.

Жазира Әбіл, тілші:

«Антитеррор-2015» жедел тактикалық жаттығуы екі күн бойы өтіп жатыр. Оған түрлі күштік құрылымнан 3 мың адам қатысуда. Жаттығуға қарапайым көліктен бастап, жойқын қаруларға дейін жұмылдырылған.

Мына көлік «Багги» деп аталады. Қазақстандағы заманауи техникалардың бірі. Қар, құм және мұз талғамайды. Кез-келген жерде еркін жүреді. 180 келі салмақтағы жүктерді таси алады.

Мұндай шаралар қауіптің алдын алуға, іс-қимыл дағдыларын пысықтауға мүмкіндік береді,-дейді мамандар.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы:

Атап айтсақ, елімізде терроризмге қарсы орталық және терроризмге қарсы комиссиялар әрбір облыста, әрбір ауданда жұмыс істеп жатыр. Сондықтан да, қазіргі жаттығулар түрлі органдар арасында ықпалдастықты нығайтуға, соған бағытталып отыр.

Бұл шараны ұйымдастыру үшін Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі, Қорғаныс министрлігі, Инвестициялар және даму министрлігі мен Маңғыстау облысы әкімдігі күш біріктірді. 

Алик Айдарбаев, облыс әкімі:

Бұл шаралар екі күн ішінде жоғары деңгейде өтті, деп айтуға болады. Мен мүмкіндікті пайдаланып, қатысқан барлық органдарға, олардың басшыларына алғыс айтамын.

Техникасы мен тәжірибесі тең түскен шара осылайша жоғары деңгейде өтті. Әскери оқу-жаттығуға атсалысқан еліміздің барлық күш құрылымы марапаттан кенде қалмады.

Маусым айында Астанада өтетін терроризмге қарсы күреске бағытталған халықаралық конференция осының заңды жалғасы болмақ. Мұнан өзге қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ-ның бас ассамблеясы саммитінің тақырыбы да терроризмге арналады.

Алпауыт елдердің өзін алаңдатқан қауіптің алдын алу, қай кезде болмасын сақадай сай отыру біздің ел үшін де артық болмасы анық.

Жазира ӘБІЛ

Хабарламаларға жазылу