Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ТМД ұйымына мүше елдердің премьер-министрлері Кеңесіне қатысты
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бурабайда ТМД ұйымына мүше елдердің премьер-министрлері Кеңесіне қатысты. Жиынға 7 премьер-министр келді, 3 елден вице-премьерлер және Украинадан сенімді өкіл қатысты.
«Барлық саяси қайшылықтарды бір сәтке доғарып ойлансақ, интеграцияға балама болар жолдың жоғын аңғарамыз», деді Қазақ Президенті. Интеграция ауқымы кең ұғым. Сауда-экономикалық, қаржылық, технологиялық болып тарай береді. Соның ішінде сауда-экономикалық интеграция үшін ең негізгі шарт – инфроқұрылым.
Қазақстан қарт Каспийден тартып, тұтас Сарыарқаны көктей өтіп, сонау Қытайдың Сары теңізіне дейін теміржол төседі. Бір шеті Түркіменстан-Иранды жалғап, Парсы шығанағына шығады.
Екінші басы Лянюнган портынан терминал салып, Тынық мұхитына жол ашты. «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» тасжолы тағы бар. Ұлы Жібек жолын жаңғырту да жоспарда.
Яғни, Еуропа-Ресей-Қытай секілді ірі нарықтарды жалғау ісінде біздің алып даланы алтын көпірге балауға болады. ТМД мемлекеттері үкіметтерінің басшылары ұйымға ортақ бірнеше мәселені талқылап, қажет құжаттарды бекітті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен ТМД-ның әлеуеті зор екенін үнемі айтып келемін. Үкіметтер басшыларының кездесуі, мемлекеттер басшыларының кездесуі, екіжақты, көпжақты келіссөздердің барлығы өз мағынасындағы құндылық.
Қазіргідей дағдарысты бастан өткеріп, экспорттық тауарлардың құны кетіп, жекелеген мемлекеттердің қысылтаяң шаққа килігуі – біріге қимылдап кооперациялар құруды қажет етеді.
Егер саяси оқиғалардан назарымызды басқа дүниеге аударсақ, интеграцияға ешқандай альтернатива жоқ. Бұл басы ашық мәселе. Содан да біз үнемі интеграциялық процестерге бастамашы болып келеміз.
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы